Ішкі әуетасымалы өсті

Ішкі әуетасымалы өсті

Орталық Азия елдерінің әуекомпаниялары басшыларының 2-дөңгелек үстел оты­рысы өтті. Шараға Қазақстаннан Air Astana, QAZAQ Аir мен SCAT, Қырғызстаннан AviaTraffic, Тәжікстаннан Somon Air, Әзірбайжаннан AZAL компанияларының, сондай-ақ ІАТА (Халықаралық әуе транспорты қауымдастығы) өкілдері қатысты. Қатысушылар авиация саласының дамуы, ұшқыштардың қауіпсіздігі, авиация саласындағы мәселелер, қызмет көрсету механизмін бағалау, авиаотынмен қамтамасыз ету сияқты жайттарды талқылады. ­­Дөңгелек үстелде қауіпсіздік авиация саласындағы маңызды басымдық екеніне назар ауда­рылды. Жоғары қауіпсіздік дең­гейіне жету үшін бірлесіп күш салу керегі айтылды. Бұл күні аза­маттық авиацияны дамыту, жолаушыларға қызмет көрсету жайы да сөз болды. «Алдағы 20 жылда Орталық Азия аймағындағы жолаушылар тасымалы екі есе өседі. Жолау­шылар тасымалының артуы Қа­зақстан дамуы үшін оң ықпалын тигізбек. ІАТА әуекомпаниялары мен мемлекеттер арасындағы диалогке әрқашан мүмкіндіктер қарастырады. Біз бұл саланың өсіп, дамуы үшін биліктің нарық­ты дұрыс реттеуіне көмектесе­міз», – деді Халықаралық әуе транспорты қауымдастығының аймақтық тасымал жөніндегі директоры Раймондс Грунтинс. Журналистерге арналған бас­пасөз мәслихатында жолаушылар тасымалы мәселесіне Air Astana компаниясының президенті Пи­тер Фостер де тоқталып өтті. Өт­кен жылдың қорытындысы бо­йын­ша, компания 5,05 миллион жо­лаушыны тасымалдаған. Та­сы­малдау алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда 17 пайызға өскен. Ішкі тасымалдау нарығы да 36 па­йызға өскені мәлім болып отыр. – Егер екінші жартыжылдық­ты алар болсақ, онда тасымалдау 62 пайызға өскен. Бұл өз қызме­тіміз барысында ең жоғары өсім. Мұның себебін FlyArystan лоу­кос­терін іске қосумен түсіндіруге болады. IATA әлі статистиканы жариялаған жоқ, біз қазақстан­дық нарық әлемдегі ең жоғары қар­қынмен дамып келе жатқан нарық болып танылады деген сенімдеміз», – деді П.Фостер. Дөңгелек үстелде авиаотын, оның бағасы кеңінен сөз болды. Нарықта авиаотын қолжетімділігі үшін бәсеке болуы керегі ай­тыл­ды. Бұл бағаны түсіріп, әрі қызмет көрсету сапасын арттырады. Сол себепті отын тасымалдаушылар әуекомпаниялармен тікелей келі­сім жасауы тиіс.   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ