Еңбек әділ бағалануы қажет

Еңбек әділ бағалануы қажет

Теңіз кенішінде болған оқиға қазақстандықтар мен шетелдік жұмысшылардың еңбек жағ­да­йында орасан айырмашылық болғанынан туындағаны мәлім.

Аймақ басшысы Н.Ноғаев өңірдегі ірі мұнай компаниялары мен олардың мердігерлерімен жиналыста Теңіз кенішіндегі оқиға еңбек жағдайының бар­лы­ғына бірдей болмауының сал­дарынан туындағанын, сондық­тан «Теңізшевройл» компаниясы мен мердігер мекемелер жағ­дайды түбегейлі өзгертуге күш салуы керегін атап өтті.

Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы жұмысшылар тарапы­нан еңбекақы айырмашылығы туралы шағым көптігін айтты. Жалақы, жұмысшыларды үстеме жұмыстарға тартқаны үшін тө­ленетін ақының уақыты кешік­тіріледі. Мереке, демалыс күн­дері істеген жұмыс үшін пайда­ланылмаған күндерге өтемақы төлеу уақыты бұзылады.

Жұмыс күні кестесін өздері белгілейтін деректер бар. Бұдан өзге, Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен. Бұл мәселе ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына ша­ғымдануынан кейін қалпына келген. Жұмысшылардың көп­шілігі жұмыс берушінің заңсыз әрекетін, еңбек кодексінің та­лабына сәйкессіздікті ашып айтуға қорқады. Жұмыс беруші қандай да болмасын себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Міне, осын­дай деректер бары рас.

– Күзет фирмасының өкіл­дері нысандарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бойынша тікелей қызметтік міндеттемелерін орындаудың орнына, жұмыс­шыларды қорқытумен айналыс­қаны туралы деректер бар. Ша­ғым айтқан жұмысшыдан құ­ты­лудың түрлі құйтырқы әрекетін жасаған фактілер де кездеседі. Бұл жағдайлар, әрине, адамды ашындыратын, тіпті дау-жан­жалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндеттеріңіз – осындай жағдай­лардың алдын алу, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

Оның айтуынша, қазіргі еңбек жағдайы мердігер меке­ме­лердегі жұмысшылардың көп­шілігін қанағаттандырмайды.

– Шағым өте көп, құрметті жұмыс берушілер, бұрын бұл жағдай қалыпты болып келсе, енді өзгертетін уақыт жетті. Мемлекет басшысының бірдей жұмыс істейтін мамандардың азаматтығына қарамай, бір мөл­шерде лайықты еңбекақы төлеу жөнінде тапсырмасы бар. Иә, белгілі бір қызметтік иерар­хияға келісемін, барлығын теңес­тіруге болмайды, бірақ әділдік болуы тиіс. Бір ұжымда бірдей жұ­мыс істеген екі адамның бірі – 300 доллар, екіншісі 3 000 доллар алмауы керек, адамдар көріп отыр. Көпшілігі мұны істеген жұмыстары мен көрсеткен қыз­меттеріне адал ақы алмауларымен байланыстырады. Тапсырыс бе­рушілер, ТШО, НСОС немесе басқа ірі компаниялар болсын, өз тараптарынан еңбекақыны әділ төлеп отырғандарын айта­ды, бірақ соңында бәрібір белгілі болып қалады. Жұмысшы өзінің жалақысы мен шетелдік алған жалақыны салыстырып, өзінің талабын жеткізеді,– деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.