Петропавл қаласы әкімдігінің қызметкерлері сотталды

Петропавл қаласы әкімдігінің қызметкерлері сотталды

Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері сыбайластарымен бірге сотталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құқықтық жұмыс және мемлекеттік сатып алу секторының меңгерушісі Б. Өмірсетоваға, мекеменің құқықтық жұмыс және мемлекеттік сатып алу секторының инспекторы Ж. Есетоваға, сондай-ақ Б. Өмірсетованың жолдасы және Ж. Есетованың бірге тұратын адамына қатысты сотқа дейінгі тергеуды аяқтады. Тергеу кезінде аталған тұлғалардың мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататын тұрғын үйлерді иеленгені анықталған. Олар тұрғын үйлерді таныс-туғандарына ресімдей отырып, жаңа үйлердегі 9 тұрғын үйді заңсыз алған. Бұдан мемлекетке 96 млн теңгені залал келді. 
17 мамырда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының  аппеляциалық соты Б. Өмірсетова мен Ж. Есетованың мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл бас бостандығынан айырды. Олардың сыбайлас қатысушылары – Б.Өмірсетованың жолдасы мен Ж.Есетованың бірге тұратын адамының мүлкін тәркілей отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді.