Одақтасудың артықшылығы бар

Одақтасудың артықшылығы бар

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мен Ресей Мем­ле­кеттік Думасының төрағасы Владимир Володинмен, Федералдық жиналыстың Федерация кеңесі төра­ғасының орынбасары Ильяс Умахановпен кездесуі ба­ры­сында Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын терең­дете түсудің келешегі талқыланды.

Жүздесушілер екіжақты қаты­настардың оң қарқынын айта келіп, Қазақстанның елордасында өтіп жатқан Еуразия елдері парламенттері спикерлері Кеңе­сінің маңызына тоқталды.

Дариға Назарбаева екі елдің жоғарғы палаталарының арасын­дағы Ынтымақтастық комиссия­сының тиімділігін атап өтті. Ко­миссия мүшелері ұлттық заңна­ма­ларды жақындастыра түсудегі нақты ұсынымдар әзірлеуде ауқымды жұмыс атқарды. Жоғарғы палата басшысы экология және өзендерді қорғау мәселелері жө­ніндегі екіжақты ынтымақтастықты тереңдете түсу қажеттігіне ресейлік әріптестерінің назарын аударды. Қолданыстағы нормативтік-құ­қық­тық база қазіргі замандағы қатерлерге және Жайық өзенінде қалыптасқан жағдайға сәйкес келмейді. «Қазақстан мен Ресейдің экология мен табиғатты пайдалану заңнамаларын үйлестіретін уақыт келді. Үлгі заңдарды әзірлеп, қа­былдау қажет» деді Сенат төрағасы.

Д.Назарбаеваның пікірінше, киберқауіпсіздік саласындағы үлгі заңнамасын әзірлеу және ЕАЭО аясындағы ақпараттық саясатты белсендендіру қажет. «ЕАЭО шең­берінде көптеген интеграциялық мә­селелер бар, бірақ ақпарат кеңіс­тігінде олар талқыланбай келеді. ЕАЭО-да болып жатқан жағдай­лардан, қандай шешімдер қабыл­данып жатқанынан хабарсыздық бар» деді Сенат төрағасы.

Владимир Володин эколо­гия­лық және су ресурстарын пайдалану заңнамасын жақындастыра түсу мәселелерін аймақаралық іс-қимыл аясында талқылау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Сло­ва­кия Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данкомен кездесті. Кез­десуде Қазақстан мен Словакияның парламентаралық іс-қимылы мен экономикалық байла­ныстары мәселелері талқыға салынды.

Сенат басшысы биылғы жылы Словакия төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-мен ықпалдастыққа Қа­зақстанның зор маңыз беретінін баса айтты. Ол еліміз Словакия төрағалығының бағдарламасын қолдайтынын және алға қойылған жоспарларды іске асыруда көмек көрсетуге дайындығын жеткізді.

Д.Назарбаева сондай-ақ екі ел арасындағы сауда және экономика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне назар аударды. Қазақстан Словакияда шығары­латын машина жасау техноло­гия­ларын өзіне тартуға ерекше мүд­делі. Палата басшысының ай­туынша, Словакия кәсіпкерлері ЕАЭО артықшылықтарын пай­далана алады.

«Словакиялық кәсіпкерлерге одақтың көп миллиондық тұтыну­шысы бар нарығына шығу үшін жоғары технологиялық бірлескен кәсіпорындарды Қазақстанда ашуды ұсынамыз. Біздің еліміз өнімдеріңізді үшінші елдер нарығына ілгерілететін көпір бола алады» деді Д.Назарбаева.

Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы А.Данко Сенат төраға­сына кездескені үшін алғыс айтып, экономика және заң тұрғысында ынтымақтастықты дамытуға әзір екенін білдірді.

Сенат төрағасы мен ҚХР Бү­кілқы­тайлық халық өкілдері жи­на­лы­сының Тұрақты коми­тетінің төра­ғасы Ли Чжаньшудың кезде­суінде тараптар Қазақстан мен Қытай қатынастарының нәти­­желі дамып келе жатқанына қа­на­­ғаттану­шы­лық білдірді. Ли Чжань­шудың пікірінше, Елбасы ­­Н.Назарбаев пен Қытайдың жо­ғары басшылығы арасындағы сенімді диалог өзара табысты іс-қимылды дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол Тұң­ғыш Президен­т бас­шы­лы­ғымен Қазақ­станның әлеу­мет­тік-экономи­калық өр­кендеуде зор жетіс­тік­терге жет­кенін және елі­міздің халықа­ралық аренадағы беделінің арта түскенін атап өтті.

Сенат басшысы Президент Қ.Тоқаевтың биылғы қыркүйек айындағы Қытайға мемлекеттік сапарының маңызына тоқталды. «Сапар барысында қол қойылған Қазақстан мен ҚХР-дың Бірлескен декларациясы қос мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа дә­уірінің басталуына негіз болды» деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Өзара тиімді ынтымақ­тастық­тың келешегін тілге тиек ете келе, тараптар парламентаралық іс-қи­мылды жандандыруға, сондай-ақ кедейлікпен және кибер­қыл­мыс­пен күресте, инновация, эко­логия, ауыл шаруашылығы және басқа са­­­ла­ларда тәжірибе алмасуға келісті.

БХӨЖ Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Сенат басшысы Дариға Назарбаеваны ҚХР-ға сапармен келуге шақырды. Бұдан бөлек, тараптар халықа­ралық күн тәртібіндегі өзекті мә­селелерді, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ын­ты­мақтастықты нығайту келешегін талқылады.