Қорғануды ғана ойламай, емделуге де көңіл бөлейік!
Қорғануды ғана ойламай, емделуге де көңіл бөлейік!
Фото: Интернеттен алынды
192
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дертіне дауа таппай қиналған жұртты әуреге салғандар қатаң жазаланатынын айтты. Қазір Президент тапсырмасы бойынша, құқық қорғау органдары дәрі-дәрмек бағасын заңсыз қымбат бағаға сатқандарды ұстап жатыр. «Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. Ел азаматтарын дәрі тапшылығын туғызып, дүрбелеңге салынбауға шақырамын», – деді Президент. Мамандардың айтуынша, қазір вирусқа қарсы дәрі, тыныс алдыру апараттарының көбі шетелден әкелініп жатыр. Өйткені ондай дәрі-дәрмекті өндіретін орын Қазақстанда аз. Осыған орай, отандық  фармацевтикалық фирма директорының пікірін білген едік.
Ұлтусын ЕРГЕНҚЫЗЫ, «Сұлтан» фармацевтикалық фирмасының директоры: "Біз фармацевтикалық фирмамыз. Бірақ қорғаныс құралдарын өндіреміз. Мысалы, антисептик, йод, спирт, глицерин және т.б. Дистрибьюторлық фирмалармен жұмыс істейміз. Олар дәріханаларға жеткізеді. Бағаны жыл басында белгілейміз. Доллар үш есеге көбейсе де, сол белгіленген бағаны ұстап тұрамыз. Дәрі бағасын алыпсатарлар қымбаттатуы мүмкін. Біздің вирусқа қарсы апараттар шығаруға мүмкіндігіміз бар. Осы жағына қолдау көрсетілсе, жақсы болар еді. Өйткені маман бар, технология бар. Алайда өндіріс орны болсақ та, вирусқа қарсы дәрі, апарат шығарып жатқан жоқпыз. Қазір ондай дәрі, апараттар шетелден әкелініп жатыр көбіне. Негізі, оның жасалу технологиясы бірдей. Мысалы, нан пісіретіндер ұнды зауыттан алады ғой бәрі. Отандық өндіріске көңіл бөлетін кез келді. Өзімізден де ондай дәрі-дәрмек, апарат шығаруға болады. Тек қолдау керек. Әсіресе, тіркеу мәселесіне. Өйткені осындай жұмыстарға  біраз уақыт кетеді. Осы мәселе шешілсе, ауруханаларды алдын ала дайындап, қажетті құралдармен қамтамасыз етуге болар еді. Дамыған АҚШ, Италия, Испания елдерінің өзі мұндай жағдайды күтпеді, қаншама адамынан айырылды", - деді.
Індет ауыз сала бастағанда емдеу мәселесінен гөрі «маска тағыңдар, антисептик қолданыңдар» деп қорғанысқа қатты мән беріп кеткеніміз рас. Дұрыс. Біразымыздың «ол өтірік, қолдан жасалған нәрсе» деп сенбей, бейқамдық танытып, той тойлап жүргеніміз тағы бар. Алайда масканың індеттен қорғайтынына 100 пайыз кепілдік жоқ. Құдай бетін ары қылсын дейміз, вирусты кез келген жерден жұқтырып алуыңыз мүмкін. Қалай десек те, вирусқа қарсы дәріні, апаратты алыс шетелден тасымай, өз елімізден алатын уақытқа жетсек екен!  Сонда бұлай абдырап қалмас едік...