Бердібек Сапарбаев Семей жұртшылығымен кездесті

Бердібек Сапарбаев Семей жұртшылығымен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік делегация Семей қаласының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды,– primeminister.kz сайты.

Б.Сапарбаев Семейліктермен өткізген басқосуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді. Іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исин, сондай-ақ үкіметтік емес және жастар ұйымдары, бизнес қоғамдастықтар, шығармашылық және ғылым зиялылар өкілдері қатысты.

Вице-премьер өз сөзінде Мемлекет басшысының саясаты халықты еңбек етуге шақырып, мемлекеттік қолдау механизмін қолдануға бастайтынын атап өтті.

«Биыл 400 мың отбасыға немесе 2 миллионға жуық қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алайда жәрдемақының жағдайы бар адамдарға да төленіп келгені анықталды. Ескерте кететін жайт, атаулы әлеуметтік көмек тек мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі тиіс. Ал еңбекке жарамды адамдар жұмыс істеуі тиіс. Егер мамандығы жоқ болса, оқытып, жұмыс тауып беруге, грант пен шағын несие алуға, жеке бизнесін ашуға қолдау көрсете аламыз. Әлеуметтік қолдау қоғамды мемлекет асырайды деген білдірмеуі керек», – деді Б. Сапарбаев.

Сондай-ақ, кездесуде жас буынның тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері де айтылды.

«Өкінішке орай, жастар арасында, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ортасында қылмыс пен зорлық-зомбылық жағдайлары өршіп барады. Сондықтан мемлекет пен қоғам бірлесе отырып осы бағытта тиімді жұмыс істеуі керек. Ата-аналар балаларына саналы тәрбие беріп, адамгершілік, моральдық қасиеттерін бойларына сіңіре өсуіне зор көңіл бөлуі тиіс»,– деді Б.Сапарбаев.

Вице-премьер жұмыс барысында Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасында бірегей ангиографиялық құрылғымен жасақталған гибридті операция жасау бөлімінің жұмысымен танысты.


Республика бойынша бірінші болып Семейде ашылған гибридті операциялық бөлімнің ерекшелігі сонда, науқастарға бір мезгілде бірнеше ашық әдіспен және интервенциялық араласу арқылы кешенді гибридті операция жасауға мүмкіндік береді.


 Гибридті ота жасау қондырғысын орнату және ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге, оның ішінде жабдықтауға 1,7 млрд теңге жұмсалды.




Айта кетейік, кешен халықаралық JCI талаптарына сай, «алтын» стандарт жүйесі бойынша салынған. Орталық ашылғалы бері 263 операция жасалыныпты. Жалпы жыл сайын 2,9 мың операция жасау жоспары тұр. Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары Өскемен мен облыстың басқа аудандарында жалғасады.