Қан кешкен майдангер

Қан кешкен майдангер

Брест түбінде шоғырланған 125-атқыштар полкінің кей­бір сарбаздары 1941 жылы 22 маусым күні таңғы 10-да қа­тынайтын жүрдек по­йыз­ға отырып, еліне қайтуды жос­пар­лап отырған еді. Олар өзде­рі­нің әскери міндетін адал ат­қа­­рып, уақыт-сағаты жет­кен­де демоби­ли­за­ция­ланып, ауылына аттануы тиіс болатын. Алайда таңғы шабуыл барлық жоспарды тас-талқан етті. Фашистік Германияның Кеңес Одағына жасаған шабуылының алғашқы соққыларының бірі – Брест қамалына тиді. Германияның 45-ші жаяу әскер дивизиясы Батыс Беларусь жеріне лап қойды. Айға жуық арпалысқан Кеңес әскері Брест түбінде үлкен шығын көрді. Себебі жағдайдың бұлайша өрбуіне олар дайын емес еді. Брест маңында мыңдаған Кеңес әскері мерт болса, басқалары тұтқынға түсті. Олардың арасында қазақ жерінен аттанған жауынгерлер де бар-тұғын. Әбдіразақ Мәмиевтің соқпаққа толы ғұмырына қарап, ел тарихына үңілуге болады. Қазан төңкерісі, ашар­шылық, репрессия, әскерге ша­қырылу, Ұлы Отан соғысы, со­ғыстан кейінгі жылдар. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деп бекер айтпаса керек. Осынша тар жол, тайғақ кешуден өтіп, аман қалу – екінің бірінің пешенесіне жа­зыл­маған тағдыр. Тек соғыста көр­ген қиын­шылығының өзі бір төбе. Ол 1917 жылы дүниеге келді, ал 1937 жылы Түрген педагогикалық учи­лищесін үздік бітірді. Білім орда­сынан қанат қаққаннан кейін Алматы облысының Жамбыл ау­да­­­нындағы мектепте ұстаздық етті. Келер жылы өзінің әскери міндетін Брест қамалында атқарды. Ол тұтқиылдан басталған неміс ин­тер­венциясына қарсы алғаш болып күрескендердің бірі болды. Жалпы, Брестті қорғаған 7 мың жауын­гердің мыңға жуығы Қазақ­стан өкілдері еді. Бұл деректі ресейлік ғалымдар растап отыр. Тарих ғылымдарының док­торы Ләйла Ахметова оның 632-сін дәл анықтаған. Өкінішке қарай, олардың ешбірі де медаль, ор­ден­дермен марапатталмаған. Қиын-қыстау кезеңде оған уақыт та, мүм­кіндік те жоқ еді. Құрамында Әбдіразақ Мәмиев те болған 125-атқыштар полкін қа­зақ немесе алматылық полк деп те атай­ды. Себебі онда қару ұстаған қазақ­стандықтар көп еді. Соның бірі мерген Мәмиев болатын. Оның 4-ші ротасы майданның алдыңғы шебінде соғысты. Оны кейін табылған құжат­тар растады. Ол 1941 жылы 125-атқыштар пол­кінің 2 батальоны, 4-ротасының 3-взводында мерген болып әскери қызметін өтеді. 1941 жылғы 22 мау­сым күні сағат 10:00-де олардың әскери бөлімшесі демобилизация жасауға дайындалған, алайда кетуге үлгермеді. Таңғы сағат 04:00-де соғыс басталып, оның бөлімшесі Брест қамалын қорғауға қалды. Жауынгерлерді снарядтар мен мотор үні оятты. Алғашында есеңгіреп, көп өтпей есін жиғандар қолына қару алып, қорғанысқа көшті. Ко­­ман­дир Ландышев бастаған бө­лім­ше жаудың бетін қайтару үшін қамалдың дуалына аттанды. Бом­былау күні бойы толастаған жоқ. Мерген Мәмиев өзгелермен бірге сол дуалдан оқ атты. Фашистердің мотоциклшілер колоннасы қамалға басып кіруге тырысып бақты. Уақыт өткен сайын жаудың қарасы көбейе бер­ді. Кеңес әскерінің шығыны артты.   Осы ұрыста Мәмиев жаралан­ға­нына қарамастан, жауған оқ­тың астында жүріп, гранат жарық­ша­сынан жарақат алған өзінің ко­ман­дирі Григорий Ландышевті алып шы­ғады. Ландышев тұтқынға тү­су­ден қорқып, өзін атып тастауды сұ­райды. Бірақ Мәмиев одан бас тартады. Көрер жарығы бар екен. Жа­раланса да аман қалған Лан­ды­­шев кейін ұзақ өмір сүріп, 1984 жы­лы дүниеден өтті. Ол өзінің есте­лік­терінде болған жайтты былай си­пат­тайды: «...фашистер бізді ұстап тұра алмады, жауынгерлер ерлікпен күресті. Немістерді жақындатпадық. Себебі гранаталар жеткілікті еді. Алайда қалаға жақындағанда қоян-қолтық ұрысқа көштік. Кейін «Отан үшін!» деп ұрандатып, қалаға лап бердік. Қалада қозғалу жеңіл болды. Немістердің алдыңғы шебіндегі күштер қалада тұрақтамады, тыл әскері әлі келіп үлгермеді. Көшелерді мотоциклшілер патрульдеп жүр еді. Біз оларды айналып өттік....» Соғыстың алғашқы күні осылай жү­ріп жатты. Жауынгерлерге қамал­дан шығып, Песчаная төбешігіне жету тапсырылды. Ол жерге сарбаз­дар­дың тек жартысы жете алды. Осы ұрыста жараланған Мәмиев мыңдаған Кеңес сарбаздарымен бірге тұтқынға түсіп, Польшадағы «Бе­лоподлязка» (Stalag 07) неміс конц­лагеріне айдалды. Ол сан жыл­дар өткен соң лагерьдегі күндерін бы­лай еске алады. «...фашистер ке­­ңес сарбаздарын себепсіз өлтіре берді. Лагерьде жалғыз құдық бар еді. Ол жерден белгілі уақытта ғана су тартуға рұқсат берді. Үлгере ал­ма­ғандарды атып тастап отырды. Арнайы орға күніне 100-ге жуық мәйіт көмді». Әбдіразақ Мәмиев концлагерьде жылға жуық болады. Бірде тұтқындарды отын әкелу үшін орманға жібереді. Қарауылдап тұрған неміс әскеріне поляк пар­ти­­­зандары шабуыл жасап, азатты­ғы­нан айырылған жандарды боса­та­ды. Осылайша, Мәмиев поляк партизандарының көмегімен бос­тан­дыққа шығып, олармен бірге бір жылдай фашистерге қарсы күреседі. Қазақ жерінен аттанған сарбаз 1943 жылы Қызыл Армия қатарына қайта қосылады. Кейін ол 3-ші майданның әскерлер құрамында Украинаны азат етуге қатысты. 1944 жылдың қазан айында Одесса үшін болған ұрыста ауыр жарақат алады. Тбилиси қаласындағы әс­ке­ри госпитальда оның қатты за­қым­далған оң аяғы емделеді. Алай­да дәрігерлер аяғын кесуге мәж­бүр болады. 1944 жылғы қараша айын­да Әбдіразақ Мәмиев Алматы облы­сындағы туған ауылына оралады. Соғыстан кейін ол өзінің педа­­го­гикалық қызметін қайта жал­ғас­тырды. 1951 жылдан бастап Алматы облысындағы Қызыләскер бас­тауыш мектебінің директоры бо­лып еңбек етті. Бүгінде бұл бі­лім ордасы Әбдіразақ Мәмиев атындағы негізгі орта мектеп деп аталады. Ардагердің еңбегі еленіп, бірнеше марапатқа ие болды. Украинаны азат етуге қатысқаны үшін 1975 жылы 30 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қы­зыл Жұлдыз» ордені тапсы­рыл­ды. Сондай-ақ «КСРО Қарулы Күшіне 50 жыл», «Ұлы Отан соғысының Же­­ңісіне жиыр­ма жыл», «Ұлы Отан соғысы­ның Жеңісіне отыз жыл», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен марапатталды. Қан майданды өткерген ардагер 1977 жы­лы өмірден өтті. Бүгінде от кешкен ардагерлер туралы түрлі туындылар шығуда. Оларды ғаламтордан табу қиын емес. Тарихшы Ләйла Ахметованың пі­кірінше, қолына қару алған ата­ларымызды ұлықтаймыз деп талай тарихи фактілер бұрмаланып, қол­дан аңыз жасау ісі жиі байқалады екен. Бұл салада маңыздысы – ар­хив, құжат, естелік, сол кездегі газет ма­қалаларымен сауатты жұмыс іс­тей білу. Тіпті, Кеңес кезеңіндегі мақалаларға да сақ болған жөн. Себебі олардың көпшілігі сол уа­қыт­та үгіт-насихат мақсатында жа­зылған. Шындыққа сай келмеуі мүм­­­кін. Яғни, нақты деректерді табу аса ма­ңызды. Мәскеуде Брест қамалы музе­йінде Әбдіразақ Мәмиевтің суреті сақталған. Онда «Ерекше көз түскен, командирді құтқарған» деген жазу бар. Осындай ерлік көрсетсе де, соғыстан кейін ол туралы тіс жармай өткен оғландар аз емес еді. Сұрапыл соғысты еске алу қиын. Оған қоса, өздері оны ерлік деп санамады. Сын сәтінде жауынгерлік міндетті атқар­дым деп ойлады. Алайда соғыста қан кешкен жауынгерлердің батырлығы кейінгі ұрпақтың мәңгілік ісінде. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды...  

Әлихан ИСМАН