Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Хабар" телеарнасына берген сұхбатының толық мәтіні.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына сұхбат берді. Емен-жарқын әңгіме барысында Елбасы саяси жаңғыру үдерісі және елдің даму болашағы туралы өзекті сауалдарға ашық жауап берді. Сонымен қатар Елбасы журналистерге өзінің жаңа жұмыс кестесі туралы айтып, Nur Otan партиясының жұмысын жандандырудың басым міндеттеріне тоқталды.
Тілшілердің алғашқы сұрағы 2019 жылғы 19 наурызда Н.Назарбаевтың өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатуына қатысты болды. «Содан бері жарты жыл өтті. Қабылдаған шешіміңізге өкінбейсіз бе?» – деген сауалға Елбасы «Өкінбеймін!» деп жауап берді. Өйткені бұл «әр қырынан әбден ойластырылған шешім болатын».
Тұңғыш Президент Қазақстанның билік тізгінін 30 жылдай ұстағанына назар аудартты. Ал егер Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің хатшысы болған 1979 жылдан есептесе, 40 жыл толады.
– Біріншіден, осы жылдар бойы дауыс беріп, сайлаған халқыма алғысым шексіз. Бәлкім, азаматтарда бір тұлғаның басқаруынан шаршау сезімі де бар шығар дедім. Екіншіден, өзгерістер қажет болды. Өмір бір орында тұрмайды. Жаңа адамдар, жаңа кадрлар қажет. Сондықтан бұл толыққанды ойластырылған қадам болатын. Мен халқым үшін, Қазақстан үшін дұрыс жасадым деп ойлаймын және ешқандай өкінбеймін. Әлемдегі көптеген мемлекеттердің басшылары қоңырау шалып, өкініштерін білдірді, сонымен бірге билік транзитін қантөгіссіз, бейбіт, демократиялық жолмен өткізгенімізге қуанатындарын жеткізді. Сол себепті мұны көптеген сарапшылар үлгі-өнеге ретінде ұсынады. Ендігі мәселе – 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерді төгіп-шашып алмай, молайту, – деген Н.Назарбаев осы кезеңде қазақ елінің табыстары толайым екеніне тоқталды.Жалпы, отыз жыл ел басқарып, экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек ету кез келген адамның қолынан келе беретін дүние емес. Осы орайда журналистер Тұңғыш Президенттен табысты қызметінің сырымен бөлісуді өтінді.
– Ол туралы көп жазылды. Биыл менің ел басқаруымның 30 жылдығын қорытындылауға арналған конференцияда танымал азаматтар сөз сөйлеп, қандай қиын-қыстау кезеңдерді еңсергенімізді, не істегенімізді жан-жақты талқылады. Елдің сенімін арқалап, осы жылдар ішінде серіктестеріммен, замандастарыммен бірге ғасырға татитын шаруаны атқардық. Оның бәрі жұртшылыққа мәлім. Елдің әл-ауқатын арттыру үшін ең бастысы – экономика. Экономика өспесе, экономика өнімді болмаса, мемлекеттің қалтасында қаржы болмайды. Мемлекетте қаржы болмаса, зейнетақыны да, жалақыны да төлей алмайды. Айта кетейік, осы жылдар ішінде экономикамыз 20 есеге жуық өсті. 2 мыңға жуық аурухана-емхана, 1,5 мыңнан астам мектеп, мыңға тарта балабақша салынды. Осындай қамқорлықтың, ел табысының ұлғаюы арқасында қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жастан 73 жасқа дейін артты. Бұйыртса, одан да жоғарылап, 80 жасқа дейін жетеді. Мұндай бізде қашан болды? Ешқашан болған емес, – деді Елбасы.
Ол халықтың саны да, құрылымы да өзгергенін еске салды.
– Мысалы, 1991 жылы мен тәуелсіздікті жариялар кездегі жағдайға қарасақ, Парламентте Жоғарғы кеңес депутаттарының ішінде қазақтардың үлесі небәрі 44 пайыз болатын. Қазақстанда да ұлтымыздың үлесі соған шамалас еді. Ал бүгінде Қазақстанда қазақтар үлесі 70 пайызға жетіп қалды. Біз үшін бұл үлкен жетістік! Кеңес Одағы құлағанда оның құрамында болған елдер не істерін білмей қалды. Басқа ұлт өкілдері тарихи отандарына үдере көшкенде, халқымыздың саны 14 миллионға дейін азайып кетті. Қазір Құдайға шүкір, 18 миллионнан асып жығылдық. Бұдан бөлек, елорданы Алатаудың баурайынан Арқаның төсіне алып келу де оңай шаруа болған жоқ. Осы сұхбат алдында ғана Моңғолия премьер-министрі Ухнаагиин Хурелсүхпен кездестім, олар да Ұлан-Батырдың түбінде қала салайын деп жатыр. Бұл ретте біздің тәжірибені үйренгісі келеді. Бізде кезінде астананы көшіруге қарсы адамдар көпшілік еді. Себебі сенбеді. Жағдай қиын, Үкіметте ақша жоқ. «Бұл қаланы қалай саласың, не су шықты Алматыдан?» дегендей көп әңгімені естідім. Бірақ бұл геосаясаттың шаруасы болатын. Оны түсіне алатын адам түсінеді. Бұл жақта қазақ қалмай бара жатқаны аңғарылды. Ал қазір Қазақстанның ең қазақы шаһары – Нұр-Сұлтан қаласы болып отыр. Мен кейде қарап отырып, істелген жұмысты көре отырып, өзіме-өзім таңғаламын. «Өз көзіме өзім сенбеймін» деген сөз бар ғой. Бұл қалай қолдан келді?! Біздің буынның атқарған шаруасы еді бұл! Елдің қолдауына, осылай жігер бергеніне ризамын! – деді Тұңғыш Президент.
Сұхбат алушы журналистер Қазақстанда қос билік орнағаны жөнінде әңгімелер бас көтеріп қалатынын айта келе, бұл тараптағы алып-қашпа әңгімелерге нүкте қоюды сұрады. Елбасы мұндай сөздерді арагідік көзі мен құлағы шалып қалатынын айтты.
– Бұл әрине, жалған сөз. Ондай қауесетті Қазақстанда тұрақтылық болуын қаламайтын адамдар әдейі таратады. Халық екіге жарылсын, өзара тайталасқа түссін дейді. Шетелдегі қашқын ұрылар, Отанды сатқандар жатжұрттардан сөз таратып, халықтың тыныштығын бұзуды қалайды. Бұл байламдардың еш негізі жоқ. Өйткені Қазақстан президенттік билік нысанындағы унитарлы мемлекет. Президент Қ.Тоқаевты халық сайлады. Ол енді Мемлекет басшысы. Ал өзіме келсек, заңға сәйкес, ішкі және сыртқы саясат мәселелерін шешетін, кадрларды келісімнен өткізетін Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасымын. Бірақ бұл алқалы орган, оған елдің барлық басшы тұлғалары кіреді. Қателікке жол бермеу үшін олармен ақылдасып, ұжымдық шешім қабылдаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол Елбасы ретінде сондай-ақ Nur Otan саяси партиясына, Қазақстан халқы ассамблеясына басшылық ететінін жеткізді.
Тұңғыш Президент өзімен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кеңесетінін, ондай жағдайда көпжылдық мол тәжірибесіне жүгініп, елге игілік әкелердей ақыл-ой қосуға тырысатынын мәлім етті. Бірақ ол кеңесті кез келген адам бере алатынына, ақырғы шешімді бәрібір Президенттің өзі қабылдайтынына екпін түсірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақстандық саясаттың сабақтастығы сақталатынын жариялағандықтан, оның Елбасымен ақылдасуы еш әбестік болмаса керек.
МЕМЛЕКЕТТІҢ ТЫНЫШТЫҒЫН САҚТАУ – МАҢЫЗДЫ
«Неге сіздің таңдауыңыз Қ.Тоқаевқа түсті? Өзге кандидатуралар қарастырылды ма?» – деген сауалға жауап қатқан Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі үміткерлер қарастырылғанын мәлімдеді.
– Төңірегімде көптеген жақсы азаматтар болды, жастары өсіп-жетілді, оны өздеріңіздер көріп-біліп жүрсіздер. Шынымды айтайын, бірнеше адамның кандидатурасын қарадым. Соның ішінде барынша сай келетіні – Қасым-Жомарт Тоқаев деген тоқтамға келдім. Неге? Біріншіден, ол менің жанымда ширек ғасырдан бері келе жатқан адам. Оны білемін. Ол да менің жұмысымның сыр-сипатын жақсы біледі. Екіншіден, Тоқаев – қазақтың бірден-бір сауатты азаматы. Үшіншіден, ол дипломатиялық қызметте жүріп, шетелге танымал болды. Мемлекет басшылары да таниды. Менің ұсынысыммен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында Женевада жұмыс істеді. Оншақты жыл Сенатты да басқарды. Яғни, заң шығару саласын меңгерген. Естеріңізде болса, кезінде оны Үкімет басшысы етіп тағайындағанмын, 2 жылдан артық жұмыс істеді. Ел басқару оңай нәрсе емес. Ел басқара аламын деп әркім-ақ ойлайды. Бірақ бұл істің барлық сынағынан өзің өтуің керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы солардың біразынан өтті деп санаймын. Nur Otan партиясының, менің ұсынуыммен сайлауға түсті, халық оны Президент ретінде сайлады. Енді бар істе осы Президентімізді бәріміз қолдауымыз керек. Елге сол қажет, – деді Елбасы.
Ол жаңадан қолымызға түскен Тәуелсіздікті сақтау шарты – ел бірлігін, мемлекет ішіндегі тыныштықты сақтау екенін нықтады. Осы тұста Н.Назарбаев Төле бидің бірлігі жоқ елге қатысты толғауын тілге тиек етті. «Көкірек қаққан хандарым Лауазымға таласып, Быт-шыт қылды елімді. ...Бұл қазақтың даласы Тегінде нені кермеген. Неше бір жайсаң баласы Шешен де болып сөйлеген. Көсем де болған ойменен. Бірақ соның бәрі де Ыдырап жатқан қазақтың Қоса алмады бастарын. Бейбіт жатқан елімді Жаулап алып қор қылды, Көк атты келіп көлденең» деген Төле би.
– Заманында дүниежүзіндегі ең ұлы империя болған Римнің философтары: «Глупые молодые ораторы уничтожили мою республику» деп айтқаны бар. Біздің халқымыз дана. Үлкені-кішісі бірауызды болып, тентекті жолға салып, елімізді алға бастыруымыз қажет. Алдымызда толып жатқан мәселелер бар. Дүние қым-қуыт, шым-шытырық. Алып мемлекеттердің өзі бір-бірімен келісе алмай, сауда жағынан, санкция жағынан текетіресуде. Қазақстан үлкен державалар ортасында орналасқан мемлекет. Біз әруақытта өте мұқият болғанымыз абзал. Елдегі тыныштық арқылы ғана өркендеп, өсе аламыз. Біз әзірге жететін жерімізге жеткен жоқпыз. Осындай қарқынмен қозғалған Оңтүстік Корея тек 54 жыл ішінде ғана жетті. Басқалары 40-50 жылдан кейін барып аяғынан тік тұрып, қазіргі жағдайына келді. Барлығын жасап алдық деп тоқмейілсуге болмайды. Алда ел үшін, халық үшін істейтін талай жұмыс бар. Сол жұмысқа келер ұрпақ дайын болуы қажет. Менің буыным өзіне жүктелген тарихи миссияны абыроймен атқарды. Енді жаңа буын бізден жақсырақ істесін. Оны да көрелік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сұхбат кезінде өткенге шола қарап, өзінің президенттік қызметін қорытындылай кетті.
– Егер ойлана, сарапқа сала келе, осы жылдары оң нәтиже шығармағанымды түсінсем, мүмкін, кетпес те едім. Президенттік өкілеттігім 2020 жылдың аяғына дейін созылатын. Бірақ оған қараған жоқпын. Елімізде де, сырт сарапшылар да Қазақстанның осы жылдардағы өсіп, өркендеуіне оң баға берді. Біз бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған республикалар арасында ең жылдам реформаларды іске асырдық. Экономикамыз да тез өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасының көлемі көрші төрт ағайынды елді – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанның бәрін қоса санасақ, одан екі есе үлкен. Бұл – істелген жұмыстың нәтижесі. Біз дүниежүзілік тәжірибені пайдаланып, стратегиялық бағдарламалар жасадық. «Қазақстан – 2030» стратегиясын уақытынан бұрын орындап тастадық. Қазір 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Соның аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру», индустриялық даму және басқалары істеп жатыр. Негізгі мақсат – өркендеп-өскен, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу. Сонда еліміздің жағдайы сол елдердегідей болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Кейде күнде көріп жүргесін әр нәрсенің байыбына барып, бағасына жете бермейміз.
– Қазақстандық жас ұрпақ тәуелсіздік жылдарындағы қиыншылықтарды біле бермейді. 90-жылдары не болғанын қайталап айтып отыру керек. Пәтерлерге жылу берілмей, жұрт суық үйлерде тұрды. Электр қуаты аптасына бір-ақ рет берілетін. Жалақы, зейнетақы, басқасын төлеуге ақша жетпеді. Дүкен сөрелері босап қалды. Біз сондай ауыр ахуалдан бастадық. «Сендер мемлекет бола алмайсыңдар! Сендерде ешқашан мемлекет болмаған» дегенді мен талай естідім. Әйткенмен, мемлекетіміз құрылды, мемлекеттілігімізді дүниежүзі мақұлдады. Қазақстанда шегенделген шекара да болмаған. 14,5 мың шақырым шекарамыздың барлығын келіссөз арқылы бекітіп, құжаттап, БҰҰ-ға тапсырдық. Егер шекараның 1-2 шақырымына қатысты дауы шешілмесе, ол ұдайы тайталас, соғысқа бастайды. Оның барлығын шешіп, шекараны шегендеп, келер ұрпақ алдынан ондай проблеманы алып тастадым. Бұл деген – өте үлкен табыс! – деді Н.Назарбаев.
САЯСИ ПАРТИЯНЫҢ РӨЛІ – ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ БОЛУ
Журналистер Nur Otan партиясын жаңғырту, қайта жандандыру не үшін жасалып отырғанын да сұрады.
Елбасы қазіргі заман үдемелі қозғалысты, әбжілдікті талап ететінін атап өтті.
– Партия мүлгіген қалыптан белсенді іс-қимылға көшуі тиіс. Себебі, ол билік партиясы, депутаттардың басым көпшілігі, Үкімет, барлық басқарушы органдардың басшылары осы партиядан. Президентіміз де Nur Otan атынан сайланды. Демек, партия халық пен билік арасындағы байланыстырушы буынға айналуға, жергілікті жерлердегі адамдардың мұң-мұқтажын жақсы білуге тиіс. Оның барлық өңірде, ауылдарда, аудандар мен қалаларда 800 мыңдай мүшесі бар. Яғни, ауыл-аймақта не жасалып жатқанын біледі. Жақсы бағдарламалар мен шешімдер қабылданады. Президент Жолдауын жариялайды. Ал ары қарай не болады? Бұл ретте партия біріншіден, қабылданған шешімдерді жан-жақты түсіндіруі қажет. Екіншіден, іс ілгерілемесе кез келген министрді шақырып алып, жұмыстың неге жүргізілмей жатқанын сұрауға құқылы, – деді Елбасы.
Оның байламынша, саяси партияның рөлі – халықпен бірге болу, оның қажеттіліктерін билікке жеткізу және биліктің елдің бірде-бір өтінішін қараусыз қалдырмауына ықпал ету.
Н.Назарбаев Nur Otan партиясының қызметін қайта жандандыру – оның жаңа міндеттер мен жаңа деңгейге сәйкес қайта құрылуын талап ететініне назар аудартты.
«Соңғы кездері урбанизация үдерісінің белсенді жүргізілуіне байланысты ауылдар мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесінің өзектілігі арта түсті. Жастардың көбі қалаға келіп, осында тұрақтап қалғысы келеді. Бұл бір жағынан, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Еліміз урбанизация үдерісінен қалыс қалмай, ауыл шаруашылығын да дамыта алады ма?» – деген сұрақ қойылды.
Тұңғыш Президент урбанизацияны мемлекет жасанды түрде жасап жатпағанын нұсқады.
– Урбанизация жасауға арналған бағдарлама жоқ. Ол халықтың өзінің қозғалысы. Оған кедергі болу қиын. Бірақ дүниежүзілік тәжірибеге жүгінсек, алып мемлекет Американың ауыл шаруашылығына тартылған, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын халқының үлесі 5 пайыз ғана. Бізде қазақстандықтардың 43 пайызы ауылда тұрады дейміз. Бірақ оның 20 пайыздайы ғана ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Қалғаны – келіп-кетіп, қала төңірегінде тұратындар. Германияда да, Канадада да халқының 5-7 пайызы ғана осы секторда істейді. Неге олай? Өйткені оларда ауылдағы еңбек өнімділігі өте жоғары. Техникалары өнімді. Химияны үлкен көлемде шығарады және тұтынады. Соның нәтижесінде жұмыс орындары өзінен-өзі қысқара береді. Ешкім де қазір бекерге ақша шашқысы келмейді. Өнімді әрі табысты болу үшін әрбір ақшасы есептеулі. Сондықтан біз ауыл шаруашылығына көп көңіл бөліп келе жатырмыз. Дүниежүзінде барлық мемлекеттер ауыл шаруашылығын субсидиямен қолдайды. Мен де тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бері ауыл шаруашылығына көп мән бердім. Неше түрлі реформалар жасадық. Қазіргі бағдарламаларда да субсидия бар, бірақ бізде еңбек өнімділігі өте төмен. Астықты әр гектардан 13-14 центнерден алсақ, соған қуанамыз. Мына көрші Қытайда 25 центнерден кем алмайды. Канадада одан да жоғары. Себебі, бізде тыңайтқыштар жетіспейді. Біздегі егіншілер техникамен толық қамтамасыз етіліп болған жоқ. Ауыл шаруашылығын осы бағытта дамытсақ, бұл салаға сонша адамның қажеті болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу индустриясын өркендету керектігін айтты.
– Урбанизация мәселесіне жауап табу үшін қазіргі озық өндірістерге барсаңыз, олардан ешкімнің кетпейтінін байқайсыз. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында «Зенченко» компаниясы, Ақмола облысында «Родина» компаниясы бар, оларға барған жастар сонда қалады. Оларға үй береді, оқытады. Өңдеу жолға қойылған, сол кәсіпорында істейді. Егер қалада үйі болмаса, жұмысы болмаса, не істейді? Ал әлгіндей ауылдарда жағдайы жақсы. Ауыл шаруашылығындағы азаматтар жағдай жасап, жастарды өздеріне тартуы қажет. Кейбір адам қалада, кейбірі ауылда тұрғысы келеді. Біз де ауылдан шыққан баламыз, ауылды аңсаймыз. Бүгін «Егемен Қазақстанда» жусан туралы мақала шығыпты. Жусанның иісі адам бойын сергітеді дейді. Расында, ауылға барғанда, ең алдымен бір түп жусанды жұлып аласың да, иіскейсің, иісі аңқып тұрады. Фильмде Сұлтан Бейбарыс жусанды иіскеп барып, қай елден екенін таныған ғой. Ауыл деген бәріміздің бесігіміз. Ауылға деген – қамқорлық әрдайым мемлекеттің басты міндеті болғаны абзал: бақылап отыруы, жағдай жасауы керек. Техниканы, тыңайтқыштарды көбірек шығарып, өнімді көбірек өндіріп, аз адаммен көп өнімге қол жеткізетін жағдайға келгеніміз жөн. Урбанизациядан қорқуға болмайды, оны ешкім тоқтата алмайды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Қытаймен арадағы қарым-қатынастарға тоқтала келе, тасада тұрып тас атуды, сырттан қазақстандықтарды айдап салып, таластыруды мақсат тұтқан зәлім күштерге ермеуге шақырды.
– Өзінің елінде жаманшылық болсын дейтін арамза адамдарға қалайша бүйрегіміз бұрады, айтыңыздаршы? Қазақстан жаман болсын, қазақстандықтар бір-бірімен қырылыссын деп көксейді. Сондықтан ондай жауыздардың сөзін тыңдамау керек. Менің жасым үлкен, менің істеген істерім халықтың көз алдында. Ұлттың ақсақалы, жанашыры ретінде айтарым, жастарға берер ақылым: ең алдымен білім алуға тырысу қажет. Еңбексіз келетін жақсылық бар дегенге сенбеңіздер. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай бабамыз өсиет еткен. Біз ұрпақты еңбекке, білімге баулуымыз керек. Жақсы білім алсаң, еңбек етсең, өзің де жақсы боласың, отбасыңды да асырайсың, ешкімге барып тіленбейсің. Қазақстандағы барлық отбасылар, қазағымыз осы мәселеде ойлануы керек. Арандатуға ешқашан көнбейік. Барлығымыз елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, Қазақстанымыздың тәуелсіздігі мәңгі болсын деп ойлауымыз керек. Сонда бар жақсылық бізге де, келер ұрпаққа да болады. Дүниежүзіне сыйлы, құрметті ел боламыз. Соған не жетсін?! – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы еліміз тәуелсіздік алғалы бері қазақ үшін қасиетті руханият орталықтарының дамуына ерекше қолдау білдіріп келеді. Рухани жаңғырған, жанданған қалалар қатарында сан ғасырлық тарихы бар Түркістан көш бастап тұр десек қателеспеспіз. Тұңғыш Президент Жарлығымен былтыр Түркістан облыс орталығына айналды. Арнайы Түркістан облысы құрылды. Дәл осындай тарихи шешім қабылдауға не түрткі болды?
ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ОТАНЫ
Н.Назарбаев бұл көптен ойда жүрген мәселе екенін растады.
– Тіпті кезінде елорданы таңдағанда Түркістан жайлы ойлағанмын. Ол кезде кішігірім қала. Бірақ астананы ол жерге апармайтын болдық. Себебі бұл онсыз да біздің рухани орталығымыз. Бүкіл түрік әлемінің рухани орталығы. Қожа Ахмет Ясауидің шығармалары мен ой-пікірлері де сол жерде туған. 1500 жылдан астам және одан да көп тарихы бар ежелгі қаланы осы күні жандандырудамыз. Осының жайын бұрыннан ойлап келе жатқан едім. Алайда астананы салғаннан кейін оған қаражат та болмады. Шымкент миллион халқы бар қалаға айналғаннан кейін одан елорда, Алматы сияқты тікелей орталыққа бағынатын республикалық маңызы бар қала жасадық. Тиісінше, облыс орталығы мәртебесінен алшақтады. Сондықтан мен Түркістанды облыс орталығы деп жарияладым. Түркістан облысын құрдым. Барлық түркітілдес мемлекеттер, басқалары да бұл шешімді қолдады. Мен мұны дұрыс шешім деп санаймын, – деді Елбасы.
Ол Түркістаннан тарихи келбет пен заманауи сәулетті үйлесімді қабыстырар керемет шаһар шығарына сенім білдірді. Қазір қала орталығы жаңадан салынып жатыр. Неше түрлі мұражайлар – Қожа-Ахмет Ясауидің, Қазақ тарихының, Түркі тарихының мұражайлары тұрғызылуда. Үлкен ғимараттар, қонақүйлер, медиа орталықтар, мектептер, ауруханалар, саябақтар және басқасы бой көтеруде.
– Халқымыз көп тұратын жерде, қазақтың қаймағы бұзылмаған жерде тағы бір жаңа орталықтың пайда болғанының не жаманшылығы бар, жақсылықтан басқа?! Ол жерге мыңдаған туристер келетін. Енді одан бетер көбейетін болады. Өйткені заманауи қонақүйлер, әуежай салынады. Қала Ресейге дейін жететін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан. Ар жағында Ташкент қаласымен де қарым-қатынасы жақсы. Меніңше, тағы бір үлкен қаламыз, жаңа облысымыз пайда болғаны қуанышты жағдай. Оған бәріміз атсалысуымыз керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
«Сіздің баспасөз хатшыңыз жұмыс күніңіздің шет-жағасын көрсетіп, кейде сыр шашып қояды. Негізі, бүгінде Сіздің жұмыс күніңіз қандай екені қызықтырады?» – деп сұрады журналистер.
БІРЛІК БОЛМАЙ, ТІРЛІК БОЛМАЙДЫ
Елбасы Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тапсырғаннан кейін тынығып, өз шаруаларымен айналысу жайын армандағанын, бірақ әзірге оған қолы тимей тұрғанын әзілдей жеткізді.
– Қабылдауыма сұранатын адамдарды қабылдаймын. Қазір мен ешкімді де өзіме шақыртпаймын. Менің міндетім конституциялық заңмен бекітілген. Партияның, Қазақстан халқы ассамблеясының жұмыстарымен шұғылданамын. Қауіпсіздік кеңесінің міндеттері де бастан асады. Әрине, әртүрлі халықаралық форумдарға да шақыру бойынша қатысамын. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақтың Құрметті төрағасымын. Мені Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің (Түркі кеңесі) де Құрметті төрағасы ретінде сайлады. Оның отырысы алдағы апта басында Бакуде өтеді. Сапарлап барамын. Осындай форумдарда Қазақстанға қатысты мәселелер де шешіледі. Өзара қарым-қатынастарға, сауда-саттыққа серпін беріледі, келісімдер бекітіледі. Яғни, бұл лауазымда да мен Отанға қызмет жасауды жалғастырудамын. Жеке басыма уақыт аз қалады, – деді Н.Назарбаев.
Ол сурет салумен айналысу туралы бұрынғы арманын жүзеге асыруға ниеті барын хабарлады.
– Пейзаж салғанды, табиғатты кескіндегенді ұнатамын. Алда музей құрылысы аяқталады. Сонда өзім салған суреттерді ел назарына ұсынбақпын. Көрме болуы үшін 30 шақты сурет қажет деп жатыр. Менде соншасы бар. Әрине, шедевр бола қоймас, бірақ достарым, таныстарым көрсетуді сұрайды. «Күте тұрыңдар, көрмеге қоямын» деймін оларға. Немен айналысқыңыз келеді деп сұрап жатқасын айтып отырмын. Домбыра сыртында гитарада ойнауды үйренгім келеді. Сондай-ақ бұрын уақытым жете бермеген саяси кітаптарды, әлемдік көркем әдебиетті көп оқимын. Менде көп кітап жиналып қалды. Ендеше, зерігуге артық уақыт жоқ. Балалармен, немерелеріммен жиі көрісуді қалаймын. Қазіргі балалар басқаша, олардың толып жатқан өз мүдделері мен қызығушылықтары бар, бос уақыты жоқ. Оқуы, жұмыстары көп, ойнауға да мұршалары жетпейді. Менің жұмыс кестем осындай. Кеңес сұрап жүгінсе, кеңес беремін. Сұрамаса – бермеймін. Егер бір нәрсе бұрыс болып жатса, тыныш қана отыра алмаймын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Ол өз ғұмырын елге қызмет етуге арнаған адам екенін қайталай айтты.
– Менің бұрынғы өмірімде де, қалған өмірімде де барлық ойым – еліміздің, Қазақстанның тыныштығы мен өсіп-өркендеуімен байланысты. Қолымнан келгенше, осы жұмысты істеп келе жатырмын, өмірбақи осы іспен айналысып өтемін. Менің басқа арманым да жоқ, басқа ойым да жоқ. Тек қана еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен, өсіп-өркендеуде тоқтап қалмаса екен деген мақсат. Меніңше, елдің де мақсаты осындай болуы керек. Бірлік болмай, тірлік болмайды. Бір болсақ, бір-бірімізді түсінсек, сонда ғана жеңіске жетеміз. Отыз жылғы жұмысты қалай бағалайсыз дегенде айтқым келгені, мені бүкіл халық болып, 6 рет Президент етіп сайлады. Алтауында да 80-90 пайыз арасында сайлаушылар маған дауыс беріп отырды. Халықтың осы сенімі маған қуат берді! Егер ел басшылығы мен халқы бірге болса алмайтын қамалы, шықпайтын төбесі жоқ. Бір болғанда табысты боламыз, бір болғанда барлық жұмысымыз өнеді. Еліміз мәңгі болсын! – деп қорытты сөзін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.