Шымкентте төбелестен 17 жастағы студент қайтыс болды

Шымкентте төбелестен 17 жастағы студент қайтыс болды

Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша,  Шымкентте төбелестен 17 жастағы жігіт қайтыс болды. «Науқасты 23.05.2020 жылы түнгі сағат 01:55-те медициналық жедел жәрдем қызметі ауыр халде жеткізген. Науқас ауыр жарақат алған. Аурухана дәрігерлері жедел түрде науқасты тиісті медициналық тексеруден өткізіп, зерттеулер жүргізді. Науқастың бас миына қан кеткені анықталды. Жедел түрде ота – декомпрессивті трепанациясы жасалды. Науқасқа алған жарақатына және жағдайының ауырлығына байланысты қажетті ем жансақтау бөлімінде көрсетілген. Оны ұзақ жолға алып шығу қауіпті болғандықтан дәрігерлер Ұлттық ғылыми орталығыны мамандарынан телемедицина арқылы кеңес алып, емдік шараларды жасады. Алайда 1 маусым, түнгі сағат 23:45-те жасөспірім көз жұмды. Комада жатқан күйі ес жимай қайтыс болды», – деді. Еске сала кетейік, қайтыс болған студенттің туыстары оны белгісіз біреулердің 22 мамырда аяусыз ұрып-соққанын айтқан еді. Студент достарымен кездесемін деп кеткен. Туысы: «Құлағы мен басынан қан кетті, саусақтарында тырнағы қалмаған. Аяусыз ұрып-соққан. Менің інім спортшы болатын. Оны 7-8 адам ұрған. Бірақ негізі одан да көп адам төбелесті. Осы іс бойынша 15 адам сот алдына келеді. Олардың төртеуі қамауға алынды дейді. Бірақ мен барлығының жауапкершілікке тартылғанын қалаймын. Жай сол жерде тұрып, төбелескендерді ажыратпағандар да жауапкершілікке тартылуы тиіс», ­– дейді. Оқиға Шымкенттің іргесіндегі Маятас ауылында болған.