Қайраткер

Қайраткер

«Біз соғысты көрген жоқпыз, Естідік, Соғыстан соң туғандармыз, Етек жауып, ес біліп. Соғыс үні жетім болып, жесір боп, Тұратындай әлі бізге естіліп…» – деп ақын жырлағандай, соғыстан соң туған ұрпақ Ұлы Жеңіс сыйлаған бейбіт күнде дүниеге келсе де, ел басындағы қасірет табын көзбен көріп, көңілмен ұғынып өсті. Сұм соғыс жалмаған әкелері мен ағаларының орнын тезірек басып, есеңгіреген елін тезірек ес жиғызам деп, ертерек есейген олар қара басынан гөрі жұрттың қамын көбірек жейтін, қиындыққа қайыспайтын, қайсар, мақсатшыл, ізденімпаз болып жетілді. Жастайынан еңбекке араласып, қара жұмыс көрігінде шыңдалды. Сөйтіп жүріп білім алды. Бүкіл өмірін, бар күш-жігерін халқына қызмет етуге арнады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Тәуелсіздік тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты» деп еді.Елбасымен бірге елімізді тәуелсіздікке жеткізген азамат ағаларымыздың арасында біздің әріптесіміз әрі ақылшы ағамыз, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов ерекше орын алады. * * * Жалпы, Қуаныш Сұлтанұлының өмірі мен қызметі жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Біз де бұрыннан белгілі мән-жайларды қайтадан теріп, қайта тізбелеп жатуды мақсат тұтпадық. Тек қана ағамыздың бойындағы өзімізді тәнті еткен бірнеше қырын өз білгенімізше баяндап берсек деп едік. Ол кісі, ең алдымен, өз ойын жұртқа ұғынықты тілмен жеткізе алатын, әдеби стилді де, ресми стилді де шебер меңгерген саясаткер. Мұның сыры ағамыздың ұлтымыздың алтын бесігі саналатын ауылда туып, бала кезден халқымыздың бай мұрасы – «Батырлар жырынан» басталатын әдебиет үлгілеріне қанығып өскенінде болса керек. Жас күнінен жанына жақын тұтқан қара сөзге деген құмарлық оны қаламгерлер ортасына жетелейді. Мектепті бітіре сала баспаханаға баспагер-жұмысшы болып орналасып, жазу өнерінің қыр-сырын үйренеді, журналист ретінде жетіле түседі. Аудандық газеттерде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі бола жүріп, көпшілікке өзекті мәселелерді арқау еткен өткір мақалаларымен танылады. Қаламының күшімен халықтың көкейіндегісін дәл тауып жүрген жігерлі жас басшылықтың назарына ілініп, комсомол қызметіне шақырылады. Сол дәуірде жас кадрлардың шынайы шеберханасы саналатын комсомол қызметі Қуаныш Сұлтанұлының ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, қоғам тынысын, әсіресе жастар ортасын түсінуге  баулыған, алды-артын аңғарып, таразы басын тең ұстайтын, болашағын болжай білетін саясаткер етіп тәрбиелеген мектеп болды. Басында бір ауданның жастар ұйымына жетекшілік еткен жас маман білімділігі мен біліктілігінің арқасында билік басқышымен біртіндеп өрлеп, облыстық, кейіннен республикалық комсомол ұйымының тізгінін ұстайды. Қай жерде де өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындап, істің көзін дәл тауып, көпшілікті ұйымдастыра білетін, байыпты, жауапты, бастамашыл басшы ретінде танылады. 36 жасында Орталық партия комитетінің сынына сай келіп, Мәдениет бөлімінің меңгерушісі болуы біраз нәрсені аңғартса керек.Реті келгенде айта кетейік, сексенінші жылдары қазақ өнері мен мәдениетінің өрлеуінде Қуаныш Сұлтанұлының өз қолтаңбасы бар. Кеңес өкіметі тұсында ұлт мүддесін қорғау оңай шаруа емес-ті. Ұлт кадрларының талай жерде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», билікке де ыңғайлы, халқына да қолайлы жол табуына тура келетін. Кейде сол үшін таяқ жеп, теперіш көретін кездер де болып тұратын. Дегенмен, мұның бәрі Қуаныш ағамыздың қабілет-қарымын ұштап, тәжірибесі мол, кемел саясаткер деңгейіне жеткізді. Еліміз егемендік алып, жаңа мемлекет құрудай күрделі тұста Қуаныш Сұлтанұлы Елбасымыз сенім артып, зор міндет жүктеген серіктерінің бірі болды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерінде ұлттық ақпарат саласының қалыптасып, дамуына, сондай-ақ әлеуметтік саланың ұлттық сипат алуына еңбек етіп келеді Алты жыл Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болу Қуаныш Сұлтанұлының қызмет жолындағы ерекше кезең болды десек асыра айтқан болмас едік. Бұл еліміздің шекарасын шегендеп, заңдастыру бойынша күрделі келіссөздер жүргізілген аса маңызды кез еді. Қытаймен арадағы бір мың сегіз жүз шақырымға жуық шекараның әрбір кезі дәйекті дәлелмен, дипломатиялық шеберлік танытуды талап етті. Өйткені екі елдің ынтымақтастығына қылау түсірмей, қолайлы келісімге қол жеткізу қажет еді. Қуаныш Сұлтанұлы сол кезде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың түпкі мақсатқа жету үшін қаншама терең біліктілік пен білімділігіне сүйеніп ұтымды келіссөздер жүргізгенін өте қызғылықты баяндайды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні Қазақстан бүкілаумағы анық, шекарасы бүтін, ешкіммен жер дауы жоқ мемлекет болып отыр. Әрине, екі ел басшыларының келіссөздерін ұйымдастырып, өткізу оңай міндет емес. Оның үстіне сол жердегі қандастарымыз да өз тағдырына қатысты мәселеде Елшіге ерекше үміт артады. Қуаныш Сұлтанұлы бұл қызметте де өзін қай жағдайда да тіл табысып, ымыраға келе алатын, өз елінің мақсат-мүддесін табанды түрде қорғайтын Елші ретінде танытты. Қуаныш Сұлтанұлы Парламент депутаты қызметіндегі ел өмірінің түрлі саласын реттейтін талай заңдарды талқылауға белсене атсалысып, қоғамды толғантқан түйткілдердің оңынан шешілуіне мұрындық болып келеді. Тығырықты сәттерде ел мүддесіне орай оңтайлы шешім ұсына білетін тәжірибелі әріптесіміз, бәрімізге жанашыр, ақылшы ағамыз болып отыр. Қазіргі таңда Қазақ университеті мен Қоғамдық ғылымдар академиясының түлегі, саяси ғылымдар докторы, профессор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қ. Сұлтанов саяси-қоғамдық тақырыпта жазылған 10 кітап пен 200-ден астам мақаланың авторы. Өмірлік серігі Бекеш Дәулетбаққызымен бірге тәрбиелеп-өсірген ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған үлкен әулеттің бас иесі, отағасы. Елге сіңірген еңбегі үшін әр жылдары Еңбек Қызыл Ту, «Парасат», ІІ-дәрежелі Барыс ордендерімен, 12 медальмен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» «Қазақстанның құрметті журналисі» және басқа да құрметті атақтарға ие болды. * * * Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы! Осыдан тұп-тура 75 жыл бұрын жабырқау көңілді жадыратып, халықты шаттыққа бөлегенЖеңіс күні тойланған тұста дүниеге келген Сізді сол ұлы оқиғаның құрметіне«Қуаныш» деп атаған екен. Сіздің содан бергі бүкіл қызметіңіз сол сенімді ақтауға арналып келе жатыр. Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Ауырмаңыз! Алла Сізге ұзақ ғұмыр берсін!

Құрметпен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі А. Смағұлов