Шұғылалы өңірдің шежірелі тарихы

Шұғылалы өңірдің шежірелі тарихы

Ұйымдастырушылар тілшілер үшін арнайы жіберген авто­көлікпен таң саз бере жолға шықтық. Ерте күздің салқыны бойды тоңазытады. Біз келе жатқан Еңбекшіқазақ ауданы – Алматы облысының оңтүстігінде орна­ласқан. Орталығы – Есік қаласы.

ЕСКЕРТКІШТЕР – КӨНЕНІҢ КӨЗІ

Есік музейінің жаңа басшысы Тасқын Тойбаев бастаған музей қызметкерлері бізді ежелгі сақ дәуірінен қалған аспан асты ескерткіштерімен таныстырды. Тұтас алғанда Еңбекшіқазақ ауданының мәде­ни-ландшафтық бедері әралуан. Мұнда тарихи-мәдени мұра өте көп. Ерте тас кезеңінің тұрақ­тары, қола дәуірінің бейіттері мен қоныстары, ортағасырлық обалар, ескерткіштер, әр заман­да тасқа салынған суреттер же­тер­лік. Соның бірегейі – әлем­ге әйгілі «Алтын адам». Тасқын Тойбаевтың айтуынша, музей жаңа бағытта жұмыс атқаруды қолға алып отыр екен. Келер жылы «Алтын адамның» табылғанына 50 жыл толады. Біз музей маңайында параметрі Алтын адам қорғанына сай келетін IV-V ғасырға тән жаңа қорғанды қазу жұмыстарына куә болып қана қоймай, қолы­мызға шот сияқты құрал ұстап, оба қазысып кеттік. Айта ке­те­тін жағдай, мұндағылар архео­ло­гиялық қазба ісінде озық тәжі­рибе жинақтаған қытайлық музейлендіру әдістемесін пай­да­­лануда екен. Оның мәні мы­нада. Жуырда Қытайда ісса­пар­мен болып келген музей бас­шысының айтуынша, қазба жұмысымен айналысуда әлі күнге дейін кеңестік тәжірибені малданып келеді екенбіз. Ал басқа елдер ілгері кеткен. Мы­са­лы, Қытайда оба қазуда музейлендіру әдісін қолданады. Олар да императорларын біз сияқты көмген ғой. Яғни, олар оба қазған кезде адам қайтадан кіретіндей етіп қазады. Қабір­ді ашып, жерлеу тәсілін көрсе­тіп қояды. Ал біз «Алтын адам­ның» қабірін көрсете алмай отырмыз. Себебі ол жерге авто­база салынып кеткен. Осы және басқа да жағдайларды ес­кере келіп, Арыстанбек Мұха­медиұлы министр болған кезде «Мәдениет туралы» заң­ның археологиялық жоба­ларға қатысты тұсы жаңа түзетулермен Сенат қарауына ұсынылған болатын. Сол заң қабылданатын болса, онда қорған қазу ісінде сараптама жасау, археоло­гия­лық қазбалармен айналысу құзыреті, лицензиясы тек тиісті органдар мен музейлерге берілетін болады. Яғни, бұрын­ғыдай кез келген жеке ұйымдар баса-көктеп айналыса бермейді. Бұл өте ыңғайлы. Біріншіден, табылған экспонаттар ұста­ған­ның қолында, тістегеннің аузында кетпейді, музейдің өзінде қалады. Екіншіден, жер­гілікті жер өз тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады.

 

КАЛИФОРНИЯЛЫҚ ТУРИСТ ДИМАШТЫ ІЗДЕП КЕЛІПТІ 

Біз осында АҚШ-тың Ка­ли­­­форния штатынан кел­ген Роберт есімді қарияны кез­дес­тірдік. 82 жастағы қарт бүгін­де атағы әлемге жайылып отырған әншіміз Димаш Құ­дай­­бергеннің фанаты екен. Димаштың «Ал­тын адам» жа­нын­да түскен фото­суре­тін кө­­­ріп, интернеттен осы экс­по­нат тұрған Есік музейін із­деп-тауып, мұхиттың арғы жа­­ғы­нан соны көруге әдейі­леп келіпті. Жалпы, соңғы жыл­дары еліміз бойынша, Есік музе­­йін қосқанда, Димаштың талан­тын бағалаушылар есебі­нен келушілер саны едәуір көбейген. Бір ғана өнерпаздың арқасында мәдени туризмнің елімізде тыңнан тыныс алуы ой саларлық.

Бұдан кейін алдын ала белгі­ленген бағдарлама бойын­ша атақ­ты Есік көліне келдік. Бұ­рын көл аумағы қазіргісінен әлдеқайда үлкен болған екен. 1963 жылдың жазында болған селден кейін кішірейіп қалған.


Ертеде қазақтар Ысықкөл деген, одан бертінде Жасыл­көл атандырған осынау текто­ни­калық су қоймасы өзінің көркемдігі жағынан Кавказдағы Рица көлімен теңдес. Атақ­ты орыс саяхатшысы Се­ме­н­ов-Тян-Шанский Іле Ала­тауының інжу-маржанына теңе­ген Жасылкөлді кезінде Шоқан Уәлиханов та келістіріп суреттеп кеткен. 1856 жылы пол­ковник Хоментовскийдің экс­педициясы құрамында За­­уық асуы арқылы Ыстық­көлге беттеген ол төменге көз салғанында сонау зау тереңнен жап-жасыл кобальт түстес суымен көздің шарасындай тұнып жатқан Жасылкөлді көргенін жазады. Сол көл сел апатынан кейін бірте-бірте қалпына келіп, қазірде бас­тапқы көлемінің үштен екі­сі­не жеткен. Мәселе онда емес, көлдің бұрынғы де­ма­лыс аймағы ретіндегі ма­­ңызын қалпына келтіре алмай отырғанымызда. Деген­мен бір ұрымтал жол бар. Ол – осы демалыс аймағын бұрынғы қалпына жақындатып жаңғыр­ту, сөйтіп, мәдени және таби­ғи мұра ретінде жұрттың ықы­ласын аудару. Бүгінде шетел­діктер де осы тектес ескілік, мұралық сілемі бар жерлерге келуге құмар.

 

ТҰМСА ТАБИҒАТҚА НЕ ЖЕТЕДІ?

Осындай ойлармен оңтүс­тік бағытқа қарай жиырма шақы­рым жердегі Түрген сар­қы­рамасына жеттік. Жалпы, Түрген шатқалында жеті сар­қырама болса, соның Қай­рақты, Жартасты, Аюлы деген үшеуіне ғана адам аяғы жете алады. Соның ішінде Жартасты сарқырамасы дайындығы бар туристер болмаса, басқаларға жалын сипата бермейтін көрі­неді. Ал осылардың ішіндегі ең ірісі – Қайрақты. Ондағы су 55 метр биіктіктен құлайды. Оған тоғыз шақырымдай жер жүріп барып жетесің. Ең оңайы – бес шақырымдай жол жүруді қажет ететін Аюлы. Біз сол Аюлыға бардық. Оның «Махаббат сарқырамасы» деген екінші аты бар. Неге олай аталғанын білмедім. Сірә, көңіл жарастырған жастар осында келіп, өз сүйіспеншіліктерінің осы сарқырама сияқты таусыл­май ағып жатуын ниет етіп, тілек тілейтін сияқты. Осы орай­да, ішіміздегі қиялы ұшқыр біреулер Аюлыға барар жол Ұлы Қытай қорғаны секілді қорғандалып жасалса ғой де­ген ұсыныс та тастады. Дұрыс қой. Меніңше, тағдыр жол­дарын байлаған жұптар тұмса табиғаттың шырышы бұзылмай тұрған тұсына еңбек қылып, машақат шегіп жетіп жатса, оның өзі бір ғанибет емес пе!..

Бір күндік сапарымыз да мәресіне таяды. Жиырмаға жуық журналисті Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, жергілікті ардагер жур­налист Мұрат Нақатаев, бас­пасөз хатшысы Динара Тө­ле­місова, жастар саясаты бас­шысы, депутаты Айбек Іле­баев және рухани жаңғыру бө­лі­­мінің бас маманы Динара Қо­қанова табанын жерге ти­гіз­­бей шығарып салды. «Ру­ха­ни жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы пресс-турды ұйымдастырып, қолдау жасаған Еңбекшіқазақ ауданы Ысқақ Бинәлі, Есік қаласының әкімі Бауыржан Бименов, Түрген ауылдық округі әкімі Бота Елеусізоваға бөлекше алғыс. Журналистің офисте қамалып қалмай, ел аралап, тақырыбын көзімен көріп жазуы­ның артықшылығына осы жолы тағы бір мәрте көз жеткізгендей болып қайттық.

 

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ