Әрине, мәңгілік көрші болып отырған қос мемлекеттің арасында түрлі бағыттарда әріптестіктің орнауы заңды. Оның үстіне, Қазақстан мен Ресей бірнеше халықаралық ұйымға мүше. Олардың бірқатары аймақтық сипатқа ие құрылымдар. Айталық, ҰҚШҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы тәрізді құрылымдарға мүшеміз. Одан бөлек, екі елдің стратегиялық серіктестігі тағы бар. Экономикалық одақты да бірге жасақтағанбыз. Содан да болар, әскери ынтымақтастыққа ерекше назар аударсақ керек. Бәлкім, аймақтық күштер арақатынасында теріскейге сүйенуден басқа амал жоқ деп біле ме қайдам, әйтеуір қазақстандық әскерилердің ресейліктерден басқа серіктестері жоқ тәрізді. Айталық, 2010 жылы «Тигр» бронды көліктерінің 21 данасын алыппыз. Кейін өзіміздің «Арлан» жасала бастады. Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеулер институтының (SIRPI) зерттеулеріне қарағанда, 1991-2017 жылдар аралығында Қазақстанның Ресейден алған С-300 зымыран кешендерінің ешқайсысы жаңа болмаған. Бәрі бұрын қолданылған ескі-құсқы дүниелер. Ал 2013 жылы ортақ әуе қорғанысы жүйесін құруға уағдаласқанымызбен, биыл шілдеде Ресей Балқаштағы радиолокациялық стансаны қолданудан бас тартты. Өйткені өздерінде мұндай стансалардың бірнешеуі бар. Әрі көбі жаңадан салынған. Ал бұрын Балхаш РЛС-і Ресейді зымыран шабуылы жайлы ескертуге және ғарышты бақылауға арналған еді. Керексіз болған соң станса қалды. Енді оны не өзіміз пайдалануға күш саламыз немесе металл сынықтары ретінде жойылады. Көршілер кешенді жаңғыртып, бірге пайдалануға ынта танытпады. Ал ынтымақтастыққа қатысты құжат жобасына келсек, онда тараптардың бірі ресми өтініш жасаған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери күш қолдануды бірлесіп жоспарлау, өңірлік қауіпсіздік пен сын-қатерге қарсы бірлескен іс-қимыл жасау, әскери білім мен ғылым, жедел және жауынгерлік даярлық, халықаралық терроризмге қарсы күрес тәрізді бірқатар мәселелер қарастырылған. Сонымен қатар өзара әскери барлау саласындағы ынтымақтастық та ескеріліпті. Бірақ Қазақстан мен Ресей бір-біріне қарсы барлау жүргізбеуге міндеттенсе керек. Әрине, айтқанға ғана оңай болғанымен, кез келген елдің бір-біріне қарсы азды-көпті барлау жүргізетіні жасырын емес. Ресей масс-медиасында жарық көретін деректерге қарап отырған адам теріскейдегі көршінің біздің тыныс-тіршілігімізді, әскери әлеуетімізді, техникамызды ұдайы бақылап отыратынын аңғарады. Яғни, олар барлау жасайды деген сөз. Оның үстіне, 2014 жылдан кейін теріскейдегі көршінің әр қимылын бағып отырудың артықтығы жоқ екенін білеміз. 2017 жылы қабылданған Әскери доктринада «гибридті күрес» ұғымын енгізгеніміз де содан. Демек, құжаттағы «бір-біріне қарсы әскери барлау жүргізбеу» жайлы уағдаластықты шартты ұғым деп бағалауға болатын тәрізді. Одан бөлек, құжатта тараптардың аумағында орналасқан әскери нысандарды пайдалану тәртібі мен шарттары халықаралық келісімдер арқылы анықталатыны айтылған. Біздіңше, бұл жерде мәселе «тараптар» емес, Қазақстанда орналасқан әскери нысандар жайлы екені анық. Өйткені Ресей жерінде Қазақстанның әскери нысаны бар дегенді естімедік. Сондықтан әскери ынтымақтастықтың басты құжатына біздің елде орналасқан полигондар, әскери бөлімдер жайлы нақты шарттар енгізбеу арқылы әскерилер жалға берілген полигондарға және басқа да нысандарға қатысты келісімдерді өздерінің қалауынша өзгертуге мүмкіндік қалдырғанға ұқсайды. Айталық, 2014 жылы Қостанай және Ақтөбе облыстарының жерінен Байқоңырдан ұшатын «Союз-2» зымыранының бөлшектері құлайтын 63,2 мың гектар аумақ бөлу туралы мәселе көтеріліп, №120 алаңы белгіленген еді. Кейін Үкімет 2019 жылы екіжақты келісім арқылы Қостанай облысы Жангелдин ауданынан №120А алаңын бөліп берген. Бұл алаңның көлемі – 5,8 мың гектар. Қарапайым бұқара үшін ғарыш зымырандары бейбіт мақсатты көздейтіндей көрінгенімен, іс жүзінде Байқоңыр ғарыш айлағы да әскери нысан болып саналады. Сондықтан Ресеймен арадағы әскери ынтымақтастық жайлы құжатта осындай детальдар ескерілуі тиіс. Мұны отставкадағы подполковник Мұрат Мұхамеджанов та қолдап отыр. «Әскери ынтымақтастық жасаған жақсы болғанымен, құжатты жан-жақты талқылау керек. Меніңше, құжат жобасында нақтылық жоқ. Онда әскери полигондар, ел ішіндегі түрлі әскери құрылымдар өзге құжаттар арқылы реттелетіні айтылған. Тым болмағанда келісімшарт жобасында сондай нысандарға қатысты көзқарас болуы керек», – дейді ол. Жалпы, Ресеймен әскери ынтымақтастық ісінде Қазақстан көбіне теріскейдегі көршінің техникаларына мұқтаж екені жасырын емес. Бірақ көршінің кейбір әрекеттеріне қарап, бұл ынтымақтастықта тең құқылы бола қоймаспыз-ау деген ой келеді. «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында тұрған құжат жобасында екі елдің әскерилері арасында ынтымақтастықтың мәдени және спорттық бағыттары айтылған. Алайда бір ғана «Армия ойындарынан» мұндай ынтымақтастықтың да біржақты екенін байқауға болады. Мәселен, биыл өткен «Танк биатлонында» ресейліктер қуаттты танктермен жарысқа қатысты. Дәлірек айтқанда, бұрыннан солай. Тек мұны Қазақстанның Қорғаныс министрлігі биыл ғана ресми мойындады. Ресми мәліметтерге қарағанда, жарысқа Ресей, Қытай жен Беларусь әскерилері қуатты танктер қатыстырған. Айталық, қазақстандық жауынгерлер мінген танктің қуаты 840 аттың күшіне тең болса, ресейлік сарбаздар 1 130 аттың күші және командирдің панорамалық тепловизиялық құралы бар Т-72Б3-М танктерін, Қытай командасы Type-96B танктерін қолданған. Соңғысының қуаты 1 200 аттың күшіне тең. Мұндай жағдайда ынтымақтастық тең дәрежеде болады деудің өзі қиын. Бәлкім, Қазақстан медиасында жыл басынан бері жиі-жиі жарық көріп келе жатқан Қорғаныс министрлігінің ресейлік БТР-82А бронетранспортерлеріне құмарлығы жайлы мәселенің астарында да солтүстіктегі көршінің ықпалы бар шығар. Біздің офицерлер арасында жаһанға тек ресейлік көзқараспен қарайтындар аз емес екенін ескерсек, екіжақты ынтымақтастықта «түйенің танитыны жапырақ» қағидасы жүріп тұр ма деп қаламыз. Дегенмен «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында құжаттың жобасы ғана тұр. Егер оны қоғам мүшелері кеңінен талқылап, ой-пікірлерін қосар болса, ынтымақтастыққа қатысты келісімге халықтың талабы енуі де мүмкін. Тек азаматтардың белсенді болмағы керек.
Ардақ СҰЛТАН