Ауқымды әрекет алда

Ауқымды әрекет алда

– Бұл сессия Мәжіліс тари­хын­дағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл ретте елімізге, халқымызға қажетті көптеген заң қабылданды. Біраз парламенттік шара өтті. Дәл осы төртінші сес­сия кезінде Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде және Жастар жылының ашы­луында берген тапсырмалары, сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ха­лық­тың әлеуметтік аз қамтылған топтарын мемлекеттік қолдау бо­йынша бастамалары Парла­мент­тің заңшығарушылық қыз­метіне қосымша серпін берді, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Осынау ауқымды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қарал­ған және қабылданған заң жоба­лары арасында экономика мәсе­лелерін шешуге арналған құжат­тар топтамасы бар. Бұлар қата­рын­да табиғи монополиялар ту­ралы; стандарттау туралы; арнайы экономикалық және индустриал­дық аймақтар туралы; көлік мә­се­лелері туралы заң жобалары аталды.

Бұдан өзге, денсаулық сақ­тау­ға, дәрі-дәрмектің және меди­ци­налық бұйымдардың айналы­мы­на, халықты жұмыспен қамтуға қатысты әлеуметтік заң жобалары да өмірге жолдама алды. Бұған қоса, Мәжіліс тұрғын үй қаты­нас­тары, ТКШ және басқа да ма­ңыз­ды мәселелерге арнал­ған заңна­малық түзетулерді мақұлдады.

Мұның сыртында Мәжілісте 13 Үкімет сағаты, 2 парламенттік тыңдау, 14 көшпелі отырыс және 4 халықаралық конференция ұйым­­дастырылды. Палата спике­рі атап өткендей, осының бар­лы­ғы – де­путаттық корпустың ­Үкі­метпен, жауапты мемор­ган­дармен және қоғамдық ұйым­дар­мен бір­лесе атқарған жұмысының нәтижесі.

– Сессия аяқталды. Бірақ бізді алда ауыл-аймаққа сапар жасап, жұртшылықпен кездесу күтіп тұр. Осы жүздесулер барысында айты­латын ұсыныстарды біз ары қа­райғы заңшығарушылық қыз­ме­тімізде ескеруге тиіспіз. Мұндай кездесулер – жұмысымыздың ма­ңызды бөлігі саналады. Ха­лықпен сұхбаттасып отыру біз үшін өте маңызды, – деді Нұрлан Нығматулин.

Сессияжабар жалпы отырыс­та қалаулылар қолданыстағы 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзе­тулерді мақұлдап, Сенатқа жол­да­ды. Тиісті заң жобасы Мемлекет басшысының қазақстандық­тар­дың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмаларын, сон­дай-ақ «Қазақстан азаматтары­ның борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Президент Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген.

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың әлеуметтік стратегиясын одан ары сабақтастыра отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев халықтың аз қам­тыл­ған топтарын мемлекеттік қолдау бойынша бірқатар маңызды ша­раларға бастамашы болды және бұл қадам әлемдегі күрделі эко­номикалық ахуал кезінде қолға алынып отыр. Сондықтан үш­­жыл­дық бюджетке енгізген түзе­тулер бі­рінші кезекте, азамат­тардың кө­кейкесті әлеуметтік проблема­ларын шешуге, барлық әлеуметтік тапсырмаларды жет­кілікті қа­ражатпен қамтамасыз етуге ба­ғытталды, – деді Мәжіліс спикері.

Н.Нығматулин енді орталық және жергілікті органдар қиын өмірлік жағдайға тап болған, қам­қорлыққа шын мұқтаж адамдар нақты көмек алуы үшін жұ­мысты лайықты ұйымдастыруы тиіс екенін нықтады.

Осыған байланысты ол бө­лінген қаражатты тиімді пайда­ланудың маңызына екпін түсіре келе, Мәжіліс депутаттары пар­ламенттік бақылау аясында алдағы күзде осы мәселеге қайта оралуға және қол жеткізілген нәтижелерді талдауға ниеттеніп отырғанын жеткізді.

– Бәріміз, Үкімет мүшелері де, депутаттық корпус та халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Сессия аяқталғаннан кейін депутаттар өңірлерге сапарлары кезінде бұл жұмысқа белсенді атсалысуы шарт, – деп түйді Нұрлан Нығматулин.