Ақ құс, самға! Арманың алда...

Ақ құс, самға! Арманың алда...

Иә, көрермендер Қарақат Алмас­қызын «Ақ құс» деп таниды. Өйткені ол Balapan арнасындағы «Ақ құс» сериалының саундтрегін орындаған-ды. Содан  ба,  Қарақат бүлдіршіндер арасында танымал. Оның бірде нәзік, бірде тылсым күшке ие дауысына кәрі де, жас та тәнті. Ұшқын Жамалбектің шәкірті композитордың бірсыпыра әнін орындап, қазақы нақышы бар әуенді бойға сіңіріп жүр. Ол бір сөзінде мұндай ән қазақ тілінің қаймағын сақтап, ұлттық колоритті бойға сіңір­етінін айтқан-ды. «Мен мұңсыз, үнсіз, сенсіз мұ­ңаямын». Қарақат ұлттық іріктеуде осындай мә­тінде ән салды. Себебі әкесіне деген жан толқынысын қазылар алқасы мен тыңдарманға әнімен жеткізді. Финалға дейінгі іріктеуде шетелдің Stone Gold туын­дысын орындаған-ды. Ал ком­позиторлармен кездесуде әкесіне ар­нап ән салғысы келетінін Хамит Шанғалиевке айтқан екен. «Бұл ән ішкі қазанымда қайна­ғанына ұзақ уақыт болған. Бірақ сырт­қа шығаруға жүрексіндім. Маған бір күш қажет болды. Ал Қарақат өзі­нің оқиғасын айтқанда, еріксіз көзіме жас келді. Өйткені мені де әнге, өнерге жетелеген әкем-ді. Кішкентай қыз сезімге толы туындының дү­ние­ге келуіне себепші болды», – дейді Forever әнінің авторы Хамит Шанғалиев. Тарихы бар әнді айтқан Қарақат Башанова «әнді әкеме арнап емес, әкем естуі үшін орындаймын» деген-ді. Дәл солай болды. Композитор да, халық та «мұндай әнді орындау ба­рысында кішкентай қыз жылап қалар десті». Жоқ, Қарақат мұңға толы жанарымен, ішкі дүниесімен әуезді әнді тыңдарманның көкейіне жеткізді. Сөйтіп, қазылар алқасы мен көрермен тарапынан 25,9% дауыс жинап, Польшада өтетін Junior Eurovision-ге жолдама алды. «Маған сенім артқан елдің үмітін ақтаймын» деген ол қазір қызу да­йын­дық жүргізіп жатыр. Ол 29 қара­ша күні Польша төрінде барын са­латынын айтты. Шетелдік Селин Дион, Бейонсе мен Тина Карольдің шығармашылығын сүйетін Қарақат Алмас­қызын алда жауапты сын күтіп тұр. Ал біз Қарақат Башановаға сәттілік тілейміз! Польша аспанында қанатыңды кең серпі, Ақ құс!  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ