Бейбіт митингіде Әблязовтің әрекетін әшкереледі
Бейбіт митингіде Әблязовтің әрекетін әшкереледі
312
оқылды

Елдің іргесіне сызат түсіруді көздейтін арамзалардың әрекетіне қарсы Nur Otan партиясының бейбіт митингі өтті.

Нұр-Сұлтан қаласында Nur Otan партиясының бейбіт митингі өтіп, халық елдің арасына іріткі салып жүрген арандатушылардың қитұрқы әрекеттеріне қарсы шеруге шықты. Қаладағы «Жерұйық» саябағына жиналған 1500-ден астам азамат тәуелсіздігіміздің тамырына балта шабатын жалған ұрандарымен елдің іргесіне сызат түсіруді көздейтін арам пиғылды Әблязов сияқты керітартпалардың әрекеттеріне қарсы өз ойлары мен пікірлерін ашық айтты.

Митингіге елдің ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтармен бірге бірқатар Парламент депутаттары және белгілі қоғам қайраткерлері де қатысты. Бейбіт шеру деп аты айтып тұрғандай, мұнда ешқандай құқықбұзушылықтар орын алмай, барлығы заң аясында жүргізілді.

Сөз бастаған белсенді қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Әблязовтің қой терісін жамылған нағыз арандатушы екеніне назар аударды.

– Жанымыз қиналып отырғанда, қой терісін жамылған Әблязов сияқтылар халықты арандатып, ортаға от салғысы келеді. Сөйтіп халықтың арасына іріткі салуда. Егер шын жаны ашыған болса, кешегі Арыс апаты кезінде қайда болды? Халықтың, елдің тұрақтылығын, берекесін алғысы келіп, судай шашқан ақшасынан зардап шеккендерге бір тиын көмек берді ме? Осы тұрған барша халықтың біреуіне болсын бір үзім нан берді ме? Берген жоқ, әрине! Сондықтан, әлеуметтік проблемаларды желеу етіп, елдің ішіне ылаң салып, халықтың шырқын бұзуға ешқашан жол бермейміз, – деді Бақытбек Смағұл.

Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев Әблязовтің нағыз ұры екенін айтты.

– Әблязов елдің триллионнан аса ақшасын ұрлады. Ол халықтың ақшасы! Оған қарсы әлемнің 12 елі бірдей қылмыстық іс қозғап отыр. Осыншама мемлекеттің бұл жалған саясаткерге қарсы қылмыстық іс қозғауы тектен-тек емес. Осы жағын ойлауымыз керек. Ұрының орны түрмеде!, – деді ол.

Ал Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев елдің арасына іріткі салып, ит болып үріп жүргендерге абай болуын ескертті.

– Біз шетелде отырып алып, еліміздің арасына лаң салып, дүрбелең туғызғысы келетіндерге жол бермейміз. Біз бәріміз бірігіп, осындайларды тоқтатуымыз керек. Отан үшін бірігу – біздің парызымыз! Біз Отанымызға кір келтірмейміз! Біз Отанымызды қорғаймыз! Сондықтан бізге қарап ит болып үріп жүргендер абай болсын, – деді Бақытжан Ертаев.

Бейбіт шеруге қатысқан белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы әйелдерін ереуіл үшін көшеге жіберіп, өздері үйде отыратын еркектерге өкпесін айтты.

– Қазақ «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» халық. Ал қазір әйелдерін көшеге жіберіп, өздері үйде отырған еркектердің тірлігі не деген сұмдық? Бұл не деген масқара! Сондықтан ер-азамат деген атқа сай әрекет етіп, әйелдеріне ие болу керек. Жақсы күнімізді жаман деп ертең көшеде тентіреп қалмайық, – деді Оразгүл Асанғазы.

Сонымен қатар ол әкелері ерте өмірден өтіп, бес баланы аналары өсіріп, жетілдіргенін айтты.

–Біз әкеден ерте қалдық. Сол кезде анам бес баласын өзі өсірді. Ел бар, ағайын бар. Соларға арқа сүйеді. Ешқашан сол кездегі аудандық партия комитетіне барып, байым өлді деп қол жайған емес, – деді Оразгүл Асанғазы.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан қаншама қанды мойнына жүктеп жатқанына шімірікпеген Әблязовтің бір сөзінде бәтуә жоқ екенін айтты.

– Әблязов Парижде түрмеден шыға салып мойындады. Оны соттаған Қазақстан емес, Еуропа. Ал оны сотқа берген Украина мен Ресей. Грузия да оған берген атағын «ондай алаяққа беретін атағымыз жоқ», деп қайтарып алды. Сол алаяқ «ақшасын төлеп, қырғыз революциясын қолдан жасаған менмін. Оны Қазақстанға әсер ету үшін әдейі істедім», деді. Сол төңкерістен қаншама адам босып кетті, қаншама қан төгілді, қаншама отбасы зарлап қалды? Сонда да осыншама қанды мойнына жүктеп жатқанына шімірікпей, «осындай революцияны мен жасаттым», деген адамның сөзіне иланып, сенуге болмайды, – деді Бекболат Тілеухан.

Сондай-ақ ол революциямен арманына жеткен ел жоқ екенін тілге тиек етіп, халықты Қазақстаннан ұрлаған ақшасын Қазақстанның қасіретіне жұмсап жатқан адамның сөзіне ермеуге шақырды.

Митингіде сөз алған тағы бір Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова Елбасының салып береген сындарлы жолын кім-көрінгеннің көзіне тәрк етпеу керектігін айтып, жастар тәрбиесін күшейту қажеттігін сөз етті.

– Жастарымызды ертең айтаққа ермей, ешкімнің қолжаулығы болмайтындай етіп тәрбиелеу әр отбасыға сын. Мен анамын! Анаға ең бірінші не керек? Бірінші, тұрақтылық керек. Балаларымыз алаңсыз өмір сүретіндей тыныштық керек. Сондықтан да тыныштығымыз бен тұрақтылығымыз үшін барлығымыздың да ер қайысатын жүкті көтеретін сәтіміз келді. Біздер бірін бірі көре алмайтын емес, бірін бірі көрмесе тұра алмайтын қазақ болуымыз керек, ағайын!, – деді депутат ханым.

Сонымен қатар бейбіт шеруде зиялы қауым өкілдері, қарапайым еңбек адамдары және белсенді жастар сөз сөйлеп, айрандай ұйып отырған еліміздің іргесін ыдырату үшін барлық қылмыстық әрекеттерге барып, ұрлаған ақшаларын халықты арандату үшін жұмсап жатқан Әблязовтің әрекетіне қарсы ойларын айтып, елді оның сөзіне сенбеуге және оған ермеуге шақырды.

Фотоларды түсірген Айтжан Мұрзанов.