Үкіметтің жоспарлы түрде өткізіп жатқан жұмыссыздықты жою, тұрғын үймен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары өз нәтижесін беріп келді.
Соның бірі – елорда әкімдігінің тұрғын үй қоры 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында жалға берілетін баспана алуға құжаттар қабылдауды бастап кетті. Баспаналы болғысы келгендерге жалға берілетін тұрғын үй ретінде Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы Ковыльное, Новоишимское, Шөптікөл, Пески, Разгульное ауылдарындағы үйлерді ұсынып отыр. Баспаналардың жалпы ауданы 70-90 шаршы метрді құрайды. 5 жыл өткеннен кейін пәтерді жекешелендіруге болады, ал ай сайынғы жалдау ақысы – 7000-9000 теңге. Бұл ретте бағдарламаға қатысушылардың әрбір отбасы мүшесіне 88 375 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Бағдарламаға қатысу үшін Нұр-Сұлтанда тұрғын үйге кезекте тұру қажет, отбасында 3 және одан да көп бала болуы тиіс. Үміткерлерге талап: механизатор, электрик, токарь, құрылысшы, мал дәрігері, малшы, Камаз жүргізушісі, энергетик сынды мамандық иесі болуы тиіс. Ал егер жоғарыда аталған мамандық болмаса, тегін оқу мүмкіндігі де ұсынылады.