Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Нұрсұлу Беркімбаева Құрбан айт мерекесі қарсаңында жаңа қаулы шығарды. Қаулыға сәйкес көпшілік, мерекелік және отбасылық іс-шараларды, оның ішінде үй ішінде адамдар көп жиналатын басқосуды өткізуге тыйым салынды. Сонымен бірге 31 шілде мен 2 тамыз аралығында мал базары жұмыс істемейді.
«Мал сою орындарын анықтау және құрбан шалу рәсімдері онлайн форматта ұйымдастырылады. Мал союды тек тапсырыс және жеткізу арқылы ветеринарлық сертификат болған жағдайда, келушілерсіз жүргізіледі. Мал сою цехтарының барлық персоналын термометрия жүргізу үшін медицина қызметкерін тартуды және нәтижелерін журналға енгізуді тапсырамын. Жедел респираторлық вирустық инфекция (жоғары температура, жөтел, тұмау) және басқа да жұқпалы ауру белгілері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеу қажет» делінген қаулыда.Мал сою цехтарында дезинфекциялық жұмыс күшейеді. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы, мал союмен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің басшылары талаптардың орындалуына жауапты. Сонымен бірге облыстық полиция департаменті бөгде адамның цех ішіне кірмеуін қадағалайды.