Қазақстанда жемқорлардың жазасы күшейтілетін болды. Мәселен, биік лауазымды шенеуніктер арасында заңсыз компания құрып алып, мемлекеттік сатып алулардың ақшасын соған бағыттау бойынша кесір тәжірибе кең таралған. Енді мұндай шенділерге қарастырылған бас бостандығынан айыру жазасы 1 жылдан 3 жылға, ал айыппұл көлемі 2,5 миллионнан 7,5 миллион теңгеге дейін үш есеге артпақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірледі. Жасыратыны жоқ, бүгінде республикада жемқорларға қатысты жаза жұмсақ болып келді.
«Антикоррупциялық қызметтің жедел-тергеу тәжірибесі шенеуніктердің, әсіресе орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарда басшы лауазымдарды атқаратын тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруы кеңінен таралғанын куәландырады. Қылмыстық кодекстің 364-бабының бірінші бөлігі бойынша бұларға жазаның ең жоғарғы түрі тек 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру ғана. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы онша ауыр емес қылмыстар санатына жатқызылған. Біздің ойымызша, қарастырылған бұл жауапкершілік лауазымды тұлғалардың, ең алдымен басшылық топтың әрекеттеріне сайма-сай емес, сондай-ақ мемлекетке де, кәсіпкерлерге де келтірілген залалдың мөлшеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты, бұл қылмысты ауырлығы орташа қылмысқа жатқызу ұсынылады», – деп түсіндіреді жемқорлыққа қарсы агенттік.
Аталған заң өмірге жолдама алса, онда тыйым салынғанына қарамастан кәсіпкерлік ұйым құрып алған, сонымен қатар кәсіпкерлікке жеке өзі не сенім білдірген адамы арқылы қатысқан шенеуніктің мүлкі тәркіленеді. Бұдан бөлек, судьяның қарауына қарай оған мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу құқығынан өмір бойға айырыла отырып, не 3 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не ол 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айырылуы мүмкін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін біледі: «Әдетте, лауазымды шенеунік өз меморганы қызметінің саласында сенімді адамдары, көбіне жақын туыстары атына жеке компания құрады және онда өзі басшылық немесе ықпалды лауазымды иеленеді. Содан кейін компания мүдделерін меморганда, ведомстволық бағыныстағы ұйымдарында, белгілі бір ықпалы жүретін өзге де құрылымдарда белсенді түрде лоббилауға, қолдауға кіріседі. Шенеуніктердің өз өкілеттіктерін пайдаланып, бағынысты ұйымдардың басшылығына сыбайлас компанияларға көмек көрсету қажеттілігі туралы бұйрық берген немесе «өтінішпен жүгінген» фактілері орын алуда. Мемлекет пен кәсіпкерлікке келтіретін зардабының ауқымын ескере келе, бизнеске қатысқаны үшін күдікті деп танылған лауазымды тұлғаларға, бірінші кезекте басшылық буынға қатысты арнайы жедел-іздестіру шараларын өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – дейді агенттік.
Тағы бір жаңалық: осы құжатқа сәйкес, «Мемлекеттік қызметшілерді парасаттылыққа тексеру» (орысша нұсқасында: «проверка госслужащих на добропорядочность» деп жазылған, халықаралық тәжірибедегі атауы – integrity check) атты жаңа институт енгізілгелі тұр.
Бұл – Молдова, Грузия секілді елдердің тәжірибесі. Олардың ізімен ұлттық заңнаманы түзету арқылы парасаттылыққа тексерудің тәртібі де айқындалады. Рас, мұндай тексерісті, соның ішінде қажетті жедел-іздестіру шараларын тек соттың санкциясымен жүргізу қарастырылуда. Оған рұқсатты тергеу судьясы беруі керек: «Тергеу судьясы жүргізілетін парасаттылыққа тексеруді, сондай-ақ осы тексерудің шеңберінде жүзеге асырылуы қажет жедел-іздестіру шараларын санкциялайды».
– Қатарымыздың тазалығы – жұмысымыздың іргелі қағидаты. Біз бұл бағытты күшейте береміз. Былтыр өз құзырымыздағы Агенттіктің, Ұлттық бюроның және Академияның жеті қызметкеріне қатысты қылмыстық қудалауға бастамашы болдық. Оның бесеуі сотталып кетті. Агенттіктің ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жемқорлыққа бейімділікті анықтау үшін арнайы тексерулерді ұдайы жүргізіп тұратын болады. Келешекте бұл тәжірибені барлық құқық қорғау органдарына таратуды ұсынамыз, – деді ведомствоның биылғы алқа отырысында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев.
Бұл ретте құзырлы қызметкерлер ара-кідік өз әріптестеріне әлдебір мәселені «шешіп беруді» сұрайтын болады. Егер әлгі адам күмәнді өтініш келіп түскені жөнінде 2 күн ішінде өз басшылығын құлағдар етпесе, бұл тәртіптік өндіріс ашуға негіз болмақ.
Алайда алғаш рет енгізіліп отырғандықтан, әрі бұл тетік жаппай өзара есеп айырысу мен өш алудың және арандатудың құралына айналып кетпеуі үшін «парасаттылықты тексеру аясында пара алған және пара берген тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартпау» көзделуде.
Тиісінше, Қылмыстық кодекстің «Пара алу» деп аталатын 366-бабына және «Пара беру» атты 367-ші бабына келесі толықтыру қосылмақ: «Осы баппен көзделген іс-әрекет егер ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес өткізілген парасаттылыққа тексерістің шеңберінде жасалған болса, адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырмайды».
Бірақ көзі алайып, араны ашылып, пара алуға құмартқан қарау ниетті шенеуніктерге билікте орын болмауы тиіс. Әйтпесе, ондай тексерістің құны көк тиын. Сол себепті жаңа заң қабылданып, күшіне енгесін, «парасаттылықты тексерудің» теріс нәтижесі мемлекеттік қызметшіні теріс себептермен қызметінен босатуға негіз болады. Бұл ретте, тиісті тексеруден өтпегені үшін жұмыстан шығарылған адамдар келесі 3 жыл ішінде мемлекеттік лауазымға немесе мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларды орындаумен байланысты басқа да лауазымдарға қабылданбайды. Яғни, бірнеше жылға ол үшін шенеунік мансабының есігі тарс жабылады.
Құжат бойынша «парасаттылықты тексеру» кезінде жасалған аудио және бейне жазбалар осы тексерудің нәтижелері тиісті мемлекеттік органға хабарланған сәттен бастап 1 жыл сақталып, кейін жойылады.
Заң жобасы қазақстандық жемқорлықпен күрестегі тағы бір қайшылықты жоюға тиіс. Мысалға, орасан зор ауқымдағы ақша ұлттық компанияларда айналуда. Қаржы министрлігі мәліметінше, мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының жалпы көлемі 9,2 триллион теңгені құрайды. Оның 3,6 триллионы ғана – мемлекеттік сатып алулар. Ал «Самұрық-Қазына» қоры өткізетін тендерлерде 5 триллиондай теңге, басқа ұлттық компанияларда – шамамен 600 миллиард теңге тендерде бөліске салынады.
Әйтсе де, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекске және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, тек мемлекеттік ұйымдарда немесе квазимемлекеттік секторда басқарушы функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар ғана қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Ал жемқорлық бұлардан басқалар қолымен де жасалуы ықтимал. Сондықтан жаңа заң жобасы осы санатты кеңейтпек: оған мемлекеттік бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатына қаржыландырылатын жобалар бойынша сатып алуды ұйымдастыратын, іске асыратын мемлекеттік ұйымдардың және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері де кіреді деп күтілуде.
Биік лауазымды тұлғалардың бір қызметтен екіншісіне «өз командасымен» көшіп жүруі де жемқорлыққа жол ашатын кесір. Мұның сыртында бір ұйымда тұтас әулеттің – туған-туысқанның жұмыс істеуі одан да бетер жаман. Өйткені ондай «команда» ішке бөтен ешкімді жібермейді, тұрса да сыйғызбайды, мемлекеттік қызметті «отбасылық бизнеске» айналдырады. Сондықтан антикоррупциялық заңнамада бастықтың өз қоластына туысын алуына тыйым салынған. Алайда «Құқық қорғау қызметі туралы» заңда күш құрылымдары үшін бұл қарастырылмапты.
«Қолданыстағы заң қызметкердің туыстарына оның бағыныштылығында болуына жол береді. Салдарынан, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер» бабында белгіленген жақын туыстарының, жұбайларының және жақын туысқандарының бірлескен қызметіне тыйым қамтамасыз етілмейді», – дейді Алик Шпекбаевтың ведомствосы.
Сондықтан құқық қорғау қызметіндегі қызметкердің қоластында жұмыс жасай алмайтындар қатары толықтырылды: тыйымға іліккендер қатарында «қызметкердің жақын туыстары (ата-анасы, балалары, өзін асырап алушылар, өзі асырап алған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері және апа-сіңлілері, қарындастары, аталары, әжелері, немерелері), жұбайы және оның жақын туысқандары – ағалары, әпкелері, ата-анасы» жатқызылмақ.
Ресми дерекке жүгінсек, 2019 жылдың І тоқсанының қорытындысында Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 955 қылмыс тіркеліпті. Оның 76% немесе 725 – сыбайлас жемқорлық фактілері.
Тіркелген қылмыстардың басым көпшілігі – 50% (не 366-сы) пара алумен байланысты. Тағы 33% (240) мемлекет мүлкін ұрлау, 18% (133) лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану.
Биыл коррупцияға қатысты 1260 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Бұл қолы арам шенділердің атымен байланысты өндірістегі барлық 1924 қылмыстық істің 65%. Жылдың алғашқы үш айында соттарға 686 қылмыстық іс бағытталған.
Қалай болғанда, судьялар парақорлардың, мемлекеттің қыруар дүниесін қара басы үшін талан-тараж еткендердің басым көпшілігін айыппұлмен ғана жазалауға бейім тұратыны аңғарылады. Бірақ айыппұлдың жалпы көлемі сонша көп те емес: өткен жылы қолға түскен коррупционерлер 7 млрд 571 млн теңге айыппұл арқалады.
Мамандар тәркілеу жазасын қолданудың осылайша күрт азайып кеткеніне 2017 жылғы желтоқсанда Жоғарғы соттың өзінің «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысына өзгерістер енгізуі себеп болғанын айтады. Соған сәйкес, бұдан былай судьялар жемқордың иелігіндегі мүлік қылмыстық жолмен табылғанын тергеушілер дәлелдей алса ғана тәркілеу туралы шешім шығаратын болады.