Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, генерал-полковник: Ел үшін еңбек еткеніме бақыттымын
Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, генерал-полковник: Ел үшін еңбек еткеніме бақыттымын
801
оқылды

Қазақтың ең жақсы қасие­ті­нің бірі – бауырмалдығы. Қан­шама ұлтты шетқақпай қыл­май, бауырымызға тартып өмір сүріп жатқанымыз

– Қазақты сынап, халқы­мыз­дың жақсы-жаман қасие­тін айырып айтып бергеннің бірі – Абай. Ол мұндай қадамға қазақты жек көргендігінен барған жоқ, қайта елін жақсы көріп, оның бойындағы жаман қасиеттерден арылту үшін айт­ты. Осы күні өзіңіз де адам­­зат баласына тән ұзақ өмір жолынан өтіп, қазақтың қасиетті сөзімен айтқанда ақса­қалдық ауылға қарай бет бұр­дыңыз. Көппен араласып, үлкен қызметтер атқарған сіз қазақтың қазіргі хал-ах­уа­лы, болашағы жайлы не ой­лайсыз? Халқымыздың қан­­дай қасиетіне сүйсініп, қай­сы­сына әттеген-ай дейсіз?

– Қазақтың ең жақсы қасие­ті­нің бірі – бауырмалдығы. Қан­шама ұлтты шетқақпай қыл­май, бауырымызға тартып өмір сүріп жатқанымыз. Сон­дай кеңдігінің арқасында Ке­ңес заманында қудаланған қан­шама ұлт Қазақстанға сый­­ды емес пе? Өздері қор­жын тамда отырып, соның бір бөлмесін босатып беріп, на­нын бөлісіп, кеңпейілділік та­ныт­ты. Солардың бәрі бүгінде өсіп-өніп Қазақстан халқы ассамблеясының бір-бір уығына айналды. Олар Қазақстанды екінші Отанымыз деп таныды. Тарих халқымыздың пейілі кең, бауырмашыл екенін дәлелдеді. Қазір біздің елде Алғыс айту күні бар. Ол үлкен мерекеге айна­лып үлгерді. Сол күні елі­мізді мекен еткен барлық ұлт пен ұлыс қазақ халқына ал­­ғы­­сын айтып, ақжарма ті­ле­гін білдіріп жатады. Мұн­дай дәс­түр халықты бір-біріне жа­қын­датады, ауыз­бір­ші­лі­гі­міз­ді арттыра түседі.

Қазақтың жоғары баға­лай­­тын тағы бір жақсы қа­сиеті – сабырлығы. Осы сабыр­лы­ғы­мыздың арқасында қазіргі ТМД елдері арасында ең ты­ныш, шу шықпаған мемлекет атан­дық. Сол сабырлығымыз баянды болсын! Елдің ішінен шу шыққанда, іріткі салғанда бір ұшпаққа жетеміз деп ойла­май­мын. Қазіргі жастар «өзгеріс керек» дегенді жиі айтады. Өз­ге­ріс жақсылыққа бастайтын бол­са керек, егер ол керісінше бол­­са қайтеміз? Еліміздің ты­ныш­­­тығын көре алмаған біреу­лер әдейі істеп отыруы да мүм­кін.

Қазақтың болашағы жарқын. Себебі – ең үлкен құндылық тә­уел­сіздік қолымызға тиді. Әлем­де өз Отаны, жері жоқ қаншама ұлт бар. Олардың кейбірінің саны тіпті 50 миллионға дейін жетеді. Тарыдай шашырап төрт-бес мемлекетте өмір сүріп жа­тыр. Олар «Менің Отаным – осы!» деп айта алмайды. Ал біз қай жерде жүрсек те, арқамызда Қа­зақстан деген еліміз бар. Сон­дық­тан біз үшін ең қымба-
ты – елі­міздің тәуелсіздігі.

Қазақтың жеті атаға дейін қыз алып-қыз беріспейтін жақ­сы қасиеті бар. Бұл – қан таза­лы­ғының кепілі. Қаны таза болған соң, біздің халқымыз өте ақылды. Қазіргі жастардың бәрі шетінен интеллектуал, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлде алып келіп жатыр. Димаш Құдайберген, Ержан Максимнің шыққаны тәуелсіздіктің арқасында, олар­ға жарқын жол ашылды. Егер жағдай жасалса, қазақтың та­лантты жастары әлемдік до­да­ларда әлі талай биіктерді ба­ғындырады деп сенемін. Со­ған қарағанда біздің болаша­ғы­мыз жарқын. Бізге тек бірлік керек.

Қазақтың кемшілігі – елік­те­гіш ұлтпыз. Әсіресе дін мәсе­ле­сіне келгенде біраз олқы тұс­­тарымыз бар. Біздің ата-ба­ба­­ларымыз дін мәселесіне де үлкен мән беріп, сабырлықпен қараған. Бет-аузын орап, тұм­­шаланып алатын жастар ара­сында «Дін жолына түссек болды, Құдай бізге бере береді» деген қате түсінік бар. Бұл бол­май­тын іс, еңбексіз ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Адам қай кезде де қарекет қылу керек. Елеңдеп, бәріне сергек қарап, білгісі келіп отыратыны да қан тазалығынан, бірақ не болса соған еліктемей, сабырлықпен, байыппен қарасақ, ұтарымыз сол болмақ. Жастар еліктеуден сақ болғаны дұрыс, одан гөрі білімдерін жетілдіріп, ізденісін арттырғаны жөн.

– Сіз және сіздің қатар­лас­та­рыңызға қылышынан қан тамған Кеңес заманында да қыз­мет атқарып, сонымен қа­тар тәуелсіздік таңы атқа­нын көзбен көру, тіпті сол үде­рістің бел ортасында жүру маң­дайларыңызға жазылған екен. Бұл жауапты міндетті абыроймен атқару айтуға ғана оңай. Сол кездерден жиі еске түсетін сәттер бар ма?

– Мен бақытты адаммын. Қо­ғамның бір кезеңнен екінші ке­зеңге ауысқан, өтпелі за­ман­да өмір сүрдім. Қытайдың «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деген қарғысы бар. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Өтпелі кезең – жаңа мүмкіндіктердің ашылатын шағы. Жаңа өмір, жаңа мемлекет, жаңа мүм­кін­діктер алдыңда тұр. Біз сол үшін бар күшімізді салып еңбек ет­тік. Тәуелсіз мемлекетіміз үшін еңбек етуге құлшына кі­рістік. Жалғыз мен емес, менің қатарластарымның бәрі солай еңбек етті. Сол бір кез Отан үшін, ел үшін еңбек етсек де­ген шынайы ниетімізбен есте қалды. Біз өткен қоғамды көз­бен көрген ұрпақпыз. Сондық­тан тәуелсіздіктің құны қан­­шалықты қымбат екенін жан-­жүрегімізбен түсінеміз. Бәрі көз алдымызда болып жат­ты, шекараны бекіту, қазақ армиясын, Ұлттық ұланды құру, осының бәрін заңмен бе­кіттік. Бір ғана мысал, шека­раны бекіту деген айтуға ғана оңай, мұндай мәселеде әр мемлекет өз мүддесін көздейді. Шекара сызығын белгілеп ке­ле жатасың, тап сол жерде үй тұр, ол шекараның қай бетінде қалуы керек? Міне, бұл – өте жауапты сәт. Ол жерде адам тағ­дырына байланысты үлкен мә­селе бар. Бір метр болса да, бұл – біздің еліміздің же­рі. Қиын сәтте әрбір істің қиюын келтіріп, дұрыс шешім қа­­былдау оңай шаруа емес. Еш­­­қандай шу, келіспеушілік болмауы, екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа сызат түспеуі керек. Әсіресе, адам шығынына жол бермеуіміз тиіс. Осы сияқты мә­селелер толып жатыр, оның бә­рін ашық айта бермейсің. Сон­дықтан осындай жауапты сәтте ел үшін еңбек еткеніме бақыттымын.

– Академик Манаш Қозы­баев «Азалы кітап» деген ең­бе­гінде «1937-1950 жыл­­дар­да­ғы сталиндік реп­рес­сияға ұшыраған аза­мат­тар­дың құ­жат­тарын зерттеп, оларды ақ­тап алуда ҰҚК-нің архивін ғалым­дарға бірінші рет ашып берген Сәт Тоқпақбаев» деп сізді атап өтеді. Осы жайтқа кеңірек тоқталсаңыз.

– Ол кезде бәрі жабық, құ­пия болды. ҰҚК төрағасы қыз­ме­тін атқарып жүргенімде ака­демик Манаш Қозыбаев алды­ма келді. Ол кісіні сырттай та­ны­­ғ­аным болмаса, жақыннан ара­ластығымыз жоқ болатын. «Әділет» қоғамын құрып жұ­мыс істеді. Бір жиынға мені ша­қырып, сөз сөйледім. ҰҚК төрағасы сөйлеген соң бұл қа­лай болғаны дегендей бәрі шулап кетті. «Тоқтаңыздар, бұл жерге өз еркіммен келіп отыр­­мын. 1937 жылы тіпті өмір­де болмағам» деп едім, олар кішкене кідіріп қалды да, араларынан бір кісі «Шынында да, бұл кісінің 1937 жылғы оқиғаларға не қатысы бар?» деп сабырға шақырды. Ол уақытта рұқсат етілмеген архивке ға­лымдарды жіберу үлкен тәуе­­келге бел буумен бірдей бо­ла­тын. Дегенмен тәуелсіз ел бол­ған соң өз билігіміз өзі­міз­де болды. Бұрынғыдай Мәс­кеу­­ден рұқсат сұрамайтын бол­дық. Архивке кіруге он күнге рұқсат бердім. Құпия құ­жаттар сақталған архивке кіргізуге менің де құқым жоқ, мен оларды жалпы тарихқа қатысты бөліміне кіргіздім. Егер жоғары жақ қысатын болса осындай уәж айтам деп алдын ала дайындалдым. Абырой бол­ғанда, менің бұл әрекетімді қатты тергеп, тексермеді. Рас, реп­рессия кезінде қазақтың қан­шама сүттің бетіне шыққан қаймақтары атылып, асылып, айдалып қуғынға ұшырады. Көбі мерт болды. Олардың ақ­та­луы артында қалған жан жарлары мен ұрпағына үлкен демеу болды. Себебі, «Халық жа­уының» жақындары да қо­ғамнан шеттетіліп, көп азап көрген еді. Оларға жаңа мүмкіндік ашылды.

– Осыдан біраз уақыт бұ­рын Қазақстанның ең­бек сі­ңірген қайраткері, пол­ков­ник Ким Серікбаевпен сұх­бат­тас­қанымызда «Әскери адам – офицердің ар-намысы таза болуы керек. Өйткені офи­цер­ге Үкімет барлығын – киімін, тамағын, баспанасын, жұ­мы­сын, айлығын беріп отыр. Әсіресе, генерал дәре­же­сі­не жеткендерге көрсетілер құр­мет зор. Генералда барлық жағ­дай бар. Тек жұмысыңды дұрыс істе, Президенттің иы­ғыңа таққан пагонын ақ­та! Елдің жемқорлықпен «ауыр­ғаны» біздің әскерге де сал­қы­нын тигізіп тұр. Қа­зір­дің өзінде сабаудай-сабау­дай үш генерал түрмеде отыр. Бұл не деген масқара!» деп күйінген болатын. Әскердегі қазіргі ахуалдан хабарыңыз бар ма?

– Мемлекет жеке адамдардан құралады. Мемлекет үшін ең бас­тысы – адамның өмірі, абы­ройы мен ары. Біздің қоғам­да гене­р­алдарды адамның ар-ұяты­ның, отансүйгіштіктің сим­волы деп қарайды. Ал сол генералдар үмітті ақтамаса не болады? Қазақта «Ет сасыса тұз себеді, ал тұз сасыса не себеді?» деген сөз бар. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар ел ішінде болып жатыр. Өмір болғаннан кейін ала да туады, құла да туа­ды. Қолбасшылықтан кет­­кеніме жиырма жылдай уа­қыт болыпты. Өкініштісі, олар­­дың ішкі жағдайын то­лық біле бермеймін. Құ­пия бол­ған­дықтан, зейнеттегі ге­не­ралдар да бұл саланың қа­зіргі ахуалынан бейхабар. Де­ген­мен БАҚ-та, әлеуметтік же­лілерде осындай келеңсіз­дік­терді оқып қалғанда жаным ауырады. Бірер генаралдың тура жолдан таюы бүкіл әскери қызметкерлердің атына кір келтіреді.

Біз қызметте жүргенде жағ­дай басқа болды. Әскери са­лада ұлттық кадрларды дайын­дауға күш салдық. Қазір бәрі өз қолымызда. Елімізді өз қара­гөз­деріміз күзетіп тұр. Қазір бас­шы қызметтердің бәрінде өз мамандарымыз. Билікте де, қор­ғаныс саласында да өз адамдарымыздың болғанын ашық айтпасақ та, қайта қара­дық. Сонда біраз өзгерістер болды. Бұл тәуелсіздікті қолға ал­ған­нан кейін біртіндеп іске асырылған әрекеттер. Ұлттық ұланды құрдық. Оларды оқы­тып дайындадық. Әскери қыз­­­­меткерлердің баспана мә­се­­­­лесін шешуге көп күш сал­дық. Олардың көбі жаңадан үйленген, бір-екі баласы бар жас жігіттер болды. Себебі, тәуелсіз мемлекетіміз жаңадан құрылып жатыр еді. Көбі лейтенант, ары кетсе аға лейтенант болды. Олар үшін басты мәселе – баспана. Осы мәселені шешу біздің басты ұс­танымымыз болды. Оның бә­рі бүгінде тарихқа айналды. Бірақ біз соның бел ортасында жүрдік.

– Бала күннен барлаушы болуды армандаған кішкентай Сәт алғырлықтың, ізденістің арқасында дегеніне жетті. Дегенмен сіз таңдаған өмір жолы – сүрлеуі, соқпағы мол қиын жол. Әскери қызметкер болу, оның үстіне, Ұлттық қауіп­сіздік қызметінде жа­уап­ты қызмет атқару үшін өзіңді өзің үнемі қайрап, жі­ге­ріңді жанып отыруға тура келеді. Тәуелсіз еліміздің ты­ныш­­тығын күзету, шекара­мыз­дың мығым болуы үшін қаншама жас осы жолды таң­дап, өмірін осы саламен бай­ланыстырып отыр. Бүгінгі ізба­сарларыңызға не айтасыз?

– Әскери қызметкер болу, оның үстіне, Ұлттық қауіпсіздік қызметінде жауапты қызмет ат­қару үшін өзіңді ылғи да­йын­дық үстінде ұстау керек. Біліміңді үнемі жетілдіріп, жі­геріңді жанып отыруға тиіс­сің. Тәуелсіз болған соң өз жүрегіңнен шыққан іс-ша­ра­ны қолданасың, ешкімге жалтақтамайсың. Себебі, се­нің арқаңда тәуелсіз елің, Ота­ның тұр. Жастарға айтарым: еліңді, Отаныңды сүй, соған қызмет ет. Елге жасаған еңбек еш кетпейді. Сексенге қараған шағымда еліме қажет болсам, әлі де қызмет етуге дайынмын. Өткен жылы «Жаным садаға» атты ғұмырбаяндық кітабым жарық көрді. Көбі «Кітаптың аты ерекше екен. Неге бұл атты таңдадыңыз?» деп сұрады. Бұл кітапта еліміздің қауіпсіздігін қорғау жолындағы өз басым­нан өткен оқиғалар мен заман­дас­тармен бірге атқарған істер жайлы айтылады. Болашақ ұрпақ бойында патриоттық сезім мен азаматтықты қа­лып­­тастырудағы әскери-пат­риот­тық тәрбиенің маңызын түсіндіруге тырыстым. Расын­да, біздің Отанымыз біреу ғана, ол – Қазақстан. Еліміздің көркеюі, өркендеуі үшін әр­қай­сымыз өз қолымыздан кел­­генше үлес қосуға тиіспіз. Ұрпа­ғымыздың бойына жас­тайы­нан патриоттық сезімді қалыптастыра білсек, біздің ұтарымыз анық. Шынайы ниет болса, бәрін де жасауға болады.

– Биыл елімізде Жастар жылы деп белгіленді. Осы бағ­­дарлама шеңберінде жас­тар­ға қатысты біраз түйткілді мәселелер шеші­мін табады деген үміт бар. Әйтсе де, ақи­­қатын айтар бол­сақ, қазір­гі жас­тарымыз мектеп бітір­ген­нен шет елдерде білім алу­ға ұмтылып, сосын мүм­кін­­дігінше сол жақта қалып қою­­ға бейімделіп тұратын бол­­­ды. Қазақтың ақылды, бі­­лім­ді жастарын өзгелердің мо­йындағаны – бір жағынан мақ­таныш болғанмен, екінші жа­ғынан елімізді дамытуға да ондай жастар керек екені анық. Жастарымыздың шет елдерге кетуге ыңғайланып тұруы олар­дың бойына пат­рио­тизм дәнін еге алма­ған­ды­ғымыздан ба, әлде елде олар­дың жақсы жерде жұмыс істеуіне, өзін көрсетуіне мүм­кін­дік жоқ па?

– Жастардың шетке білім алу үшін шыққанына қарсы емеспін. Бұл олардың өсуіне, дамуына керек. Біз жоғарыда көп айтқан патриотизм дәнін себе алсақ, олар ешқайда қа­лып қоймайды. Білімін же­­­тілдіріп келіп, еліне қыз­­­мет етеді. Істі білетін, жақ­­сы кадрлар өзімізге де керек. Сондықтан шетелге жиі шығып, оқып, тоқып, елге қызмет етуі тиіс. Отан­ды сүю, барлық жерде болу керек. Біз де жас болдық, өзге мемлекетті көргіміз келді. Қызмет бабымен талай мем­ле­кетте болдым. Ары кетсе бір апта­дан кейін елге қайтқым келеді.

Ал Отанымызда оқуға мүмкіншілік жоқ дегені – қате пікір. Жақсының, қызықтың бәрі шетте деп, сол жақта қа­лып қоюына қарсымын. Қа­зір­гі таңда бізде де көрші ел­д­ерден келіп жұмыс істеп жүр­гендер көп. Олардың жағ­дайы қандай екені белгілі. Бізден шет елдерге барып жұ­мыс істеп жатқандардың да жағдайы сондай. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген мәтел бар. Жақсы өмірді өз елімізден іздеу керек. Ондай өмірді қалыптастыру өз қолымызда. Егер жастарымыз отансүйгіш, патриот болса, «Мен еліме не беремін?» деп ойлар еді. Ата-бабаларымыз осы ұлан-байтақ жерімізді ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ қорғап, бізге аманаттап қалдырды емес пе? Біздің ең қасиетті байлығымыз – Отанымыздың тәуелсіздігі. Егер жер-дүниенің бір бұрышында тәуелсіз Отанымыз болмаса біз кімбіз? Әлемнің қай түкпірінде қандай қызметте болсаң да сен жетімсің, сондықтан біз ұр­пағымызды тәуелсіз Ота­ны­мызды сүюге, қорғауға тәр­биелеп, жастарға білікті ма­ман болуды үйретуіміз керек. Жас­тардың өзін-өзі көрсетуіне бізде мүмкіндік мол. Салынбай жат­қан зауыт-фабриканы кім тұр­ғызады? Бітпей жатқан істің басы-қасында білікті жас­тарымыз жүруге тиіс. Біз­де ондай жастар бар. Енді со­лар­дың қатарын көбейтуге тиіспіз.

Шетелдіктермен көп ара­ластым. Олар біздің кең­пейіл­ді­гімізге тәнті болады. «Жері сияқты қазақтың жүрегі де, ішкі сарайы да кең, ешкімді жа­тырқамайды. Сіздердің ал­ға қарай жарқырап шығып жат­қандарыңыз да кең пейіл­де­ріңізге байланысты» деп жатады. Осындай игі тілектерге қарағанда еліміздің болашағы бұдан да жақсы болатынына сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ