Академиялық театрдан да шу шыққан-ды
Естеріңізде болса, ақпан айында Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы да Мемлекет басшысына хат жазған еді. Олар театрдың директорының орнынан кетпегенін қалап, Президенттен көмек сұраған. Хатта: «1 жылға жуық қызмет атқарған Сәбит Әбдімүтәліпұлы Әбдіхалықовты лауазымынан босатады деген әрекеттер Сізге хат жазуға мәжбүрлеп отыр. Директорды қандай себеппен лауазымнан алып тастайтыны белгісіз. Тағайындалатын жаңа директордың қандай себеппен қойылып жатқаны да бізге беймәлім. Директордың денсаулығына байланысты лауазымынан босату туралы арызы мәжбүрлі түрде жасалған деп есептейміз. Ұжымның көкейін мазалаған осы сұрақтарға жауап алу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлі Ақтоты Райымқұловаға хат жолдадық», – делінген. Сонда режиссер Алма Кәкішева: «Біреуді сынап, біреуді мінеу емес – басты мәселе. Коллективтің өнерге болсын деген құрметінен туындап отырған дүние. Біз директорды өзіміз сайламаймыз. Оны тағайындап, әкеліп отырғызады. Кезінде Сәбит Әбдіхалықовты басшы ретінде әкеліп таныстырғанда көпшілігіміз «тосырқай» қарағанымыз да рас. Осы театрда өміріміз өтіп келе жатқан соң, қанша басшының ауысқанын көрдік қой. Кейбіреулер директордан тұлға іздейді. Директордың тұлға болуы шарт емес. Директордың өзіне тән нақты міндеті бар: ол – менеджерлік», – деген еді. Шығармашылық ұжым көбіне директордың бойында менеджерлік қасиет басым болғанын қалайды. Ол шығармашылық адамының емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Амал не, ұжым Президентке хат жазып, көмек сұрағанымен, көп ұзамай театр директоры Сәбит Әбдіхалықов денсаулығына байланысты «өз еркімен» жұмыстан кеткен-ді. Ұжымның наразылығы неден туындады? Әр басшы келген сайын жаңа реформалар болатыны белгілі. Актер қауым осындай ретті-ретсіз «реформалардан» шаршаған болуы керек. Амал не, ұжымның талап-тілегі ескерілген жоқ.Директорды ауыстыра бергеннен ұтамыз ба?
Әбдіхалықов іскер басшы болса, оның жұмыс істей беруіне не кедергі еді? Шын мәнінде, оның денсаулығындағы «кінәрат» жұмыстан кетуге себеп болды ма? Білуімізше, бұл мәселелердің астарында мүлдем басқа нәрсе жатыр. Яғни экс-министр мен жаңа министрдің көзқарасы бір-біріне «қайшы» келген сияқты. Ұжымға «сүйкімі» болған Әбдіхалықовты да, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын тәп-тәуір басқарып жүрген Асхат Маемировті де қызметінен кетірген қайшылықтар осы болуы мүмкін. Әйтпесе, 9 ай ғана қызметте отырған Әсенов кімге жақпай қалды, неге жақпай қалды? Әсенов: «Екі өтінішім де 8 маусым күні жазылды. Ал 9 маусымда мені жұмыстан босату туралы бұйрық шықты. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы басшысына тағайындау туралы бұйрықтан хабар жоқ. Мен үшін біртүрлі түсініксіз оқиғалар болып жатыр», – дейді. Арман Әсенов заңға жүгініп, сотқа берер болса, өз қызметін қайтып сақтап қалар еді. Бірақ ол мұндай әрекетке барғысы жоқ. «Мен министрдің уәдесіне сенемін. Оның үстіне, Ақан Сатаевты да ерекше құрметтеймін. Оған да қолдау қажет» деген пікірді алға тартады. Режиссер Ақан Сатаевтың кино саласында білікті маман екені көпке белгілі. Дегенмен киногер қауым ауыс-түйістен әбден шаршаған. Олар тек алаңсыз жұмыс істегісі келеді. Бірі даттап, бірі жақтап, жік-жікке бөлінген топтың арасында қазірден алауыздық жүріп жатса, шығармашылық өрлей ме? Иә, мұндай ауыс-түйістер түрлі министрліктерде кездесетін-ақ жайт. Алайда өнерге бюрократиялық қақтығыстарды араластырған дұрыс па? Кейбіреулер «екі министрдің кадрлық қақтығысы» деген болжамдар айтып жатыр. Жоғарыдағыдай жағдайларға қарасаң, осылай деп ойлауың да мүмкін. P.S.Сонда «әрі тарт та бері тарт» деумен мәселені тікелей Президентке апарып тіреудің қандай қажеттілігі бар? Әр саланың тиісті жетекшісі бар. Неге әркім өз жұмысына жауап бермейді? Текетірес туды ма? Туды. Текетіресті туғызғандар неге жауапкершіліктен жалтарады? Әр саланың дау-дамайын осылай тек Мемлекет басшысының төрелігіне жүктеу жүйелі жұмыстың жоқтығын, мемлекеттік мекемелердің мүкіс те мүшкіл халінен хабар береді.
Аяулым БЕКТҰР