Қазақстан оқушыға 1 мың доллар жұмсаса, шетел 10-14 мың доллар шығындайды

Қазақстан оқушыға 1 мың доллар жұмсаса, шетел 10-14 мың доллар шығындайды

Білім саласындағы бітпейтін өзгерістен бәріміз шар­шадық. Балабақшадан университетке дейінгі кезеңді қамтитын бұл жүйеге тыныштық жоқ. Сонда да министр құтаймайды. Өркендеп, өрлеп кеткеніміз және шамалы. Ғылымның жайы тіптен аянышты. Инновацияға иек арту былай тұрсын, ғалымдардың тұрмысын түзей алмай отырмыз. Таяуда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым-білім саласын түбегейлі реформалау мәселесін көтерді.

Президенттің сөзінше, Қа­зақ­станда 2025 жылға дейін білім са­ласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғы­лымға бөлінетін қаражат 7 есе ұлғаяды. Өйткені қаржының аз­ды­ғынан оқушылардың білім сапасы бойынша айтарлықтай артта қал­ғанбыз. «Білім беру – экономи­ка­ның маңызды саласы. Ақшаның аз бөлінуіне себеп бар. Көрпеге қарай көсілу керек дегендей. Жағдайға қарап өмір сүру керек. Біз бір оқушыға жылына орташа есеппен 1 мың долларға жуық ақша жұм­саймыз. PISA рейтингінің онды­ғына кірген елдер 10-14 мың дол­лар шығындайды», – деді Тоқаев.

Рас, Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сүйенсек, білім беруді қаржыландыру жөнінен әлемде 125-орында екенбіз. Қазақстан бұл салаға ЖІӨ-нің 3,1 пайызын бө­ле­ді. 153 мемлекет енген тізімді көр­генде көзің ұялады. Алдымызда – Сальвадор, Гватемала, Мадагаскар, артымызда – Маврикий, Андорра секілді мешеу мемлекеттер. Әрине, шамамызға қарап шабамыз ғой. Әйткенмен, «дамыған 30 елдің қа­тары», «индустриалды-иннова­ция­лық даму» дегендей айғайлап айта­тын амбициялардың шынайы көр­сеткішпен үйлеспейтіні қиын-ақ. Енді ғылым мәселесіне үңі­ле­йік. Тағы сол Дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша Еуропада ғы­лымды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 3 пайызынан 4,5 пайы­зына дейінгі аралықта құбылса, Ресейде 1,2 пайыздан асады. Қа­зақ­станда бұл көрсеткіш 1 пайызға жетпейді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарға (Research and development) ең көп ақша бөлетін бес ел: АҚШ – 543,2 млрд доллар; Қы­тай – 260,5 млрд доллар; Жапо­ния – 156,1 млрд доллар; Герма­ния – 111,6 млрд доллар және Оңтүстік Корея – 69,7 млрд доллар. Бір мысал. Бестікті түйіндейтін Оңтүстік Корея соғыстан кейінгі аса ауыр кезеңде ЖІӨ-нің 28 па­йызын білім саласына жіберіп, таңғажайып шешім қабылдапты. Бүгін біз корейлердің қандай ке­ремет нәтижелерге қол жеткіз­ге­ні­не куәміз. Оңтүстік Кореяда емде­леміз, кореялық көлік мінеміз, электроникасын тұтынамыз. Осы орайда Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институты директорының орынбасары Алмас Найманбайдың айтқаны ойға оралады. – Оңтүстік Кореяның Донгук университетіне барғанымда оқы­тушының, ғалымның деңгейі әкім, министр, керек десеңіз, прези­дент­тің деңгейінен биік екенін бай­қа­дым. Ғалымдарға халықтың құрметі өте жоғары. Әлеуметтік жағдайы бізден он, жиырма есе жақсы десем, өтірік емес. Жас ға­лым­ның өзінде жеке кабинет бар. Түркияның Гази университетінде де болдым. Кітапханалары 24 сағат ашық. Ал Қазақстанда ғалым­дар­дың ондай мүмкіндігі жоқ, – деп еді Алмас. 2019 жылы Қазақстан ғаламдық инновация индексінде 126 елдің ішінде 79-орынды иеленіпті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда бес саты төмен көрсеткіш. Рейтингте 9 жыл қатарынан Швейцария бі­рінші орыннан түспеген. Оның не кереметі бар? Былай қарасақ, жан саны аз, жері кіп-кішкентай, қазба байлықтан жұрдай. Сөйте тұра машина жасау, электротехника, металл өңдеу салаларында орасан технологиялық табыстарға жеткен. Соның арқасында АҚШ пен ЕО-ның маңызды сауда серіктесіне, әлемдік қаржы орталығына айнал­ған. Швейцария кереметінің құ­пиясы жоқ. Бұл мемлекет ғылым мен бизнестің әріптестігін қалып­тастырып, инновация жаңалық­тарын дереу өндіріске енгізуді үйреншікті үрдіс қылған.   Президенттің отандық универ­ситеттер базасында әлемдік дең­гейдегі оқу орындарының кампу­сын ашу туралы ұсынысы да көңіл­ге қонады. Жалпы, білім-ғылымға ұмтылыс дегенде ең алдымен еске түсетіні Жапония ғой. Алаш арыс­тарынан бастап қазіргі зиялыларға дейін бәрі күншығыстағы таңға­жайып жұртқа тамсанады. Мәсе­лен, Мұхтар Әуезов «Япония» атты мақаласында жапондардың қараң­ғылықтан қалай құтылғанын ег­жей-тегжейлі баяндайды. «Япо­нияда әртүрлі өнерліге, әртүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Еуропада мол. Сол себепті олар күнбатыстан профессорлар, өнерлілерді шақы­рып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойды. Ол шарттар: Жапонияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқы­тып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері бай­қалған адамдар болса, қызмет­теріне кіргізбеді. Бұл кездері Жа­понияда жаттан келген профес­сор­лар да, өнерлілер де жоқ деуге болады» дейді ұлы жазушы. Демек, Мемлекет басшысының универ­си­теттерде кампус ашу жайлы идея­сы осы ауқымнан ауа жайылмайды. Ұлттық кеңес отырысында 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп, 114 интернат және 700-ден астам спортзал салынатыны айтылды. Жөн-ақ. Қос қолдап қолдаймыз. Тек бір нәрсені ескерейік: мектеп деген – небәрі ғимарат қана. Ма­ңыздысы – мазмұн, яғни мектепте не оқытылатыны. Шенеуніктер осы уақытқа дейін жазылған жай­ларды ескеріп, білім жүйесін түбі­рімен жаңғыртса, шикізаттан жиыл­ған бюджетті жоспарлаумен шектелмей, ақылды экономикаға негіз қалауға талпынса, рефор­ма­дан нәтиже шығатыны анық.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ