Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультетінің деканы, «Хассақ» ансамблінің жетекшісі Ержан Жаманкеевтің айтуынша, Түркияда топтың тыңдарманы көп екен. Ондағы музыканттар мен кинорежиссерлердің тани бастауына түрік тыңдармандары әсер етіпті. Киноларға музыка жазатын Кердар есімді музыкантпен бірігіп, «Хассақ» тобы селжұқтар туралы тарихи сериалға арнап бір музыка жазған. Одан бөлек, түрік режиссері екі альбомдағы тоғыз шығарманы алуды өтінген. «Біз авторлық рұқсатты бердік. «Uyanys: buyuk selcuklu» («Ояну: ұлы селжұқтар») сериалы 4 жылдық жоба екен. Алдағы уақытта біз өзіміздің үшінші альбомымызды шығарамыз. Енді олар сол альбомдағы туындыларды сұрап отыр. Үшінші альбомымыздың алғашқы шығармасын жіберіп қойдық. Енді екеуін жолдаймыз», – дейді топ жетекшісі «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында. Айта кетсек, Uyanys: buyuk selcuklu сериалы селжұқтардың (түркі-оғыз әскерінің сол қанатын құраған қынық тайпасынан шыққан әулет) тарихынан сыр шертеді. Туындыда селжұқтардың соғысу тактикасы, түрік халқына әкелген жеңістері баяндалады. Жалпы, «Хассақ» тобы 2013 жылдың 1 ақпанында құрылған. Үш бейнебаян, 12-ге тарта шығармадан тұратын екі таспасы бар. Топ құрамындағы өнерпаздар – бесаспап, яғни мультиинструменталистер. Бір шығарма ішінде топ мүшелері бірнеше аспапты ойнайды. Арасында қазақтың ұлттық 30 аспабына дейін ойнайтын музыканттар бар екен.
Айша ЕРСҰЛТАН