Қайтадан жұмыс істей бастаған ХҚКО-ларда қандай шектеулер бар?

Қайтадан жұмыс істей бастаған ХҚКО-ларда қандай шектеулер бар?

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының хабарлауынша, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын қайта бастады. Атап айтқанда, елордада Мәңгілік ел, 30 мекенжайында ашылған жалғыз ғана ХҚКО шағын және орта бизнес субъектілеріне ғана қызмет көрсететін болады. Онымен қоса, кәсіпкерлер әкімдіктің алдын ала ұсынған тізімі бойынша қабылданады. Олар бизнесті жүргізумен байланысты қызметтерді, соның ішінде жылжымайтын/жылжымалы мүлікті кепілге қою шартын және оның қосымшасын тіркеу қызметтерін ала алады. Сондай-ақ астанада жұмысын бастаған бір Мамандандырылған ХҚКО тек автокөлік салондарына қызмет көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы ұсыну үшін «Азаматтарға арналған үкімет» кәсіпкерлерге құжаттардың толық пакетін алдын ала әзірлеп, ұсынуды сұрайды. ХҚКО-лардың жұмыс кестесі - 09:00-ден 17:00-ге дейін. 4 мамырдан ХҚКО-лар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ашылды. Олар да тек шағын және орта бизнеске қызмет көрсететі. Ал Орал, Қарағанды және Ақтау қалаларында жеке тұлғалар үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын жандандырды. «Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты, онда тек онлайн түрде қолжетімсіз қызметтер бойынша қызмет алуға болады. Бұл ретте электронды үкімет порталы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы кезек уақыты алдын ала брондалуы тиіс. Дегенмен, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі жандар электронды қызметтерді ХҚКО-дан ала алады. Фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Сондай-ақ олар да ХҚКО-ға баратын уақытын алдын ала брондауы керек» делінген ақпаратта.