Орынбектің ерекше қолтаңбасы

Орынбектің ерекше қолтаңбасы

Жазу-сызу айналасында жүрген ағайын Орынбек Жолдыбай есімді азаматты жақсы білсе керек. Сонымен бірге, былайғы жұрт оны соңғы жылдары мемлекеттік қызметкер ретінде де таныды. Атап айтқанда 1992 жылдан бастап зейнеткерлік жасына жеткен 2012 жылға дейін Президент пен Министрлер кабинетінің аппараттарында, Сенат аппаратында абыройлы еңбек етті. Осы жылдар ішінде ол Nur Otan партиясының мүшесі ретінде қоғам жұмысына белсене араласып, үлгілі еңбегінің жемісін де көрді. Президент Жарлығымен бірнеше медальмен наградталды, Сенат Төрағасының Құрмет грамоталарымен, алғысхаттарымен марапатталды.

Ол - қазақ журналистика­сын­да өзіндік қолтаңбасы бар, ерте танылған әрі әлі күнге қолынан қаламын түсірмей, көсемсөз өнерінде өз соқпағын қалыптастырып, ақ қағазға асыл ойларымен өрнек салып келе жатқан белгілі азамат.

Біз білетін белгілі жур­на­­­лист, аудармашы, фило­ло­­гия ғылымдарының кан­ди­­­даты, Қазақстанның мә­­де­­ниет қайраткері, Қазақ­стан Жазушылар және Жур­на­листер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті жур­на­лисі Орынбек Жолдыбайдың қаламынан бүгінге дейін көп дүние туды. «Замана келбеті», «Уақыт лебі», «Өткен жылдар өрнегі», «Жан сырым» секілді көркем-публицистикалық кітап­тары жарық көрді. Ал «Академик Р.Бердібай зерт­теулеріндегі түрікшілдік са­рын­дары» деген кітабында жаңа сапада көрініп, дәйекті ғылыми зерттеушілік қырымен танылды.

Орынбек тындырған әлуетті істің бірі – ХІХ ғасырдағы ха­лық ауыз әдебиетінің көр­нек­ті өкілі Құлыншақ Кемел­­­ұлының өмірі мен шы­ғар­машылығын зерттеп, ақынның ел аузында жүрген шығармаларын жинақтап, құрастырып, алғысөзін жазып, 2005, 2006, 2013, 2015 жылдары түрлі баспалардан төрт рет кітап етіп шығаруы. Сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов туралы «Азамат ажары» атты жинақ құрастырып шығарды. Бұдан кейін сұхбаттасушы журналист ретінде тартымды әңгіме-дүкен жүргізіп, Қ.Айта­хановтың 2017 жылы бас­падан шыққан «Өмір бе­лес­тері» атты көлемді еңбе­гінің оқырман ықыласына бөленуіне шығармашылық үлесін қосты.

Ал жақында қолымызға тиген «Жолдас болсаң жақсы­мен...» атты көлемді еңбегі әртүрлі жанрда, әр кезеңде жа­зылған журналистік еңбек­тері болса да, біз оның бәрін тұтас қамтымай, журналистің кейіпкер тұлғасын заман-қоғам-адам аясында ашып көр­сеткен, шығармашылық ұмтылыстың ұтымды жемісі болып шыққан жекелеген туын­дыларына тоқталмақпыз. Осы орайдағы жол ашар сөз: кітаптағы әр шығарма маз­мұ­нына тереңдеген сайын, өз ортамызда жүрген, бәріміз білеміз дейтін, көпке танымал, елге белгілі кейіпкерлерінің – «жолдас болған жақсылардың» бейнесі Орынбектің қаламы­ның ұшымен одан ары ұшта­лып, әр қырынан жетіле, жар­қы­рай көрінетіндігі.

Орынбек Жолдыбайдың жырдай төгілген желісті жаз­ба­ларын зерделей отырып, өзі­міз «өлді» деп жүрген очерк жанрының тірілгенін аң­ғарғандай болдық. Со­ның ішінде, портреттік оче­рк­тің. Газеттің романы сияқты же­текші жанрдың жоға­лып кеткеніне көп болып еді... Қазіргі баспасөзден баяғы сан түрлі көркем-пуб­ли­цис­ти­­калық очеркті көре алмай жүргенбіз... «Қоғам өмірі очерк­­ке лайық емес пе?» деген ой да көңілді бөле беретін... Жанрдың даму заңдылығы бойынша, қалай болғанда да, замани («современный» деген сөздің дұрыс баламасы осы болса керек; көп уақыт «қазіргі заманғы» деп жазып келдік; соңғы уақытта «заманауи» шықты) очерк бір биіктен бой көрсетіп, жаңарып, қайта та­нылуы керек еді... Соны Орын­бек Жолдыбайдың осы жи­­нағынан тауып отырмыз және очерктің бұл заманға бе­йім­делген қолайлы нысаны - пор­трет­тік түрін танып отыр­мыз.

Журналист жинағының тәнті болатын бір жетістігі осында болса керек. Өйткені Орынбек кейіпкерлерінің оса­лы жоқ. Мәселен, «Қызығым да, рақатым да, қасіретім де – қазақ...» деген шығарма­сы­на назар аударып көрейік. Бас тақырыбы – кейіпкердің төл сөзі болғанымен, ар жағынан автордың да түпқазық ұстаны­мын сезуге болады. Яғни, ұлт ұраны, ұлт мақсаты, ұлт ар­маны жолындағы қызмет қазақы қасиеттері мол Орын­бек Жолдыбай үшін де алыс тұрған жоқ.

Академик Рахманқұл Бер­ді­­байдың роман жанрын зерт­теуге, фольклортану сала­сы­на, әдебиеттердің өзара байланысына, әдебиет сынына, тарихына, түркі әлемінің әдеби байлығына бағышталған күрделі зерттеу еңбектері – ұлттық қазынамыздың құтты қайнарларына айналған шы­ғар­малардың шоғыры, тұтас та бай шығармашылық. Автор осының бәріне сүйе­не отырып, ғылыми шығар­ма­­шылығын ел мүддесі жолындағы та­бан­­­ды күрескерлікпен ты­ғыз байланыстырған көр­­­нек­­­­ті ғалымның тұлғасын – «Рах­манқұл Бердібай фено­ме­­нін» ашуға тырысады. Бұл үшін «Елді дүрліктірген мақала», «Тарихи романдарды талдаудың түпкі мәні», «Ежел­гі елдікті насихаттаушы» сияқ­ты т.б. осындай демеуші мәселелік-тақырыптық деталь­дар­ды тиімді пайдаланған.

«Парасат биігінде» деп аталған келесі еңбек «адам­гер­ші­лік, ізгілік, парасаттылық, тіліне, еліне, жеріне деген адалдық тәрізді ұлтымыздың небір жақсы қасиеттерін өн бойына жинақтаған асыл азамат» Өмірзақ Озғанбайұлы жайында сыр шертеді. Қоғамға танымал қайраткердің өнегелі өмір жолын баяндай отырып, автор саналы ғұмырдың жар­­­ты ғасырға жуық бөлігін тә­лім-тәрбие, білім-ғылым сала­сына арнаған азаматтың тұлғалық тұғырға көтерілу кезеңдерін нанымды көрсете­ді. Ұстаз-ғалым Өмірзақ Оз­ған­байұлының Парламент депутаты, Сенат комитетінің төрағасы ретінде біраз жыл заң шығармашылығымен айна­лысып, ел тәуелсіздігін ны­ғайтуға үлес қосқаны, бү­гін­де «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігін басқарып отырғаны баяндалады. Қай жерде қыз­мет істесе де жаңалықты, жаңа­шылдықты жалау ететін азаматтың әр кезеңдегі ұтым­ды ұйымдастырушылық істерін нақты мысалдармен көр­сетеді. Айтса айтқандай, Өмірзақ Озғанбайұлының «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» кітабы Ұлы даламыздан Думаға сайланған қазақ депутаттары туралы бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа мәліметтерді айналымға қосуымен, ұлт тарихының жұм­бақ парағын ашуымен құн­ды екендігі кезінде ла­йық­ты бағаланды. Міне, ав­тор осындай нақты мате­риал­дарды таңдап ала отырып, шығарма мазмұнын байыта түскен, кейіпкер бейнесін осындай фактілер аясында ашуға ұмтылған.

Әдетте портреттік оче­рк ойдан шығарудан ада, кейіп­кер­дің өмір жо­лын тұтастай не оның өмірбаянының үзіктерін баяндай көрсетуден түзіледі. Зерттеушілер портреттік очерк­тің кейіпкері тіпті де ұлы адам болуы міндетті емес деп санайды. Ең бастысы – автор өз кейіпкерін қалай таниды, оның қай қасиетін жоғары бағалайды және ол авторды қандай сыр-сымбатымен өзіне тартты – міне туынды осындай даралығымен оқшау тұруға тиіс.

Орынбек Жолдыбайдың жаңа жинағындағы портрет­тер­ді одан ары пайымдау ар­қы­лы мұның дәлелділігіне көз жеткізуге болады. Ол әде­биетші ғалым Дандай Ыс­қақ­ұлы («Әдебиетпен өріл­ген өмір»), профессор, дәрігер Полат Қазымбет («Мұғалімнің баласы»), экономист Батырхан Мер­ғалиев («Сабырлы, қай­сар, мейірбан»), сыншы Сай­лау­бек Жұмабек («Абзал аза­мат, жана­шыр ағам еді»), жазу­шы­лар Кеңес Юсуп («Талант қыр­лары») пен Сейітқұл Ос­па­нов («Үнсіз ұғысу»), жур­на­листер Бақыт Әзірбаев («Тек­­тінің тұяғы»), Сембай Қисы­мов («Адал, шыншыл жан еді»),   Махамбет Жәмекұлы («Өне­рімен өрге жүзген жан еді»), Нұртілеу Иманғалиұлы («Майталман»), Әбдімүтәл Әлібеков («Адалдық») және бас­қалар туралы әңгімелей оты­рып, таныс-бейтаныс бей­не­­лерді оқырманға өзіндік ерекшеліктерімен ұсынады.

Жазушы Кеңес Юсуптың қа­ламгерлік шеберлігі Колум­бия жазушысы, Нобель сый­лы­ғының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркестің сол тұста он миллион дана таралыммен әлем­нің 32 тілінде сөйлеп үл­гір­ген «Жүз жылдық жалғыз­дық» романын тұңғыш рет қа­зақшаға аударған теңдессіз аудармашылық өнерінен кө­рі­ніп еді. 1985 жылы ана тілі­мізде алғаш жарық көрген осы әйгілі шығарма бірнеше мәр­­те қайта басылса да, күні бүгінге дейін қазақтың төл туын­дысы тәрізді руха­ни әсе­рін жоғалтқан емес. «Талант қырлары» очер­кін­­де авторды Кеңес Юсуп­тың шығармашылық зерт­ха­­насының осы зерзаты өзі­­­не көбірек үйіргені бір­ден байқалады. Аталған қа­­­­­лам­­гер жалпы адами қа­сиет­­­­терімен де автор үшін бұл өмірде аға тұтқан аяулы азғантай арыстар шоғырында болғаны сезілмей қалмайды. «Жазушы өз шығармаларында кейіпкерлерін қандай адал, қайырымды бейнеде көр­сетуге ұмтылса, өмір­де өзі де дәл сон­дай айна­ла­сын­да­ғы­ларға қайы­рымды» де­ген сөз­дері бәрі­міз біл­ген қай­ран Кене­кең­нің жады­мыз­да қалған келбетін кеңей­те түседі...

Оның әкесі Қазымбет Дәрім­байұлы өткен ғасырдың 30-жылдары Түркістандағы мұғалімдер курсын бітіріп, ел арасында сауатсыздықты жою науқанына қызу араласады. Жаңа жерлерді игеру науқаны тұсында Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Мақ­та­арал ауданына көшіп ба­рып, қазіргі Асық ата ауы­лын­дағы мектептің іргетасын өз қолымен қалайды. Бала оқы­туды әуелі үш киіз үйде бас­тайды, кейін мектеп үйін салады. Осының бәрі­нің ұйымдастырушысы да, құ­рылысшысы да Қазымбет Дә­рім­байұлының өзі бола­ды. Соғыс жылдары май­дан­­­ға аттанып, одан ауыр жа­ра­­ланып, елге ора­ла­ды. Ке­­лісімен тағы да шә­кірт тәр­бие­сіне кіріседі. Ауыл­дас­тары арасында «Қазымбет мұғалім» атанған ақсақал 90 жасқа келіп, сегіз перзент сүйіп, үбірлі-шү­бір­лі болып дүниеден оза­ды. Очерк кейіпкері – Полат Қазымбет асылсүйек абзал әкеден өрбіген сегіз перзенттің екіншісі екен.

Орынбектің бір топ оче­рк­­тері дүниеден өткен әріп­тес­тері туралы топтамадан тұра­ды. Бұлар өзгеше сезіммен оқылатын дүниелер. Ғылым мен қаламды қатар алып жүр­ген «адал, шыншыл жан...»   Сем­бай Қисымов, «Өнерімен өрге жүзген...» Махамбет Жәмекұлы, мөлдіреген әңгімелерімен оқырман ықыласына бөленген Сейітқұл Оспанов... Әсіресе, Сейіт­құл туралы жазғаны... Бұ­рын баспасөзден оқып сүй­сінген Орынбекше жазу­ға енді тағы тәнті болып отырмыз. Орынбектің осы «Үнсіз ұғысу» очер­кін марқұм Сейітқұл ту­ра­лы замандастары жазған ес­телік дүниелердің ең ба­сы­на қоюға болар еді. Бұл өз­геше бір ықыласпен, әде­мі штрих-детальдармен Сейіт­құл­дың адами һәм жазу­шы­лық тұлғасын риясыз ашып көрсеткен шығарма. Қара­ңыз­шы: «Қашан көрсең де тома­ға-тұйықтау мінезінен бір танбайтын, бірақ сол бір момақан кейпімен-ақ адамды өзіне баурайтын, онымен сөй­­лескің кеп, жақындасқың кеп тұратын тартымдылық бар-ды бойында. Сені іш тар­та­тынын үндемей жүріп те сездіре білетін қасиетті содан көрдім. Көрдім де, өзімде де оған деген бір ілтипаттың пайда болғанын байқадым. Бас­қаны қайдам, екеуміз осы­лай табыстық», – дейді ав­тор. Екеуара өмір бойы жалғасқан үнсіз ұғысу – бүкіл очерктің кілті. «Ағыл-тегіл сыр ақтарысу, шер тарқатысу деген ұғым ойымызға кіріп те шыққан емес. Бірақ бәрібір жылылық, бәрібір жақындық сезіліп тұратын арамызда», – дейді ол тағы да...

Түйіндей келгенде, Орын­бек Жолдыбай сынды тәжі­рибелі қаламгердің шы­ғар­ма­шы­лық жетістіктері туралы айтылар әңгімелердің алды-арты бұл бола қоймас, әрине. Әлі де игі тұрғыда тілге тиек бо­латыны сөзсіз. Ал жетпіс атты жемісті жастың белесіне көтерілген сәтінде портреттік очерктің әдемі үлгісін көр­сет­кен Орынбек мырзаның қа­ламгерлік зертханасының бұл ерекшелігін оның атамыс жи­нағының жұртшылыққа жа­рия етер жетістігі ретінде қа­былдауға болар еді деп ой­лай­мыз.

 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы,
Мәскеу