Жиында сенаторлар депутаттардың өзі бастамашы болған «Кейбір заңнамалық актілерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Отырыста сөз алған Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс атқарылатынын атап өтті. М.Әшімбаев Президенттің осы бағытта нақты қандай заңдар қабылдау керегін көрсетіп бергеніне назар аударды. Сенат спикері Жолдауда Салық кодексін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге баса мән берілгенін тілге тиек етті. Одан бөлек, Мемлекет басшысы азаматтардың құқығын қорғау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру бағыттарында құқықтық негіз қалыптастырудың маңызына тоқталғаны мәлім. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң жобасының маңызы зор екенін айтты. – Бүгін І оқылымда қаралған заң жобасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Бұл өзгерістер заман талабына сай. Себебі соңғы айларда ел арасында қоршаған ортаны, жануарларды қорғауға қатысты мәселе қызу талқыланғаны белгілі. Депутаттар осы заң жобасының тұжырымдамасын қолдап отыр. Енді бас комитет жауапты министрлікпен бірлесіп, жұмыс барысында туындаған мәселелерді ІІ оқылымға дейін жан-жақты талқылайды, – деді Мәулен Әшімбаев. Заң «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салу үшін ерекше қорғалатын аумақтың құрамынан шығарылған қорық жерлерін және «Бурабай» АЭА туристік кешені үшін берілген жекелеген жер телімдерін қайтару тетігін енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта белгілі бір мақсаттарға бөлінген жер учаскелері өз мақсатына пайдаланылып отырған жоқ. Депутаттар бұл аумақтарды ұлттық парктер мен бірегей табиғи кешендердің құрамына, мемлекеттің ерекше қорғауына қайтару туралы бастама көтерді. Заң жобасына сәйкес, Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Депутаттар ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелермен емес, Үкіметтің ұсынысы бойынша бейінді ведомствомен және жергілікті әкімдікпен келісе отырып, қорық жерлерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына қайтару рәсімін оңайлатуды ұсынады. – Енді ерекше қорғалатын аумақтардан өзге мақсатта пайдалануға берілген жерлер және нысаналы мақсатына, туризмді немесе АЭА-ларды дамытуға пайдаланылмаған жерлер қайтарылуға жатады. 1 жылдан кейін, егер берілген жер ауыстырылмаса және өзінің нысаналы мақсатына пайдаланылмаса, олар Үкіметтің шешіміне және уәкілетті органның келісіміне сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қайтарылады. Мысалы, АЭА үшін «Бурабай» курорттық аймағынан 360 гектар бөлінген, оның 110 гектары пайдаланылмаған. Міне, осы телімдер қайтаруға жатады. Сондай-ақ «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты пайдаланбаған 1 002 гектар учаске кері қайтарылады, – деп түсіндірді Сенат депутаты Н. Қылышбаев.
Елдос СЕНБАЙ