Туу туралы куәлігін 82 жасында алған әжей

Туу туралы куәлігін 82 жасында алған әжей

Тағдыр кейде адам баласын ойламаған қиындықтар мен күтпеген тосын дүниелерге тап қылып жатады. Өмірдің өлшемі мен мәні де осында шығар. Алайда тағдыр тауқыметін көріп, табанынан тілініп, қуғын-сүргін көргендердің бастан кешкенін естігенде бойыңды алабөтен сезім  билейді. Жамбыл облысы Тараз қаласының тұрғыны Жаннат Мұсаеваның бастан өткергені  тауқыметке толы. Депортация куәгері Жаннат әжей бүгінде сексеннің сеңгіріне шы­ғып отыр. Небір зобалаң жыл­дар­ды бастан өткерген кейуа­на­ның санасында өмірінің кейбір тұс­тары көмескіленген. Есте қал­ғандарының бірін тізбектесе, екін­шісін ұмытып қалатын жаста. Десе де, әжейдің аз әңгімесінен-ақ біз сонау жылдардағы сұрапыл сәт­терді көз алдымызға елестеттік. – Түн ортасы болатын. Біреу те­ре­зені қағып, әкемнің сыртқа шы­ғуын өтінді. Біршама уақыт өт­кеннен кейін түрі бұзылып кет­кен әкем үйге кіріп, жиналуымыз қажет екенін айтты. Уақыт тығыз болған­дықтан, анам асығыс киім-ке­шектерімізді буып-түйді. Ол кез­де баламын. Көп нәрсені тү­сін­бедім. Алайда сол бір 1944 жыл­­­­­дың күзінде Кеңестік Со­циа­лис­тік Рес­пуб­ликалар Одағы Ме­м­ле­кет­тік Қор­ғаныс комитетінің Ахыска түрік­терін Грузиядан Орта Азия мен Қа­зақстан жеріне жедел қо­ныс ау­дар­ту туралы қаулысы шық­қан екен. Бұл сталиндік қу­ғын-сүргін, күш­теп көшіру бо­ла­тын. Осы­лай­ша, өміріміз бір ме­зетте астан-кес­тен болды. Пойыз вагонында келе жатқан­да ұйықтап кетіп, оянбай қалғандар көп болды. Үлкендер мәйіттерді көр­­месін деп бетін жауып, қарат­пау­­ға тырысты. «Түсіңдер» деген бұй­рық келгенде, ең бірінші көрге­ні­міз сайын дала мен құмды өлке болды. Бұл көрініс біздің балалалық шағымызға балта шапты, – деп кейуана бір күрсінді. Негізі, Жаннатты отбасымен бір­ге әуелі Өзбекстан мемлекеті­нің Фер­ғана облысына депортация­лай­ды. Мұнда оларды қазақ ауылы бауырларына басады. Алайда сол тұста ауылдарда ұрлық-қарлық пен қа­уіпті індет белең алып жатқан­дық­тан, көп ұзамай анасы мен әкесі көз жұмады. Осылайша, Жаннатқа ерте есеюге тура келеді.   Қалың қауымның жебеуімен же­тіл­ген жауқазын өзімен тағдырлас өзбекстандық түрік жігітімен уақыт өте жұп жарастырады. Үш перзентті дүниеге әкелген Жаннат пен жол­да­сы Сабыр 1989 жылы екінші қу­ғын-сүргінді бастан кешеді. Олар енді тарихқа ақтаңдақ таңбасын қал­­дыр­ған Ферғана көтерілісінің қасі­ретіне куә болып, Қазақстанды бетке алады. Ең алдымен, Ресейдің Орел облысына эвакуацияланған Жаннат қатты сырқаттанып, 1994 жылы қайын ағасы оларды Таразға кө­шіреді. 2004 жылы жолдасы өмір­ден озады. Негізі, Ұлы Отан соғысы жыл­да­рында КСРО Түркия фашистік Гер­мания жағына өтіп, өздеріне қарсы соғыс ашады деп қауіптенген екен. Сондықтан Грузияның оңтүс­ті­гіндегі түріктердің барлығын күш­теп қоныс аудартқан. Міне, содан бері қуғын-сүргінде жүрген әжейдің бү­гінге дейін туу туралы куәлігі де бол­маған. – Жаннат әжейдің осы таңға де­йін ешбір құжаты болмаған. Өйт­­кені олар тұрған аумақтарда ауыл кеңестері паспорттың орнына анық­тама қағазын жазып бере бер­ген. Содан ешкім туу туралы куә­лігін сұрамағандықтан, әжей де мән бермеген. Алайда 2016 жылы Жаннат апаның көршілері оның еш құжаты жоқ екенін айтып, об­лыс­тық Қазақстан халқы Ассам­блея­сына жүгінді. Өңірлік Ассамблея хатшылығы­ның меңгерушісі Маржан Қожаева­мен келісе отырып, ең алдымен әжей­дің жасын анықтау үшін сот-ме­дициналық сараптамадан өт­кіз­дік. Одан кейін туу туралы куәлігі берілді. Бұдан кейін көші-қон құжаттарын реттеу үшін Грузия, Ресей, Өзбекстан мемлекеттеріне барып, олардың «ешқандай құжат бермегенбіз» деген қолхатын ал­дым. Осылайша, екі жылдың ішінде жү­гіріп жүріп, Жаннат апайға зей­нет­а­қы тағайындап бердік, – дейді «Ахыс­қа» түрік этномәдени бір­лес­тігі жанындағы ақсақалдар кеңе­сі­нің төрағасы Ибрагим Зуфаров. Иә, тағдырын іздей, үмітін үз­бей сексен жылдан аса өмірін тау­қы­­­метпен өткізген әжей бүгінде Жам­был жерін жер жәннаты деп біледі. Үш қызын қазақы салтпен тәрбиелеп, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп отыр. Оның бар арманы өзі көр­генін кейінгі ұрпағы көрме­се екен деген тілек. Алла кейуаны­мыз­дың қалған өмірін қуаныш пен берекеге толтырсын.  

С.САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы