«Жаңа толқын» байқауының қазақстандық қатысушысына Ресейге кіруге рұқсат берілді

«Жаңа толқын» байқауының қазақстандық қатысушысына Ресейге кіруге рұқсат берілді

«Детская новая волна» байқауының қазақстандық қатысушысына Ресейге кіруге рұқсат берілді, – деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл мәселе ҚР СІМ мен Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің күш-жігерінің арқасында өз шешімін тапты. Кеше «Детская новая волна» халықаралық байқауының финалисі Аружан Ардақ анасы Гүлжан Сабыкеновамен бірге Мәскеуге келді. Алайда, шақырудың бар екеніне қарамастан Ресейге Түркия арқылы транзитпен келуіне байланысты қолданыстағы ережеге сәйкес елге кіруге негіз болмағандықтан анасы мен қызын Ресей аумағына кіргізбеді.

«Қазақстандық дипломаттардың айтарлықтай күш-жігерінің нәтижесінде Аружан Ардақ шекарадан өтті және біз оған алдағы конкурста шын жүректен сәттілік тілейміз. Біздің ресейлік әріптестерімізге осы мәселеде көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз. Сонымен қатар, бұл жағдай ерекше жағдай екенін еске салғымыз келеді. РФ Үкіметінің 16 наурыздағы №635-р өкіміне қосымшаға сәйкес, Қазақстан азаматтары мен ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар шетелдік азаматтардың Ресейге шектеусіз кіруі тек әуе өткізу пунктері арқылы және Қазақстаннан тікелей әуе рейстерімен ғана мүмкін екенін тағы да еске саламыз» дейді ведомстводан.
Қазақстаннан басқа елдерден Ресейге келу осы елдердің тұруға ықтиярхаты болған жағдайда ғана мүмкін. Ресейге әуе сапарын жоспарлау кезінде осы жағдайды ескеру қажет.