Жемқорлықпен күреске жаңа тетіктер беріледі

Жемқорлықпен күреске жаңа тетіктер беріледі

Қазақстанда жемқор­лықпен жүйелі күресті қамтамасыз ететін жаңа тетіктер өмірге жолдама алмақ. Бұл жайында Мә­жіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты. Па­лата депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бі­рінші оқылымда мақұл­дады. Нұрлан Зайроллаұлының бай­ламынша, осы құжатты қа­былдау арқылы Парламент Мем­лекет басшысының тапсырмасын толық орындайды: ағымдағы парла­менттік сессияның ашы­лымында Президент Қ.Тоқаев «сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресуге» қатысты міндеттер қойды. – Сонда екі тапсырма жүк­телді: біріншісі – жемқорлыққа қарсы сараптаманы қайта қал­пына келтіру, ал екіншісі – бірін­ші басшылардың жауап­кер­ші­лігін заң жүзінде бекіту болатын. Енді осы заң жобасы арқылы кор­­руп­цияға қарсы орган қыз­меткер­лерінің заңсыз жұмыс әдіс­тері мен арандатушы іс-қи­мылдары үшін қатаң жа­уапкер­шілік бел­гілеу туралы ел Прези­дентінің тапсырмасы жү­зеге асы­рылып отыр, – деді Мәжіліс Төрағасы. Осы орайда, депутаттар жал­ғыз «антикоррупцио­нер­лер­мен» шектелмей, барлық құқық қорғау органдары қызметкерлеріне де кез келген қылмыс түріне аран­дату әрекеттері үшін қылмыстық жаза бекітуді ұсынды. Бас про­куратураның, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гі­нің, Ішкі істер және Қаржы ми­нис­трліктерінің өкілдері бұл ұсы­нысқа келісті. Екінші оқы­лым­ға дейін аталған бастаманы жұ­мыс тобы пысықтайтын болады. Заң жобасын талқылау ба­ры­сында депутаттар көтерген тағы бір мәселе шешімін тапты: бұдан бы­лай тек квазимемлекеттік сек­тор­дың, яғни ұлттық компа­ниялар, холдингтер, Үкіметке бағынышты кә­сіпорындардың бірінші бас­шылары ғана емес, сонымен қатар олардың тендерге, ел бюджетінен қаржыланд­ы­рылатын жобаларды іске асыруға жауап беретін лауа­зымды тұл­ғалары да жемқорлық қылмысы үшін жауапқа тартылады. – Заң бұзылса, ол үшін қатаң сұрау да болатынын нақты түсіну қажет. Сыбайлас жемқорлық құ­қық бұзушылығы субъектілерінің құрамына енгізілген квази­мем­лекеттік сектордың лауазымды тұлғаларының тізімін кеңейту өте маңызды. Жалпы алғанда, бұл кор­упцияға тиімді қарсы тұру үшін қажет, – деді Мәжіліс Спикері. Нұрлан Нығматулиннің ай­туынша, осы заң жобасы – ұлттық заңнаманы жақсарту бағытындағы оң қадам. – Бүгінде арнайы заңнамалық актілерде бекітіліп отырған құ­қықтық реттеу тетіктері мен құ­рал­дары қоғам өзегіне түскен «жегіқұртпен» күреске қатысты жүйелі көзқарас барын куәлан­дырады. Парламенттік сессияның ашылуында Мемлекет басшысы тиісті міндет қойды. Депутаттық корпус пен Үкіметтің осындай бірізді әрі бірлескен жұмысы жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл бо­йын­ша барлық шараның тиім­ділігін арттырарына сенімдімін, – деді палата басшысы. Заң жобасының тағы бір жа­ңалығы бар: мемлекеттік қыз­метке немесе мемлекеттік функ­цияны орындаумен байланысты лауазымды орынға тұрудан үміт­кер адам сол ұйымда, меморганда жұмыс істейтін туыс-туғандары туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндеттеледі. Бұдан бөлек, квазисектор ұйымдарында жемқорлыққа қар­сы комплаенс-қызметтер инс­титутын енгізу ұсынылып отыр. Олар мысалы, ұлттық компанияда ар-ұждан және адалдық бойынша корпоративтік стандарттардың сақталуына жауап береді. Бұған қоса, осы заң қабылданған соң коррупциялық қылмыс туралы ақпараты бар адамдарға тек Алик Шпекбаевтың агенттігіне ғана емес, жемқорлық қылмысты анықтау және күресу құзыреті бар кез келген мемлекеттік органға жүгінуіне мүмкіндік беріледі.  

Елдос СЕНБАЙ