Қазір әлемде мыңғыртып қой өсіріп отырған ел – Моңғолия. Бұл елде 60 миллион қой бар. Одан кейін – Түркия, олар 43 миллион бас қой өсіріп отыр. Бір заманда Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп желпінгенбіз. Жыл басында бізде 18 миллион қой болса, бірінші жартыжылдықта 25,6 миллионға көбейген екен. Берекенің көзі ұсақ малда екенін сезген қазақ малшыларының болашақта бұл саладан алар несібесі де аз болмаса керек.
Биыл еліміздің «Оптоград» дейтін сауда компаниясы Біріккен Араб Әмірлігіне қой етін жеткізді. Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының бірлескен күш-жігерінің арқасында Парсы шығанағы елдерінің барлық аумағында қызмет көрсететін БАӘ-дегі LuLu гипермаркеттерінің ірі көтерме-бөлшек сауда желісінің сөрелеріне қазақстандық қой етін екі рет жеткізуді жүзеге асырған.
Қой етіне деген сұраныс күшті. Негізінен, қазақтың қойын араб елдері бетіне қарамай сатып алады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы департамент директоры Ербол Есенеевтің айтуына қарағанда, олар әр қойды 350 доллардан сатып алатын көрінеді. Яғни, ішкі нарықтағы бағадан үш есе қымбат. Бір тоқтының бағасы осындай болған соң, өзіңіз-ақ есептей беріңіз.
Кенен Әзірбаев ақсақалдың «Көкшолақ» дейтін әнінде «Құтылар күн бола ма, осы қойдан» деген бір жол бар еді. Бұл – қой малын өсірудің азабынан туған өлең болса керек. Моңғолияда малдың көптігінен өріс тарылған. Түркияда қойлар біздің елдегідей еркін жайыла алмайды, көбіне мал қорада бағылады.
Иран елі де Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен қоңды қой етіне деген сұранысын арттырған. Алайда алақандай Дағыстан Әзірбайжан теміржолы арқылы Иранға ет өнімдерін жеткізуге келгенде ешкімге дес бермей тұр.
Малды бағуын бағар халық. Бірақ оны әлемдік нарыққа жеткізу мен өткізу ісіне келгенде еріксіз төмен қарап қалатын да жағдайымыз бар. Қазір Түркістан және Алматы облыстарындағы қой саны едеуір өскен. «Жайылым» туралы заңның қабылдануы қой өсіретіндерге қолайлы болған секілді.
Қой шаруашылығын дұрыс бағытқа қою ісіне көп нәрсе байланысты. Халықаралық тәжірибені терең зерделеу де керек іс. Моңғолия бұл салада тың ізденістер жолына түскен. Мал тұқымын асылдандырып, мол өнім беретін қой тұқымын тездетіп көбейтудің амалын жасап жатыр.
Біздің елде қой шаруашылығы ауылшаруашылық өнімдерінің 4-ақ пайызын құрайды. Бұрынғыдай колхоз-совхоз жоқ. Жекеменшік есебіндегі қой саны артқанымен, одан алынатын өнімді осы заманғы талаптарға сай ету ісінде іркіліс көп.
Соңғы бір деректерге қарағанда, қазір Өзбекстан тарапынан біздің қойларымызды жаппай сатып алу үрдісі байқалады. Жақсы малдың тұқымы қоңсымыздың қорасынан табылып, өзіміз сан соғып қалып жүрмейік...