Бағдарламаға сәйкес кездесуде елге заманауи агротехнологияларды кеңінен тарту және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, мал шаруашылығы мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе талқыланды. Партиялық куратор Жексенбай Дүйсебаев өз кезегінде партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасында негізгі салаларды дамытудың жаңа стратегиясы ұсынылғанын, соның бірі аграрлық сектор екенін ерекше атап өтті.
Басқосуда баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров күн тәртібіндегі негізгі екі мәселеге кеңінен тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі қойылған міндеттерді қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бастап аграрлық ғылым мен білім беруді, сондай-ақ АӨК субъектілерінде білім тарату жүйесін реформалауды, оларды бизнес пен технология қажеттілігіне қайта өңдеуді бастады. Мәселен, ғылыми зерттеулер сапасын жақсарту үшін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» құрылымын қайта құрылымдау жүргізілді. Оның нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған 23 ғылыми зертеу институтының 13-і қалды. Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мен тәжірибелік өндірістік шаруашылық саны 18-ге дейін артты. Сондай-ақ 22 білім тарату орталығы құрылды, – деді А.Сейпелұлы.
Ол сондай-ақ 2018-2019 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 1,8 есеге, яғни 4,2 млрд теңгеден 7,5 млрд теңгеге дейін артқанын айта келе, барлық қабылданған және жоспарланған шара Елбасының агроөнеркәсіптік кешен алдына қойған тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылым мен білім беруді реформалауды бастады. Бұл негізінен бизнестің қажеттіліктеріне бейімделу және қолданыстағы технологияларды әлемде тарату екенін айта кеткен жөн. Зерттеулер сапасын жақсарту және ғылымның бизнес қажеттіліктеріне бағдарлануы агроөнеркәсіптік сектордағы (АҚШ, Бразилия) инновацияларды табысты қолданатын елдердің тәжірибесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Онда ғылымды қолданбалы міндеттерге және ғалымдарды мақсатты оқытуға назар аудару қажет, – дейді ол.