Сарыарқаға самғау

Сарыарқаға самғау

Жасыратыны жоқ, кейде астанамыз туралы сын да айтылады. Нөсерлетіп жаңбыр жауса, көшелерінің Венецияға «пародия жасайтыны», бас қалада бедел-ажарға қатысты салтанатты шараларға көп қаржы жұмсалатыны, оның «шенеуніктер шаһарына» айналып кеткені – тере берсе толып жатыр. Сын атаулыға тиісті тұлғалар төл жауабын таба берер. Бірақ елордамыздың ел мақтанышына, рухани жаңғырудың қайнар көзіне, мемлекеттілігіміздің ұстынына айналғанын ешкім жоққа шығара алмас.

«Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп» дейді халық да­налығы. Ал көркіне ажары, сәулетіне сарайы сай жаңа астана тұрғызу – арманы асқақ, рухы биік, қуаты мол ұлттың ғана қолынан келетін жасам­паз іс.

Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласы – жай ғана әсем ғимараттардың жиын­тығы емес, ел өркендеуінің ірі шыңы.

Біз елорданы тұрғызу арқылы нарықтың парқын, дамудың қалпын ертеден біліп, ерте меңгерген талай мемлекетті қуып жеттік. Қазақ елінің астанасын дамыған елдердің жер бетінде зүбәржаттай құлпырған заманауи шаһарларымен салыстыра алатын болдық.

Бір қызық дерек бар. 2014 жыл­дан бастап, әлемдік ақпарат құ­рал­дары Астанадағы ЭКСПО-2017 бірегей көрме ке­ш­е­нінің қарқынды құрылысы жайында фильмдер, бей­несю­жет­тер түсіріп, жаһан жұрт­шы­лығына паш ете бастады. Ол те­ле­туын­дыларда елордамыз «бола­шақ­тың қаласы» деп дәріптелді, ал онда тұрғызылатын «Нұр-Әлем» – әлем­дегі дөңгелек, сфера пішін­дес жал­ғыз әрі алып ғимарат бо­латыны әң­гі­меленді. Бұл голли­вудтық сцена­ристерді де шабыт­тандырса керек.

2015 жылдың 21 мамырында голливудтық режиссер Брэд Бёрд түсірген «Болашақтағы Жер» ғы­лыми-фантастикалық көркем фильмі әлемдік прокатқа жол тар­тып, төрткүл дүниедегі кино­театрлар төріне шықты (фильмнің түпнұсқалық атауы – Tomorrowland, орысша нұсқасы «Земля будущего» деген атпен көрсетілді).

Басты рөлдерге Джордж Клу­ни, Хью Лори, Бритт Робертсон, Рэффи Кэссиди секілді атақты актерлар тар­тылған бұл фильмнің желісі «ЭКСПО»-ның жаңа тех­нологиялар идеяларымен үндесіп жатты: оған сәйкес, ғаламша­ры­мызда ХІХ ға­сыр­дың соңынан бері құпия ұйым құрған Жюль Верн, Никола Тесла, Томас Эди­сон, Густав Эйфель се­кіл­ді ғұлама өнертапқыштар кедей­ші­лік, зор­лық-зомбылық, бюрократия секілді кемшіліктерден ада жаңа әлем­нің негізін қалауға ұйғарады да, өзге өлшемде болашақтың фантас­тикалық қаласының не­гізін қалай­ды. Ондағы адамдар табиғатпен үй­лесімде өмір сүреді, тек жаңғы­ратын қуат көздерін пайдаланады, гравитацияны бас­қарып, өзге жұл­дыздарға сапар шегеді. Олардың өкілдері Жерге дүркін-дүркін сапар жасап, «Бо­лашақтағы Жердің» мұ­рат-идеал­дарына жауап беретін адам­дарды іздейді. Солардың бірі – Фрэнк есімді бала 1964 жылы Нью-Йорктегі дүниежүзілік ЭКСПО көрмесіне келіп, павильондардың бірінде төл өнертабысын ұсы­нады. Осы көрмеде оған «Бола­шақтағы Жерге» жол ашатын рұқсатнама ұсынылады.

Айта кетер жайт, режиссер мен сценарист бұл фильмде есей­ген Фрэнк Уокерді сомдайтын Джордж Клуни арқылы ғалам­ша­рымызда «парник әсері» кесірінен жер температурасының көте­ріл­генін, мұздықтар еріп, мұхит дең­гейі жоғарылағанын, салдарынан, адамзат ақырзаманға қарай дәр­менсіз жылжып бара жатқанын айтқызып, мәселе көтереді. Одан құтылу үшін жел, күн және бас­қаларынан алынатын эколо­гия­лық таза, болашақ энергиясын пайдала­нуды ұсынады. Яғни, фильм фило­со­фиясы сол кездегі Қазақстан ілгерілеткен «Болашақ энергиясы» тақырыбымен толық үндес.

Ұқсастықтар әрине, мұнымен бітпейді. Голливудтық кино­туын­дыда «Болашақ қаласының» басты нысаны, орталық элементі ретінде сфера тәрізді, шынылы алып ғима­рат таңдалған. Тиі­сінше, еліміздегі ЭКСПО жаһан­дық көрмесінің ең маңызды ны­саны – «Нұр Әлем» павильон-мұражайына егіз қозыдай ұқсас ғимарат бейнесі фильмнің өне бойында қайта-қайта көрсетіледі.

Қалай болғанда, тек қазақ емес, халықаралық қауымдастық үшін де астана – болашақ қаласы екені анық.

Сонымен бірге, шындығын айтқанда, өткен ғасырдың со­ңында, қос мыңжылдық тоғысын­да бодан­дықтан арылып, азат­тық­қа қолы жеткен қазақ елінің астанасын кө­шіру кезінде қоға­мымыз Абайша айтқанда, «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің» үлгісін паш етті деп айту қиын.

1994 жылдың 6 шілдесінде еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ел Парламентінің – Қазақстанның Жоғарғы Кеңе­сі­нің пленарлық отырысында рес­публиканың астанасын Алма­ты­дан Ақмолаға көшіруді ұсынғанда, депутаттарға «Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасын көшіру туралы» №106-XIII қаулысын қабылдату оңайға түспеген.

Осылайша, бұған дейін шыр­қау биікте Алатауды, алып тауды айнала ұшқан қазақ қыраны өріс­ті кең далаға ден қойып, Сарыарқа төсінде еркін самғауға көшті.

Бұған дейін асқар шыңнан болашаққа көз жүгіртіп, бағдарын бағамдаған Қазақстан енді таудан түсіп, кең көсіле жүретін даңғыл жолға бет түзеді.

Әрине, жаңа астана салу және оны дамыту – тек ғаламат жоба ғана емес, бұл бір тұтас эпопея. Мұнда бәрі өзінен өзі болған жоқ: ел мен Елбасы алдынан қаншама қиыншы­лық кездесті, бірақ көшбасшысына ерген, саясатына сенген халқымыз кері шегінбеді, табандылықтан тан­бады, бар күшін арнады, жетістікті жетіс­тікке жалғады.

Әріге бармай-ақ, тек кейінгі жыл­дардағы даму жолына үңілер болсақ, 2013 жылы мәселен, Аста­нада 228 әбден тозығы жет­кен, апатты тұрғын үй тіркелген екен. Сол кезде әкімдік аталған мәселені «өте күрделі, шегіне жеткен проб­лема» деп бағалады. Өйткені бұл түйткілді инвесторлар есебінен ше­шу мүмкін болмаған: сонау Цели­но­градтан қалған, бас қаланың көр­кін бұзатын ескі көп­қабатты үйлерді ысыруға шығын шығаруға құрылыс компа­ния­ларының еш­қай­сысы қызығу­шылық танытпады. Сондықтан тұр­ғын үйлердің сын көтермес жағ­дайын әрі тұрғындар қауіп­сіздігіне қатер төндіретінін ескере келе, арнайы қалалық бағ­дарлама қолға алынды. Баспана ие­леріне жаңа тұрғын үй кешенде­рінен сайма-сай көлемде пәтер ұсынылды.   

Ақыры 2019 жылғы халыққа есеп беру кездесуінде елорда әкімі айрықша бақылауда болған барлық 228 апатты үй тегісімен күресінге жіберілгенін, оларда тұрып жатқан 3,5 мыңдай отбасы жаңа пәтерлерге көшірілгенін мәлімдеді.

Бұдан өзге, 2009-2010 жылда­ры Астанада 243 «проблемалы» тұрғын үй кешенінде 41 мыңнан астам алданған үлескер болыпты. Алаяқ адамдар басқарған құры­лыс ком­па­ниялардың арбауына еріп, жыл­постарға жем болып, өмірлік қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға сонда мемлекет кө­мек қолын созды. Елбасының назар аударуы және қамқорлық танытуы арқасында бұл сала бүкіл еліміз бойынша қуатты мемле­кеттік қолдау көрді.

«Үлескерлік құрылыс менің жеке бақылауымда. Біз ведом­ствоа­ралық комиссия аясында алданған үлес­керлермен ұдайы кездесулер өткізіп тұрамыз. Рас, бұл бағытта жыл­дам болмаға­ны­мен, сенімді қоз­ғалып, мәселе­лерді шешудеміз. Қа­был­данған шаралар арқасында проб­лемалы нысандар санын ал­дың­ғы жылғы 68-ден 29-ға дейін азай­та алдық, ал бұл 10344 үлескер. Әкімдік қалған барлық нысандар бо­йын­ша жол картасын әзірледі», – деп ха­бар­лады 2019 жылғы 20 ақ­панда халыққа есеп беру кездесуінде бас қаланың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов.

Целиноград тұсында бұл қа­ла­ның құмды құйындардан көз аш­пай­тынын, әсіресе, терек түлеп, ұлпа ұшқындаған шақта, ол шаң-тозаң­мен қосылып, ты­ныс алуды мұң­ға айналдырғанын байырғы тұр­ғындар біледі. Ал Елбасы баста­масымен елорданы айнала қолдан өсірілген орман, шаһар ішіндегі жасыл желек бұған біршама тоспа болды.

Мәселен, 2010 жылы, яғни бір жыл ішінде Астанада 7 мың 700 ағаш; 9 мың 700 шаршы метр­де 65 мың бұта; 137 мың шаршы метрде 7 миллион 970 мың түп гүл отыр­ғы­зылды. 2012 жылы жа­ңадан егілген ағаштар саны – 40 мыңға, гүл са­ны – 8,6 мил­лионға жеткізілген.

Ал биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында 500 мың ағаш егілмек. Қазіргі кезде елорда ішінде және айналасында жайқалып тұрған ағаштар саны 10 миллионға жет­кен. Бұған қоса, жыл соңына дейін жаңадан 5 сквер, 2 бульвар құры­лады деп жоспарлануда. Мұның барлығы тұрғындардың тынысын ашып, денсаулығына игі әсер етері сөзсіз.

Әр қаланың даму серпінін оған құйылатын инвестиция ау­қы­мы айқындайды. Егер 2012 жы­лы Аста­на 616 миллиард теңге ин­вестиция тарта алса, 2018 жы­лы осы көрсеткіш 1 триллионнан асқан. Бұл елорда үшін тарихи рекорд саналады. Әкімдіктің дерегінше, 2019 жылы инвести­циялар ағынының артуы жал­ға­суда. Нұр-Сұлтан қаласы шетел­дік капитал үшін де тар­тымды бола түсуде: инвести­ция­ның жалпы көлемінің төрттен бірі – шетелден құйылған қаржылар.

Елорда – кәсіпкерлер қаласы болып отыр. Мұнда еліміздегі шағын және орта бизнестің ең жоғары үлесі тіркелген. Шаһар­дың жалпы өңірлік өнімінің 61%-ын шағын және орта бизнес өндіреді. Сондай-ақ бюджетке түсетін са­лықтық түсімдердің жартысынан көбін – 57%-ын немесе 604 мил­лиард теңгені солар береді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – бюджеттің доноры: 2019 жылы қала республикалық бюджетке 30 миллиард 39,5 миллион теңге беруді жоспарлауда. Яғни, елор­даны салу жобасы өзін-өзі ақтап қана қоймай, сондай-ақ ел қазынасын толтыратын игілікке айналды.

Сарыарқаның киелі аспаны астында, қазыналы қазақ жерінің кіндік тұсында, Еуразия құрлы­ғындағы 9 жолдың торабында ас­танамыздың тұрғызылуы – қа­зақ тарихындағы тамаша тағы­лым­дардың бірі әрі ұлттық киелі таңдау, болашаққа бағдарланған самғау болып есептеледі.