БҚО-да ағасын өлтірген тұрғын 11 жылға сотталды
БҚО-да ағасын өлтірген тұрғын 11 жылға сотталды
© Сурет ғаламтордан
236
оқылды
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Е.Отаровқа қатысты үкім шықты. Судья Шара Зайнуллинаның мәлім еткеніндей, іс бейнебайланыс жүйесі арқылы қаралып, Е.Отаров ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес айыпты деп танылды. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін Е.Отаров 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Сот талқысында анықталғанындай, өткен жылы 3 желтоқсан күні сағат 16.00 шамасында Е.Отаров өзінің әкесі Т.Отаров, ағасы (әкесінің інісі) А.Отаров және Т.Галбиевпен (А.Отаровтың танысы) бірге жеке тасымалдаумен айналысатын С.Ищенконың «Volksvagen Passat» автокөлігімен Переметный ауылынан Орал қаласына жолға шыққан. Сапар барысында бұрыннан алакөз болып жүрген Е.Отаров пен А.Отаров келісе алмай, бір-біріне жағымсыз сөздер айтқан. Орал қаласына жеткеннен кейін ағасының сөзіне шамданған Е.Отаров жүріп келе жатқан автокөліктің кілтін басқару жүйесінен суырып алып, сыртқа шыққан. Сосын А.Отаров отырған жолаушылар жағындағы артқы есікті ашып, ағасының сол жақ кеудесіне бір рет пышақ сұққан. А.Отаров барынша қорғанып, автокөліктен түсіп, қашып, шамамен 100 метрдей жүргеннен кейін құлап, көз жұмған. Сотта Е.Отаров кінәсін толық мойындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.