Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіруді қысқартуды бастайды. Екі айдың ішінде мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуды қарастыратын ОПЕК+ келісімі аясында Қазақстан тәулігіне 390 мың баррельге азайтуға міндеттеме алды.
Қазақстанның Энергетика министрлігі мамыр-маусымда мұнай өндіру қысқартылатын кен орындары анықталған қаулының жобасын әзірледі. Әлемде және Қазақстанда мұнайға сұраныстың төмендеуі аясында мұнай қорларының едәуір профицитінің болуына байланысты биылғы жылдың екінші тоқсанында мұнай сақтау орындарының толып кету және қазақстандық кен орындарының апаттық тоқтау қаупі туындайды.
«Осыған байланысты министрлік мамыр-маусым айларында мұнай өндіру шектелетін бірқатар учаскелердің тізбесімен бірге «Көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі операцияларды және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға уақытша шектеулер енгізу туралы» үкімет қаулысының жобасын әзірледі», – делінген хабарламада. Мұнай өндірісі орташа, ірі және алып кен орындарында шектеледі. Sputniknews.kz жазуынша, жер қойнауы тізбесіне шағын және ұсақ кен орындары кірмеген. Өйткені бұл жерлерде экономикалық факторларға байланысты өндіріс өзі-ақ төмендейді деп күтілуде.