Мектеп директорларының жалақысы көбейеді – Асхат Аймағамбетов

Мектеп директорларының жалақысы көбейеді – Асхат Аймағамбетов

Биылдан бастап мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары аттестациядан өтіп, еңбекақысын көбейте алады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Педагогтардың сапалық құрамын арттыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 150 мыңнан астам педагог біліктілік санатын растап, лауазымдық еңбекақысының 30-50 пайызы көлемінде үстемеақы алып жатыр», – деді. Оның айтуынша, педагогтарды аттестациялау жүйесі жетілдіріліп, білім беру ұйымдарының басшыларын да аттестациядан өткізу талабы енгізілген.

«Жалпы ол – белгілі проблеманың бірі. Қазіргі уақытта директорлардың жалақысы өте аз, жеткіліксіз. Ол үшін бірнеше шара қабылдадық. Біріншіден, биыл және келесі 4 жыл ішінде жалақының екі есе өсуі директорларға да қатысты болады. Екіншіден, директорлар мен олардың орынбасарларын аттестациядан өткізу институты енгізілді. Яғни, енді директорлар мен олардың орынбасарлары өз жұмысының тиімділігін көрсеткен жағдайда ай сайынғы жалақысына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша үстемеақы алатын болады», – деп түсіндірді А. Аймағамбетов.
Осы айдан бастап, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары осы жүйемен тест тапсыруды бастайды. «Оның нәтижесінде кей директорларды орнынан алу немесе басқа мектепке жіберу мүмкіндігі болады. Ал жақсы жұмыс істеп жатқан басшылар үстемеақы алып, әрі қарай өз жұмыстарын жалғастырады», – деді министр.