Дәрігерлер неге тұтқындалды?

Дәрігерлер неге тұтқындалды?

Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаевтың әрекеті заңмен шешіледі.

Алматыдағы «дәрігерлер ісі» осы аптада жиі талқыланған оқиғаға айналды. Оқиғаларды рет-ретімен тізіп шыққанда детектив фильмнің кадрлары көрініс береді. Өйткені «...кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабымен қамауға алынған дәрігерлер ісін Экономикалық тергеу департаменті тергеп жатыр. Әлдекімдердің әлі сот шешімі шықпаған күдіктінің шашын колонияға жіберуге дайындағандай тақырлап алып тастады. Кім қайда және не үшін асығып жүргенін түсініп болмайсыз. 


Оқиға қалай басталып еді?

Шілде айының соңында Алма­ты қаласы Алатау ауданы проку­рорының орынбасары Нұрсұлтан Күдебаев жол апатына түсіп, оған Алматыдағы №4 мемлекеттік кли­никалық ауруханада ота жасалады. Дәрігерлер Н.Күдебаевтың жол-көлік апатынан сынған бұғанасына ота жасайды. Ота кезінде анестезия әсер етпей, Күдебаев оянып кетеді. Сасып қалған мамандар осы кезде екінші рет анестезия береді. Нау­қастың жүрегі мұны көтере алмай, тоқтап қалған. Дегенмен дәрі­гер­лер азаматтың есін жиғызып, ті­рілтіп алады. Одан кейін науқас Германияға жеткізіліп, сол жерде қайта операция жасалады. Н.Кү­дебаев 27 тамызда сол клиникада бақилық болады. Науқас операция үстелінде көз жұмды ма, әлде опе­рациядан кейін қайтыс болды ма, нақты ақпарат жоқ. Әзірге марқұм­ның әкесі – Алматы қаласы поли­ция департаментінің басшысы Серік Күдебаевпен хабарласу мүм­кін болмай тұр. Өзі де бұл оқиғаға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Дереккөзі көрсетілмеген ақ­парат құралдарында «неміс дә­рігерлері қазақстандық дәрігерлер

жіберген қателіктен Күдебаевты өлімнен аман алып қала алмады» деген сөйлем жүр. Бұл кімнің мәлімдемесі? Белгісіз. Сондай-ақ Н.Күдебаевтың квадроциклмен жол апатына ұшыраған күні де әртүрлі айтылады: бір БАҚ шілде айының соңы десе, енді бір БАҚ тамыз айының басы дейді. Қалай десек те, Н.Күдебаевтың жүрегі тамыз айының 27-не дейін соғып тұрған.

Н.Күдебаевтың қазасынан кейін 5 күн өткенде, яғни 2 қыр­күйекте Алматы қалалық тергеу сотының қаулысымен №4 мемле­кеттік клиникалық аурухананың анестезиологы Асқар Тұңғышбаев 2 айға қамауға алынды. Оған «Ме­дициналық немесе фармацев­ти­калық қызметкердің кәсіби мін­деттерін тиісінше орындамауы сал­дарынан адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағыл­ды. 22 қыркүйек күні дәл осы бап­пен аталған клиниканың бас дәрігері Қанат Тезекбаев та 2 айға қамалды.

 

Ақ халаттыларға араша

Қанат Тезекбаев қамауға алын­ғаннан кейін үш күн өткенде, әйелі Мемлекет басшысына ашық хат жолдады. «...№4 ауруханада Нұр­сұлтан Күдебаевтың жауырыны мен бұғанасына жасалған ота ке­зінде Қанат Марденұлы екі кө­мек­шінің бірі болды және ота жасаған дәрігермен, тағы бір көмекшімен, анестезиолог-дәрігер және медби­кемен бірге бір палатада болған және операцияның нәтижелеріне тікелей жауап бермейді» дейді Дина Тезекбаева өз хатында. Оның айтуынша, тергеу Н.Күдебаевтың қайтыс болуына дәрігердің кәсіби салғырттығы әкеп соққанына дә­лелдер ұсынбаған, науқастың жү­регінің тоқтауына жауырыны мен бұғанасына жасалған отаның сал­дары себеп болғанына да тікелей дәлел жоқ. Ол ашық және әділ тер­геу мен сот жүргізуді сұраған. Пав­лодар облысының аурухана­ларында, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық жедел жәрдем ор­та­лығында және Алматы қала­сы­ның №4 қалалық ауруханасында ұзақ жыл бойы еңбек еткен Қанат Марденұлы көптеген адамның өмі­рін құтқарғанын, бұған дейін кісінің қайтыс болуына байланыс­ты айыпталмағанын атап өткен. «Біз Күдебаевтар отбасының қай­ғысын бөлісіп, шын жүректен кө­ңіл айтамыз. Алайда оның өліміне қатысы жоқ және қатысы болуы мүм­кін емес дәрігерді қудалау және заңсыз қамауы – бізді Қанат Марденұлының не­гізгі азаматтық құқықтарын қор­ғауды сұрауға мәжбүр етіп отыр», – деп жазды Д.Тезекбаева.

Президент істі заңды түрде тергеуді тапсырды. Ал денсаулық сақтау министрі бұл мәселені жеке бақылауына алғанын айтып, елді сабырға шақырды.

 

Президент тапсырмаса, қамауда отыра бере ме?

Президент тапсырмасынан ке­йін Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаев ешқайда кетпеу ту­ралы жазбаша түрде қолхатпен қамаудан босатылды. Осы тұста үзіліс. Егер Президент істі заң шең­берінде жүргізуді тапсырмаса, күдіктілер 2 ай бойы қамауда отыра бере ме? Алматы қалалық соты Президент айтты деп, өз шешімін өзгерте салса, оның несі тәуелсіз сот? Сот неге өз позициясында тұ­­ра алмады? Біз бұл жерде дәрі­гер­лер қамауда қалсын деп тұрған жоқпыз. Егер оларды қолхатпен қамаудан босатса, демек әу баста солай қол­хат арқылы тергеуді жүр­гізе беруге болар еді ғой. Алматы қалалық сотындағылар санкцияны өзгерту заңда қарастырылған, яғни мұнда таң қалатын жайт жоқ деп отыр. Егер сот шешімін олай-бұ­лай өз­гер­туге заң рұқсат берсе, он­дай заң­ның өзін өзгерту керек емес пе?..

Сосын аталған тергеу басқар­масы тергеп жатқан адамның шашы не үшін алынғаны да біз ұға алмаған жайт болып тұр.

«Ең қорқыныштысы – оның шашын қырып тастаған. Түсіне­сіздер ме, соттың соңғы шешімін­сіз, сот болмай жатып оны кінәлі қылып қойған. Ол – 58 жаста. Қа­зақстанның еңбек сіңірген дә­рігері. Көптеген марапаттары бар. Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тан алған алғысхаты да бар және ол кінәлі болмаса да осындай жағдайға тап болды. Оның кінәсі дәлелденбеген», – деген Дина Тезекбаеваның сөзінің жаны бар.

Біз жоғарыда бұл істің Алматы қаласындағы Экономикалық ­тер­геу басқармасында тергеліп жат­қанын айттық. Әдетте эко­­номи­калық тергеу экономика­лық қыл­мыстарды қарастырады. «Кә­сіби міндетін дұрыс атқар­мау салдары адам өліміне алып келген» күдік­тілердің эко­но­микаға қандай қатысы барын білмек үшін Эко­номикалық тер­геу басқармасы бағынатын Қар­жы министрлігіне хабарласып едік, министрдің бас­пасөз хат­шысы «байланыс аясы­нан тыс жерде» екен.

 

Іске де, күдіктілер тағдырына да атүсті қарауға болмайды

Денсаулық сақтау министрлігі аталған іс бойынша мәйітті сою және сот-медициналық сараптама жұмыстары жүргізілмегенін мә­лімдеді. Ал дәрігерлерге «Меди­циналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылған. Заңгер Салтанат Рахимованың айтуынша, мұндай айып тағу үшін нақты дәлел керек.

«Әдетте, дәрігерді қамауға алу үшін Медициналық қызметтің сапасын бақылау комитеті тексеру жүргізіп, дәрігердің тарапынан диагноз қою, емдеу кезінде кеткен нақты қателікті анықтап қоры­тын­ды беруі керек. Тексеру ауру та­рихы мен өзге де медициналық құ­жат­тарды зерделеу арқылы да жүр­гізіледі. Негізі нақты өлім се­бебін анықтау үшін мәйітке пата­логоанатомиялық зерттеу жүргі­зіліп, медициналық сараптама қорытындысы беріледі. Ал егер комитеттің тексеру қорытындысы болмаса, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысы болмаса дәрігерді қамауға алуға жеткілікті негіз бар деп есептеуге болмайды. Егер іске қатысты жеткілікті мән-жайлар болса, онда күдіктіге бір тәуліктің ішінде судьядан санкция алынады. Судья санкция берер алдында Медициналық қызметтің сапасын бақылау комитетінің шешімін, яғни дәлелдерді зерделеп қарайды. Нақты өлім себебі әдетте мәйітті ашқан кезде белгілі болады», – дейді ол.

Салтанат Рахимованың пікі­рінше, бұл жағдайда сараптама жүргізген немесе эксгумация жүр­гізген дұрыс. Дәрігердің емдеу, деон­толониялық қателіктерін анық­тау оңай емес. Іске де, күдік­тілердің тағдырына да бұлай атүсті қарауға болмайды.

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының басқарушы ди­ректоры Эрик Байжүнісовтің ай­туынша, кез келген операция­ның қалай аяқталарын болжау мүмкін емес. «Кез келген амал – тәуекел. Тіпті қарапайым егу не­месе катетер орнату да – тәуекел. Мұндайда ауыр операция туралы не айтауға болады? Жол-көлік оқиғасына ұшырағандар мен түрлі жарақат алғандардың «ішін ақта­руға» тура келген кезім көп. Нау­қастың ішін ашпай түсінбейсіз. Бауыр, көкбауыр, ішек, қуық, жү­рек, қолқа – бәрі іште орналас­қан. Осының бәрін тігуге, алып тастауға, кесуге тура келді. Енді ше? Мен уролог немесе тамырдың хирургы емеспін, сол үшін мені қамап қояды деп ойланып тұруым керек пе? Операция кезінде он­дайды ойлауға мұршаң болмайды. Бастысы – науқасты аман алып қалу», – дейді. Оның айтуынша, күрделі операцияны ең тәжірибелі дәрігерлер ғана жасайды. Егер бұл мәселені тез арада шешпесек, онда тәжірибелі дәрігерлерді таппай қалуымыз мүмкін.

Ал Қазақстанның репродук­тивті медицина қауымдастығының төрағасы, профессор Вячеслав Локшиннің пікірінше, пациент­тің Германияда көз жұмғанын еске­ру керек. «Пациент Қазақстанда емес, Германияда көз жұмды. Онда неміс дәрігерлерін неге қамауға алмады? Сондықтан бұл істе Қа­зақ­стан мен Германияда жүр­гі­зіл­ген емнің экспертизасы қажет», – дейді ол.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ