Сенатор халыққа жақын болуы керек

Сенатор халыққа жақын болуы керек

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева сенаторларға халыққа жақын болуды жүктеді. Жоғарғы палатаның осы сессиядағы алғашқы Бюро отырысында Дариға Нұрсұлтанқызы Мемлекет басшысы белгілеген билік формуласы – «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» толық көлемде жұмыс істеуі үшін депутаттар барлық шараны қабылдауы тиіс екенін нықтады. «Уақыт бізден жаңаша ойлауды, зор жауапкершілікті талап етеді», – деді Сенат басшысы.

Парламенттің жоғарғы па­латасы қызметін одан ары ав­томаттандыру жайына тоқ­талған ол өз әріптестерін ақпа­рат­тық мүмкіндіктерді белсен­ді пайдалануға және электрон­ды форматтағы жұмысқа кө­шу­ге шақырды.

Сенат төрағасының тап­сыр­масы бойынша палатаның рес­ми сайты жаңғыртылды. Ол аза­маттармен, мәсли­хат­тар­мен және аймақтармен өзара бай­ланыс орнатуға бағыттал­ған.

«Бұл депутаттарды ондағы па­рақшаларына ұдайы маңыз беруге, олардың атына келіп түс­кен өтініштер мен ұсыныс­тар­ға жедел назар аударуға мін­деттейді», – деді Д.Назарбаева.

Бюро отырысында Сенат тө­ра­ғасының орынбасары Бек­тас Бекназаров сенаторлардың өңірлерге сапары туралы ха­бардар етті. Депутаттар елі­міз­дің барлық облысының ірі ел­ді­мекендерін ғана емес, сон­дай-ақ шалғай ауылдарды да ара­лады. Олар Арыс қаласын қал­пына келтіру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көр­сету мәселелерін көтерді.

«Жергілікті тұрғындар кө­тер­ген түйткілді мәселелердің бірқатарын алдағы жұмы­сы­мыз­да заңнамаға түзетулер ен­гізу арқылы немесе тиісті мем­лекеттік органдарға депу­тат­тық сауалдар жолдау тәрті­бімен олардың шешімін табуға мейлінше ықпал ететін бола­мыз» деп сендірді Б.Бекназаров.

Бұл ретте палата басшысы осы күздегі негізгі құжат – рес­публикалық бюджет туралы заң жобасы болатынын нықта­ды.

«Республикалық бюджет бойын­ша жұмыстарды бүгін­нен бастаған жөн. Сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағ­дарламасы мен Жолдауын биыл­­ғы жылдың және сессия­ның соңына дейін жүзеге асыру үшін қабылдануы қажет бірқатар заң жобасы бар», – деді Д.Назарбаева.

Бұдан бөлек, жиында 27 қыр­күйекте Сенатта «Заң шы­ғару үдерістерін одан ары же­тілдіру» тақырыбы бойынша пар­ламенттік тыңдау өтетіні айқындалды. Оған дайындық жұмыстарымен Конституция­лық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары ко­митеті айналыспақ.

Сенат төрағасы парла­мент­тік тыңдаулардың сипатын өз­­­герту керегін қаперге салды. Бюро мүшелері шараның нәти­желі болуы үшін бірқатар ұсы­нысын ортаға салды. Атап айт­қанда, көкейкесті мәсе­ле­лер­ді көтеру, жұртшылық өкіл­дері мен сарапшыларды пар­ламенттік тыңдауларға ша­қыру, құқық қолдану тәжірибе­сіне баса назар аудару ұсыныл­ды.

– Заңдардың орындалуы бойынша мониторинг жасау құқығы бізде жоқ. Демек, тал­қылау және заңға тиісті түзе­тулер енгізуді ұсыну керек. Ау­қымды жұмыстарды атқа­рып келеміз, заң жобаларын әрбір үтір-нүктесіне дейін қа­рай­мыз, түзетулерімізді енгі­зе­міз. Бірақ ол заңның одан ары қалай жұмыс істейтінін кө­ре алмаймыз. Сөйтіп бізге заң­нан кейінгі құжаттар база­сы заң ережесіне сәйкес келе­тін-келмейтіні белгісіз болып қалады. Мұндай тәжірибеден бас тарту керек, – деді Дариға Назарбаева.


Елдос СЕНБАЙ