Ауыл шаруашылығы саласында халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін цифрландыру жүріп жатқанымен, жемқорлық деректері тыйылар емес. Соңғы 4 жылда бұл салада 500-ден астам жемқорлық дерегі тіркелген. 221 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 143 адам сотталған. Азаматтар тарапынан Президент әкімшілігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне шағым көп түседі екен. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңесте белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов аталған кеңесте алдағы уақытта елдегі мал қорымдарын күтіп ұстауға бөлінген қаржының игерілу барысы тексеріліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, түрлі аурудан өлген мал жерленген қорымдарға қатысты үлкен мәселе бар екен. Соның бір мысалы, Жезқазғандағы бір қорымды тексеру кезінде көп заңбұзушылық анықталыпты. «Қақпақтар ашық, мал мен аң, бөтен адамдар қорымға емін-еркін кіріп жүр. Бұлай болмауы керек. Ол үшін мемлекет жыл сайын ақша бөліп отыр. Бұл жерде екі мәселе болуы мүмкін: ақша толық бөлінбейді немесе бөлінген ақша қорымға жетпей, қолды болады», – дейді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта агенттіктің аумақтық департаменттері қоғамдық қауымдастық өкілдерімен өңір-өңірдегі мал қорымдарына бөлінген қаржының жағдайын тексеруді бастайды.
Кеңесте малы жоқ адамдарға субсидия беру мәселесі де сөз болды. Жалған құжат жинағандарға субсидия беру тыйылмай тұр екен. Прокуратура өкілдері Шығыс Қазақстан облысында малы жоқ шаруа қожалықтарға субсидия берілгені – соның дәлелі. Субсидияға өтініш бергендер өзгенің малын өзінікі етіп көрсеткен. Бұл да қылмыс. О.Бектенов жергілікті әкімдіктер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын, Ауыл шаруашылығы министрлігін осы мәселеге назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, субсидия – мемлекет ақшасы. Ертең тергеп-тексеру басталғанда жауапкершілік мәселесі туындайды, ақшаны аударуға соңғы болып кімнің қол қойғаны да анықталады. Сондықтан мәселеге жіті қарау маңызды. Өйткені агенттік Президенттің жемқорлықпен күресте басшылардың жауапкершілігін күшейту туралы талабына орай осы норманы заңнамалық негізде бекітуді қолға алған.
«Кез келген қызметкер жемқорлық бойынша жауапқа тартылса, басшысының жауапкершілігі туралы мәселе қойылады. Біз ол үшін барлық тетікті іске қосамыз. Әр басшы өз ұжымында жемқорлықтың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Күн сайын қарамағындағы адамның қызметте де, жұмыстан тыс уақытта да немен айналысатынын біліп отыруы қажет. Ұсақ бассыздықты елемеу үлкен жемқорлыққа алып келеді. Сіз үшін мемлекеттік қызметтегі мансап жолыңыз қымбат болса, табысқа жеткіңіз келсе, қарамағыңыздағы қызметкерге ие болуыңыз керек», – дейді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «ҚазАгро» ұлттық холдингі жұмысын сынға алған болатын. Министрліктегі сыбайлас жемқорлық мәселесіне арналған кеңесте холдинг туралы да айтылды.
«Президент бұл құрылымның тиімсіздігі туралы ашық айтты. Көптеген қаржылық кемшіліктер, қаражатты тиімсіз пайдалану мәселелері көтерілді. Біз де бұл проблеманы зерттеп, айналысқанбыз. Өйткені бұл мәселе бүгін немесе биыл туындап отырған жоқ. Холдинг қызметі тұрғындарға тиімсіз ұйымдастырылған. Аграрлық несие корпорациясы несие беру және көрсетілетін қызметтер бойынша құжаттар тізімін нақты ұсынбаған. Біреуге басқа тізім ұсынса, келесі адамға мүлде бөлек тізім берген. Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары Ахметов сыбайлас жемқорлық үшін сотталды. Бұл жерде, тұтастай алғанда, холдингтің қаншалықты тиімді екенін зерттеп, тиімді ету үшін не істеу керек деген сұраққа жауап табу міндеті тұр», – деді ол.
Олжас Бектеновтің пікірінше, жемқорлық жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған мемлекеттік қызметшілер туралы видеороликтер мемқызметшілерге ой салады. Сондықтан ол ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір жемқорлық бойынша келісімге бармас бұрын өзі мен жақындары туралы ойлануға кеңес берді. «Агенттік жемқорлық үшін жазасын өтеп жатқан мемлекеттік қызметшілер туралы роликтер топтамасын ұсынады. Ол роликтерде мемлекеттік қызметшілер жазаны өтеп жатқан орындардан сұхбат беріп, бірнеше жыл үйінен алыста қалай өмір сүріп жатқанын, заңсыз әрекеттері үшін өкінетінін әңгімелейді. Жақында ішкі қауіпсіздік басқармасы сотталған қызметкеріміз туралы ролик жасады. Біз өзімізге келгенде мүлде қаталмыз. Тағы бір тергеуші Оңтүстік Қазақстан облысында 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қостанай облысында да бір қызметкер сотталды. Оның үкім оқылғаннан кейін әке-шешесімен кездескен сәті кадрға ілінді. Қарт адамдардың баласын құшақтап жылағанын көрудің өзі ауыр», – деді ол.
Министрлікте жемқорлық мәселесіне қатысты кеңес өтіп жатқанда Шымкент қаласында осы саланың бір мемлекеттік қызметкерінің үстінен пара алу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің үкімі жария болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекция басқармасының міндетін атқарушы И.Нақыпбеков үй жануарларының ветеринарлық сертификаттарын беру үшін 120 мың теңге көлемінде пара алып ұсталған-ды. Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 30 шілде күнгі үкімімен оған 3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотталушы айыппұлды үкім заңдық күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде төлемесе, жазасы бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылады. Сотталушы енді өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды.