«Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін»

«Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін»

Елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» атты алқалы жиын өтті.

Шара барысында «Манас» эпосының қазақ тіліндегі нұсқасы және Абай Құнанбайұлы шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық басылымының тұсаукесері өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өз сөзінде «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» деп аталған онлайн шараны тамашалап отырған қырғыз бауырлар мен еліміздің әр тарапынан қосылған зиялы қауым өкілдеріне жылы лебізін білдірді.
Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады деген еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және XXI ғасыр­дағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» мақалалары арқылы мерей­той аясында атқарылуы тиіс нақты міндеттерді межелеп берді. Алғаш рет 10-тамыз «Абай күні» деп белгіленіп, мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді.  Бұл – ұлы ақынға көрсетілген жоғары құрмет – ұлттық руханиятымыз бен әдебиетімізді дамытуға және сөз өнерін қастерлеуге жасалған тарихи қадам деп білеміз, – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.
Биыл Баку қаласында өткен Түркі академиясының Ғылыми кеңесінде 2020 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қатарында Maнас дастанының 1125 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту бекітілген еді. Манас эпосына арналған іс-шаралар жыл аяғына дейін жалғаса беретін болады. Сөзін жалғастыра отырып, Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Дархан Қыдырәлі басқарып отырған халықаралық Түркі академиясы ел мен жерді жақындастырып, түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, зерделеу бағытында нақты жобаларды іске асырып келе жатқанын да айтып өтті. Басқосуға, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Елшісі Жээнбек Кулубаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, түрколог, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, профессор, түрколог-ғалым Шәкір Ыбыраев, сонымен қатар БАҚ басшылары мен басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ҚХА мүшелері, зиялы қауым мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.