Елімізде жұмыс істеп тұрған 39 кәсіпорын екі мыңға жуық адамның еңбекақысына 683 миллион теңге берешек. Сонымен бірге, банкрот деп жарияланған мекемеден жалақы ала алмай жүрген 2,3 мың жұмысшы бар. Жалпы алғанда, бүгінде 125 кәсіпорын жұмыскерлеріне 1,6 миллиард теңге қарыз.
Бұл жалған сөз емес, жоғарыда келтірілген есепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес барысында мәлімдеген болатын.
Иә, маңдай терімен тапқан жалақысын ала алмай жүргендердің басы екі-үш ай болса, арысы екі-үш жылға кеткендер де бар. Көбіне мемлекеттік Еңбек инспекциясы немесе жергілікті әкімдіктер араласқанда ғана мәселе шешілетіні өтірік емес. Мысалы, банкрот болып, кәсібін жауып, жалданған жұмысшыларына еңбекақысын бермей келген мекеменің бірі Ақтөбе бейметалл құбырлар зауыты болатын. Кәсіпорын 2016 жылдан бастап 135 қызметкеріне 63,8 миллион теңге көлемінде жалақы бермеген. Осы жылдың алғашқы тоқсанында зауыт жұмысшылары күтуден шаршағанын, несиелерін өтей алмай отырғанын айтып, әкімдікке барып шағымдарын жасаған. Осыдан кейін ғана іс ілгері жылжыған. Кездесу кезінде зауыттың банкрот болғаны, алғашқы сатылымда өтпей қалғаны белгілі болды. Міне, осының арқасында мекеменің жаңа иесі анықталып, алдымен жұмысшылар алдындағы қарызы өтелген.
Қызылорда облысында 13 кәсіпорынның 784 жұмысшысына 136,7 миллион теңге көлеміндегі еңбекақы дау туған соң ғана қолдарына тиген.
«Рязанов атындағы Мостостроительный отряд – 25» ЖШС-дағы жанжалдың себебі де жалақыны ұзақ уақытқа кешіктіру кесірінен болған. Бүгінгі таңда еліміздегі бұл компанияның жалпы берешегі 30 миллион теңгеден асып кеткен, оның 5 жарым миллион теңгесі астанаға тиесілі екен. Міне, осы бас қаладағы жұмыскерлер осы жылдың қыркүйегінде тағы да наразылық митингісін ұйымдастырды. Тағы да дейтініміз – олар осының алдында, шілдеде көтеріліп, аштық та жариялаған болатын. Сонда күн өтпестен құрылысшылар жалақыларын алды. Бірақ толық емес. Іштерінде табан ақы, маңдай терімен тапқанын тоғыз айдан бері ала алмай жүргендері бар. Бұл жолы наразы топ мердігер компанияның директоры Тимур Накусовты да шақырды. Төзімі таусылған кейбір құрылысшы жұмыс орнын тастап кеткен. «Бұған дейін тізімі жіберілген жұмысшыларға жалақысы сол күні төленді. Жұмыс беруші еңбекақы бойынша 9 млн теңге берешегін қайтарды. Қазір 5 жарым миллион теңге әлі қалып тұр», – деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұлов.
«Шар құрылыс» компаниясы кеңсесінің алдына да еңбекақыларын төлеуді талап етіп 50 шақты жұмысшы жиналған болатын. Олар кей жұмысшылардың «алты айдан бері еңбекақысыз жүргенін» айтады.
«Кейбіреулерге төрт ай, енді біреулерге жарты жыл бойы төлеген жоқ. Өткен жолы өтініш жаздық. Бастық «осы аптада төлеймін» деген. Бірақ апта өтіп кетті», – дейді құрылысшы Әбілда Бидашев. Ол төлейтін ақшам болмағандықтан жалдап тұрып жатқан пәтердің иесі баспанадан шығуды талап етіп жатыр деп шырылдауда.
Құрылыс компаниясының директоры Берік Аманов болса, жұмысшыларға берешек ақшаны төлеуге уәде етеді. Сөзіне сенсек, олар төрт ай бойы еңбекақыны төлей алмаған, берешек 250 миллион теңге екен.
Бұл жағдай – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас ауруы. «Қазіргі уақытта республиканың жұмыс істеп тұрған 39 кәсіпорнында жалақы бойынша мерзімі өткен берешек сомасы 1,8 мың жұмыскерге 683 миллион теңгені құрайды. Елордада заң талаптарын ескермейтін және 2 айдан астам уақыт жұмысшыларына жалақы төлемейтін кәсіпорын басшылары да кездеседі. Бұл, ең алдымен, «Шар-Құрылыс» ЖШС (326 жұмыскерге 206,5 миллион теңге) және «ДжиЭлБи» ЖШС (10 жұмыскерге 59 миллион теңге), жалпы қарызы 265 миллион теңге», – дейді Біржан Нұрымбетов.
Дегенмен өз құқығын толық білмей, «жабулы қазанды, ашпай қалдырып» кететін жұмысшылар жетерлік. Олардың көбі жалданған кезде келісімшартқа отырмай, артынан ақшасын ала алмайды да, өз еңбегін даулай алмай қалады. Бірсыпырасы өз құқығын қорғауға да арланады. Бірақ маңдай термен тапқан ақшаның игілігін кім көргісі келмейді?
«Бүгінде жалақы бойынша берешек үлкен мәселе ретінде бақылауда тұр. Осы орайда әлеуметтік әріптестер бірлесіп, құқық қорғау органдарымен бірге әр өңірде арнайы штабтар құрды», – дейді Біржан Нұрымбетов.
Айта кету керек, штабтар кез-келген ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді ескере отырып, туындаған мәселелерді шешу бағытында жұмыс жүргізеді. Ендеше, әр жұмысшы еңбек қатынастарында құқығы бұзылса, бірінші Еңбек инспекциясына жазбаша түрде шағым қалдыруы керек. Арызда аты-жөніңіз, лауазымыңыз, қай мекемеде, қандай бөлімде жұмыс атқарып жатқаныңыз және қандай еңбек қателігі болғаны жайлы неғұрлым толық аппарат беруге тиізсіз.
Еңбек заңнамасын сақтау – кез келген кәсіпорынның тұрақтылығы мен табыстылығының кепілі. Ал уақытында еңбекақы төлемеген мекеме сенімге селкеу түсірсе керек.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ