Коронавирус 2.0: Үкімет үдемелі қимылға кірісті

Коронавирус 2.0: Үкімет үдемелі қимылға кірісті

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында ел Президентінің 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тап­сыр­маларын орындаудың жаңа ша­ралары пысықталды. – Қатаң карантин шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Аурудың таралу қарқыны тұрақтала бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпиде­мио­логиялық ахуалды одан әрі тұ­рақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы 2 аптаға, 20 шіл­­деден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап отырмыз!, – деді Үкімет бас­шысы. Ол халықты карантин талап­тарын қатаң сақтауға ша­қырды және орталық мемор­гандар мен әкімдіктерге осы үшін қажетті барлық шара­ларды іске асыруды тапсырды. А.Маминнің сендіруінше, елде дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар, әрі ол үнемі толық­тырылып отырады. Тек меди­каменттерді дәріхана желілері мен ауруханаларға нақты бөлу ісі ақсап жатпауы керек. Атырау және Маңғыстау облыстарында індет жағдайын тұрақтандыру үшін тиісінше 102 және 56 жоғары білікті маман аттанады.  

Әлеуметтік қолдау артады

– Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сай шектеу шаралары кезеңінде табысынан айырыл­ған­дарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Ол ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде 1 айға, шілдеге төленеді. Төлем төлеу карантин шараларының күшейтілуіне байланысты қызметі шектелген жұмыс берушілердің, жеке кә­сіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың өтініші не­гізінде жүргізіледі, – деді А.Мамин. Үкімет басшысы төтенше жағдай ке­зіндегідей, азаматтардың жеке­леген санаттарына (бұл – 1 миллион­нан астам адам) азық-түлік өнімдерін сатып алуы үшін ақшалай көмек беруді жалғастыруды жүктеді. Ол кө­мек осының алдында 50 мың теңгені құраған. Бұдан бөлек, 2020 жылғы үшінші тоқсанға – шілде, тамыз және қыр­күйек айларына атаулы әлеуметтік көмек қолда бар деректер негізінде 128 мыңға жуық отбасыға алдын ала, проактивті түрде тағайындалады. Яғни, оларға құжат жинаудың қажеті болмайды. Сондай-ақ мүгедектігін қайта куәландыру мерзімі карантин кезеңіне тап келген шамамен 30 мың адамның мүгедектік мерзімі 3 айға автоматты түрде ұзартылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетовтің айтуынша, шектеу шарала­рының енгізілуіне байланысты жа­лақы төленбейтін демалыста жүрген немесе табысын жоғалтқан жұмыс істейтін азаматтарға да Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан осы біржолғы төлем төленеді. Министр төлем тағайындауға өті­нішті жалақысыз демалысқа жі­берілген жалдамалы қызметкерлер үшін жұмыс берушілер; қызметі шектелген жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушы аза­мат­тар өз бетінше бере алатынын ха­барлады. «Қазіргі уақытта біздің министр­лік біржолғы төлемді жүзеге асыру қағидаларын әзірлеуде. Жұма күні азаматтардың өтініш беруге мүм­кіндігі пайда болады деп үміттенеміз. Ал алдағы дүйсенбіден бастап тө­лемдерді тағайындауға кірісуді жос­парлап отырмыз. Сондай-ақ біз жекелеген санаттағы азаматтар үшін проактивті форматта төлем тағайын­дау мүмкіндігін қарастырамыз», – деді Біржан Нұрымбетов. Еңбекминінің басшысы бей­ресми өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дарға осы төлемге өтініш беру үшін БЖТ-ны қайта төлеу міндетті емесін ескертті.  

Мектеп есіктері жабық қалады

Қазіргі кезде Қазақстанда ко­ронавирус инфекциясына шал­дыққан 62 мыңға жуық адам тір­келген, оның ішінде 1 700-ден астамы – балалар. ДСМ басшысы А.Цойдың айтуынша, карантин кезеңінде инфекцияны таратудағы балалардың рөлі төмендеді, себебі балабақша, мектеп, колледж секілді ұйымдасқан ұжымдар жабылды. Жазғы лагерьлер ашылмады. Әйтсе де, ұлт денсаулығына жауапты ме­морган алдағы «Білім күнінен» қауіптеніпті. Министрдің айтуынша, мектептерде дәстүрлі күндіз оқыту қайта басталса, бұл балалар арасында індеттің өршуіне соқтыруы мүмкін. Кесел жұқтырған жас ұрпақ әрі қарай КВИ-ді мектептен тыс жерлерге жайып жіберуі ықтимал екен. Сал­дарынан, қоғамда инфекция таратушы жаңа буын пайда болмақ. – Инфекция таратуға ұйым­дасқан ұжымдар аса бейім. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жыл сайын ӨРВИ және тұмаумен ауырғандардың жалпы санында 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 70%-ға дейін барады. Оқушылар арасында өткір респираторлық инфекциямен ауыру күзгі-қысқы маусымдарда ушыға­ты­нын және коронавирус індетінің эпидемиологиялық ахуалы қолайсыз екенін ескерсек, алдағы жаңа оқу жылының І тоқсанында орта білім ұйымдарының барлық сыныбын қашықтан оқытқан жөн деп санаймыз, – деді Алексей Цой. Сөйтіп, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынуымен Үкімет Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне, барлық әкімдіктерге 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылының бірінші тоқ­санында орта білім беру ұйым­дарының қашықтан оқытуға дайын­дығын қамтамасыз ету тапсырылды.  

«Кезекші» сынып қалай жұмыс істейді?

Дегенмен егер ата-аналар тегіс қолдаса, кейбір сыныптар сабағын мектепте оқуы мүмкін: «Қажет бол­ған жағдайда және бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының жазбаша өтініші болса, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, «кезекші» сынып­тардың жұмысы қамтамасыз етілетін болады», – деді Премьер-Министр. Қазақстан мектептерінде «ке­зекші» сыныптарды құру идеясын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұсынды. Ол министр­ліктің жаңа оқу жылында білім беру процесін ұйымдастыруға дайындық жұмыстарын әкімдіктермен бірге белсенді жүргізіп жатқанын айтты. Ауылдарда санаулы оқушысы ғана бар шағын жинақты мектептер дәстүрлі түрде оқыта беретіні белгілі болды. Өзге мектептің барлығы қашықтан білім беруін жалғастырады. «Алайда бастауыш сынып оқу­шыларының ата-аналары өтініш біл­дірсе және барлық қажетті жағ­дайлар болса, «кезекші» сынып­тардың ашылуына мүмкіндік береміз. Бұл төменгі сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты. Балалар бір кабинетте оқитын бо­лады. Санитарлық қауіпсіздік талап­тары барынша қамтамасыз етіледі. Әр сынып үшін үзіліс әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Кіре­берісте барлық шәкірттің қызуы өлшенеді. Терезелер ашылып, бөлме ұдайы желдетіледі. Кварцтеу, сумен жуу жүргізіледі», – деді А.Аймағамбетов. «Кезекші» топтарда балалар саны 10-15-тен аспауы керек. Сыныпта одан көп бала болса, оқушылар қо­салқы топтарға, ауысымға бөлінеді, немесе мектепке өз кезегімен әртүрлі күнде келеді. Олар бір-бірінен алшақ­татылып, бір партаға бір бала­дан жайғасады. Пәндердің үлкен бөлігі бәрібір дистанциялық режимде өткізіледі. Осының алдында «қашықтан оқытуға байланысты шәкірттердің каникулы өзгереді екен» деген қаңқу сөз желдей есті. – Оқу жылын бастау туралы бұйрық әзірледік. Онда каникулдар мерзімі анықталған. Олар бұрын­ғыдай, өзгеріссіз қалды. Қашықтан оқығанына қарамастан жасөскіндер қатты шаршайды. Демек, уақытында дұрыс демалуы маңызды. Сондықтан каникулдарға қатысты ешқандай өзгеріс жоқ, – деді БҒМ басшысы.  

Экономиканы қорғау күшейеді

Премьер-Министр әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы жағдайына халық пен бизнесті қолдау бойынша қосымша іс-қимыл жос­парын дайындауды тапсырды. Бұл ретте бюджет қаражатын тиімді жұмсап, инфляция деңгейін 8-8,5% деңгейінде ұстауды қарастыратын жаңа ақша-несие саясаты жүр­гізілмек. Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрлігіне әкім­дермен және «Атамекенмен» бір­лесіп, тауарларды сатып алу және құ­рылыс жұмыстарын жүргізу ке­зінде жергілікті мазмұн үлесін ұл­ғайту, әсіресе өңдеу өнеркәсібі жо­баларын іске асыруға баса мән беру жүктелді. – Ауыл шаруашылығы министр­лігіне осы апта соңына дейін Жер ре­фор­масы жөніндегі комиссия құру туралы шешім жобасын енгізуді тап­сырамын! Комиссия жер ресурс­та­рын одан әрі пайдалану бойынша нақ­­ты ұсыныстар дайындауы қажет, – деді Асқар Мамин. Ол өзінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа Қызылорда облысының әлеуметтік-экономи­калық дамуының көкейкесті мәсе­лелерін пысықтап, 2 аптада тиісті шешім жобасын енгізуге тапсырма берді. Әкімдерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасын» тиімді іске асыру және уақытша емес, тұрақты жұмыс орындары санын ұлғайту жүктелді. Үкімет басшысы Мемлекет бас­шысы қойған міндеттердің барлығы нақты орындалуы тиіс деді: «Әрбір басшы олардың іске асы­рылуына басымен жауапты болады», – деді А.Мамин.  

Әкімдердің COVID-19 рейтингі қандай?

Енді жергілікті биліктің пан­демия кезіндегі еңбегі мен іс-қи­мылының тиімділігі жеке баға­ланады. Қазақстанда 61 755 адамның коронавирусқа душар болғаны тіркелді: 25 448 адам ем-дом алуда, 35 911 емделіп шықты. Көз жұмғандар саны – 396 адам. COVID-19 таралуы тәулігіне 1 700-1 800 адам деңгейінде «тұрақталыпты». Жағдайды тезірек жақсарту үшін әкімқаралардың тірлігіне, осы бағытта өңірлерде жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігіне 17 көр­сеткіш бойынша күн сайын мони­торинг жүргізу басталды. Ол 17-ге тағы 4 индикаторды қосу туралы шешім қабылданыпты. Мысалы, бұдан былай аймақ басшыларының «БАҚ-пен жұмыс арқылы әлеуметтік кернеуді жоюға, тұрғындардың теріс көзқарасын өзгертуге», «тұрғын­дардың шағымдарын уақытылы өң­деп, дер кезінде жауап қайтаруға» қан­шалықты қауқарлы екені тек­серіледі. Мұның сыртында, басқа 2 ин­дикатор «дәрі-дәрмектердің болуына мониторинг жүргізу бойын­ша жұмысты» және «медицина ұйым­дарының өтінімдеріне «СК-Фар­мация» бірыңғай дистрибьюторының жұмысын» көрсетеді. Сонымен, көшбасшылар да анықталды, бұлар – Құмар Ақсақалов басқаратын СҚО және Даниал Ахметов тізгінін ұстаған ШҚО. – Рейтингке сәйкес, 1-орынды 2 облыс – Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары иеленді: бұл өңірлерде нысаналы 17 индикатордың 9-ына қол жеткізілді. Рейтингте 2-орында – 5 облыс және Шымкент қаласы, оларда 8 инди­катор орындалды. 3-орында – 3 об­лыс және Алматы қаласы: бұлар 7 индикаторда же­тіс­тікке жетті. Соңғы орында – Атырау облысы, мұнда 17 индикатордың тек 5-і орындалған, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.  

ӨЖЖ аппараттары елде құрастырылады

Өңірлердегі пандемияға қатысты біраз мәселенің шешімін табуы әкімге емес, негізінен ДСМ-ның өзіне бай­ла­нысты. Мәселен, ел маманға зәру. – Бүгінде COVID-19 індетімен кү­реске 46 мыңнан аса маман жұмыл­дырылған. Өңірлерде эпиде­мио­лог­тер, инфекционистер, анестезиолог-реаниматологтер және пульмо­но­логтердің жетіспеушілігі байқалады. Министрлік КВИ-мен күрес аясында үлкен сұранысқа ие мамандықтар бойынша түлектерді: 88 жас анестезиологті, 26 инфекционисті және 7 пульмонологті өңірлерге таратты, – деді А.Цой. Сонымен қатар кадрлар тап­шылығы түйткілінің түйінін тарқату үшін отандық медициналық ЖОО-лар 2 084 маман мен волонтерді қайта оқытқан: олар студенттермен бірге індетке қарсы шараларға тартылып жатыр. Коронавирус жұқтырған ауыр сырқаттарды емдеумен тікелей ай­налысатын медицина қызмет­керлеріне ғана үстемеақы төленуде. Қазақстандағы инфекциялық және провизорлық ауруханаларда жалпы саны 966 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты бар кө­рінеді. Реанимациялық төсек-орын­дар саны – 1 553. Сырқаттар саны 62 мыңға жуықтаған ел үшін бұл – тым аз. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының болжамынша, елімізде тағы 6 365 реанимациялық төсек-орын қажет болмақ, оларды жабдықтау үшін қосымша 4 093 ӨЖЖ стационарлық аппаратын сатып алу керек. – 4 093 аппаратқа қажеттілікті былай өтеу ұсынылады: Дүниежүзілік банктің займын үнемдеуден қалған қаражат есебінен 5,5 млрд теңгеге 460 аппарат, әкімдіктердің жергілікті бюджеттерінің резервтері аясында 4,9 млрд теңгеге 409 ӨЖЖ аппаратын алу жоспарлануда. Бірақ бұл қосымша қажеттіліктің 10%-ын ғана қамтиды. Елімізде жақында ӨЖЖ аппараттарын өндіретін кәсіпорын ашылады. Ол іске қосылса, Үкімет резервінен бөлінетін 38,7 миллиард теңгеге 3 мыңнан астам аппаратты отандық өндірушіден сатып алу ұсынылады, – деп түйді А.Цой. Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігінің мәліметінше, тамыз айынан бастап ӨЖЖ аппаратының өнеркәсіптік өндірісі жолға қойылады, оның 595 аппараттан тұратын алғашқы пар­тиясы денсаулық сақтау ұйымдарына жедел жөнелтілуі тиіс.  

Айхан ШӘРІП