Білім беру сапасы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейі мемлекеттің дамуына және ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі екені белгілі
– Болатбек Серікбайұлы, әлемнің 15 мемлекетінен арнайы келген делегаттар III Орта азиялық халықаралық форумға қандай мақсатпен жиналды және онда қандай мәселелер көтерілді.
– Форумға Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринова, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің халықаралық және еуропалық желілерінің, шетелдік аккредиттеу органдарының, шетелдік білім беру ұйымдарының (Бельгия, Венгрия, Германия, Нидерланды, Түркия, Ресей т.б.), қазақстандағы ұлттық және басқа оқу орындарының ректорлары қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – білім сапасын қамтамасыз ету және білім сапасын бағалауда халықаралық аккредиттеудің рөлін арттыру. Сонымен қатар университеттердің академиялық еркіндігін және басқарушылық дербестігін кеңейту, сапа мәдениетін қалыптастыру. Басқосуда оқу бағдарламалары мен білім алушыларды халықаралық стандарттар бойынша даярлау мәселесі қозғалды. Екі күнге жалғасқан жиын барысында талқыға салынған проблемалар мен айтылған маңызды ұсыныстар жоғары білім саласын дамытуға оң үлесін қосары сөзсіз.
– Білім сапасының шартары бойынша шетелдік тәжірибелерге мысал келтіре кетсеңіз?
– Білім беру сапасы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейі мемлекеттің дамуына және ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі екені белгілі.
Қазіргі таңда әлемнің барлық елі университеттерін дамыту, кадр даярлау жүйесін жетілдіру мәселелерімен айналысуда. Қытайды мысалға алсақ, 1995 жылдан бастап университеттерді дамыту бойынша бірқатар жоба іске асырылып, соңғы 10 жыл ішінде университеттері әлемдегі ең үздік рейтингтерде алғашқы орындарға суырылып шықты. Мысалы, QS рейтингі бойынша 10 жыл бұрын 100 үздік қатарында 2 университет болса, биылғы жылы 6 оқу орнына жетіп отыр.
Дәл солай Ресейде 2013 жылдан бері әлемдік деңгейдегі университеттерді құру бойынша жоба сәтті жүзеге асырылып, олардың университеттері әлемдік рейтингтерде тұрақты өсім көрсетіп отыр.
2017 жылы Түркия үкіметі университеттердегі инновациялық ғылымды дамыту мақсатында 10 жетекші университетті қолдау жобасын бастады. Санаулы жылдар ішінде Түркия университеттері айтарлықтай жетістіктерге жеткенін байқауға болады.
– Қазір Қазақстандағы ЖОО-ларда кездесетін негізгі проблемалар қандай деп ойлайсыз?
– Дүниежүзіне белгілі білім саласының сарапшысы Роналд Барнетт университеттерді келесі сипаттар бойынша топтастырады: университет 1.0 – білім беретін, университет 2.0 – білім беретін және ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізетін, университет 3.0 – білім беру, ғылыми зерттеу және инновацияны өндіріске жеткізетін университет. Ал жаңа буындағы 4.0 университетінің қызметі – білім беру, ғылыми-зерттеу, зерттеу нәтижелерін коммерциализациялау және қоғам мәселелеріне шешім табу. Дүниежүзіндегі жетекші университеттерді 4.0 класына жатқызуға болады.
Бүгін Қазақстанда әртүрлі меншік нысаны бар 131 жоғары оқу орны қызмет көрсетеді. Біздің ойымызша отандық университеттердің басым көпшілігі 2.0 класына тиесілі, ал 3.0 класына жататын санаулы ғана оқу орны бар. Сол себептен халықаралық рейтингтердегі отандық университеттердің алатын орны да көңіл толарлықтай емес. QS рейтингі тізіміне біздің тек 10 университет қана енген. Алайда соңғы үш жыл ішінде бұл университеттердің басым бөлігі өзінің позициясын әлсіретіп алды.
– Ендеше, еліміздің ЖОО-ын әлемдік деңгейге көтеруге не кедергі деп ойлайсыз?
– Негізгі жүйелік мәселелердің бірі – университеттерді қаржыландырудың төмен деңгейі. Жалпы, бізде материалдық-техникалық базаны, оқу зертханаларын және инфрақұрылымды дамытуға мемлекет тарапынан бөлінетін мақсатты қаржы жоқ. Ғимараттарды, құрылыстарды, жатақханаларды күтіп ұстау қаржылық шығындарды талап етеді. Сонымен қатар оқу-зертханалық жабдықтар да жаңартылып тұруы қажет. Негізінен, университеттердің бюджеті студенттердің мемлекеттік грантынан және ақылы негіздегі оқудан түскен қаражат есебінен қалыптасады. Сондықтан біздің университеттердің жылдық бюджеті шетелдік университеттермен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Университеттер бюджетінің шамамен 70%-ы еңбекақы төлеуге жұмсалатынына қарамастан, оқытушылардың орташа жалақысы басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Нәтижесінде, жалақының төмендігі отандық не шетелдік жоғары білікті оқытушыларды біздің университеттерде жұмыс жасауға ынталандырмайды.
Тағы да бір маңызды мәселелердің бірі – ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру деңгейінің төмен болуы. Университеттердің тек ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсайтын қаржылық ресурстарының үлесі: жалпы бюджеттің 1-5% шамасында. Бұл, әрине, төмен көрсеткіш.
Тағы бір мәселе – барлық университетте орын алатын жағдай жаңа толқынның ескі буынды алмастыруы. Босаған жұмыс орындарын дер кезінде тәжірбиелі, ғылыми атағы және дәрежесі бар мамандармен толықтыралмайды.
– Сөз арасында мамандарға, яғни кадр мәселесіне қатысты пікіріңізді айтып қалдыңыз. Сонда бұл мамандар жетіспеушілігі ме немесе олардың біліктілігі талапқа сай емес пе? Олай болса тығырықтан шығу үшін қандай ұсыныстарды атар едіңіз?
– Біздің университеттердегі кадр дайындау сапасының тиісті дәрежеде болмауы – білім беру бағдарламалары мазмұнының заманауи талаптарға жеткілікті деңгейде сай келмеуі. Қазір түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы үшін, біздер студенттерге тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар кәсіби қарым-қатынас дағдысын, шығармашылық ойлау қабілетін, сыни ойлау деңгейін арттырып, шешім қабылдауға және өзін-өзі дамытуға үйрету қажет.
Менің ойымша, біздің университеттерге жоғары білікті мамандарды тарту үшін жалақы деңгейін көтеру керек. Бұл мәселені шешіміне білім беру гранттарының санын азайтып, құнын арттыру арқылы қол жеткізуге болады.
Гранттарды бөлудің қазіргі үлгісі бойынша абитуриентке белгілі бір университетті таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Ал грант иегерлерінің көпшілігі Нұр-Сұлтан және Алматыда орналасқан университеттерді таңдайды. Алайда бұл университеттер барлық талапкердің оқуға қабылдануын қамтамасыз ете алмайды. БҒМ грант бөлу жүйесінде университет қабылдай алатын студенттердің санын ескере отырып, грант иегерлерін қабылдау жүйесін өзгертуді ұсынамыз.
– Мемлекет басшысы осы жылдың шілде айында 20 озық жоғары оқу орны құрылатындығы туралы жариялады. Бұл туралы не айтасыз?
– Жақында Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қуатты өңір – қуатты ел» ұранымен өңірлерді дамыту қажеттігін атап өтті.
Осы орайда біздің жоғары оқу орындарымыз аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаруы керек. Біріншіден, университеттер – бұл экономика мен әлеуметтік салалардың барлығы үшін кадр даярлайтын негізгі орта. Екіншіден, университетте жасалған ғылым мен инновация аймақтың инновациялық әлеуетін арттырады. Университеттер ғылым мен білімді дамыту орталықтары ғана емес, сонымен бірге жаңа идеялар пайда болатын және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешетін интеллектуалды орталықтар болуы керек. Сондықтан күшті аймақтарды қалыптастыру шарттарының бірі – өңірлерде мықты университеттер құру.
– Болатбек Серікбайұлы, сіз соңғы 20 жыл бойы Білім және ғылым министрлігінде, мемлекеттік басқару салаларында жауапты лауазымды қызметтерде жұмыс істедіңіз. 2018 жылы маусым айында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ректор болып тағайындалдыңыз. Сіздің ойыңызша, осы университеттің қазақ-түрік достығын дамытудағы маңызы мен Қазақстандағы білім жүйесін дамытудағы рөлі қандай?
– Иә, дұрыс, өткен жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың қолдауымен ХҚТУ-ға ректор болып тағайындалдым. Көпшілік жақсы біледі ХҚТУ 1992 жыл Елбасымыздың бастамасымен сол кездегі Түркия Премьер-министрі – С.Демирелдің қолдауымен халықаралық келісім арқылы құрылған. Екі бауырлас елдің басшыларының Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін түркі әлемнің рухани астанасы – Түркістанда құруы тарихи оқиға, саяси кемеңгерлік, аталарға тағзым деп бағалауға болады. Ал менің ойымша, оқу ордамыз – қазақ-түрік достығының символы.
Университет құрылған уақыттан бері заманауи кампус қалыптасып, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Университеттің дамуы әрдайым екі елдің басшыларының назарында. Қазіргі кезде оқу ордамызда 10 мыңнан астам білім алушы бар. Атап айтқанда, 19 елдің 40 ұлтының өкілдері бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша 11 факультетте білім алуда. Университетте бір мыңнан астам оқытушы-профессор құрамы жұмыс істесе, олардың 5% – Түркиядан келген оқытушылар. Жалпы, ғылыми дәрежелілік 45% құрайды. Сонымен қатар 6 ғылыми-зерттеу институты, 4 ғылыми журнал жарық көреді.
– Сіз ХҚТУ-да ректор ретінде бір жыл жұмыс істедіңіз. Осы бір жыл ішінде университетті дамытуға бағытталған негізгі жұмыстарды атап өтсеңіз?
Білім беру бағдарламаларына Fintech, Big Data, Artificial Intelligence (жасанды интеллект), Blockchain, Cybersecurity (киберқауіпсіздік), Data mining (деректерді терең талдау) секілді жаңа элементтер енгізіле отырып, IT және экономикалық мамандықтар бойынша толық, ал басқа мамандықтар шамамен 30%-ға жаңартылады. Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі құрылды.
Университетте төрт тілде (қазақ, түрік, ағылшын және орыс) білім беруді дамыту мақсатында Тіл үйрету орталығы құрылды.
Бүгін алдыңғы қатарлы университеттер құру міндеті түркі әлемінің барлық елінің күн тәртібінде. Бұл тақырып жақында университетімізде өткен Түркі университеттері одағының кезекті жиынында талқыланды. Форумға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, сонымен қатар Венгрия мен Өзбекстанның 23 жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Талқылау нәтижесінде түркі әлемі университеттерін халықаралық рейтингте бірлесіп алға жылжыту үшін ортақ ғылыми және білім беру кеңістігін құруды қолдады.
Жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынасты нығайтудың арқасында түлектерді жұмысқа орналастырудағы жағдай айтарлықтай жетілдіріліп, жұмысқа орналасу деңгейі 76% жеткізілді.
Әкімшілік-басқару қызметкерлерінің саны екі есеге қысқарып, коммуналдық шығындар 40%-ға төмендеді, үнемделген қаражат материалдық-техникалық базаны дамытуға және оқу-зертханалық жабдықтарды 30%-ға жаңартуға мүмкіндік берді, 5 студенттік жатақхана жөндеуден өткізілді. Университет стратегиясында кадрлардың біліктілігін жетілдіру мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Қызметкерлердің кәсіби құзыреттіліктерін үздіксіз дамыту мақсатында халықаралық және отандық тәжірибе негізіндегі фасилитация, модерация, коучинг, тренинг, кейс-стади, brainstorming және т.б. әдістерін қолданатын арнайы бағдарламасы іске қосылды.
– Сіздің ойыңызша университеттердің серпілісті дамуы үшін не қажет?
– Университетті әлемдік деңгейге жеткізудің негізгі бағыттарының бірі ғылым мен инновацияны дамыту болуы керек. Жетекші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, инновациялық инфрақұрылымның толық циклын құру қазіргі ғылым мен инновацияның дамуына айтарлықтай әсер етеді. Бұл – 3.0 университетін құрудың басты көрсеткіші. Осыған орай 2018 жылдың маусымында Технологияларды коммерцияландыру (трансферті) офисін аштық. Нәтижесінде, оқытушылар мен студенттердің ғылыми белсенділігі артты. Университетіміз ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша төрт грант және Дүниежүзілік банктің 130 оқытушыны ағылшын тіліне оқыту грантын иеленді. Сондай-ақ биыл 30-ға жуық ғылыми жоба Түркияның қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады.
Ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі едәуір артып, халықаралық Scopus базасындағы мақалалар саны 30%-ға артып, 600 мақалаға жетті. Scopus базасына тіркелген Bilig ғылыми журналы жарық көреді. Жалпы, бір жыл ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың университет бюджетіндегі үлесі 2%-дан 8%-ға дейін артты.
Ғылымның және инновациялық инфрақұрылымның толық циклі дамуының келесі кезеңі – ғылыми технопарк құру. Бұл тұрғыда, Түркияның жетекші университеттеріне қарасты технопарктердің сәтті тәжірибесін атап өту қажет. Университетте түркиялық тәжірибеге негізделе отырып технопарк құру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпылай алғанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі бұл өзгерістер алдыңғы қатардағы университет болуға бағытталған іс-шаралар. Менің ойымша, ХҚТУ-дың қарқынмен жүргізіп жатқан күрделі трансформация тәжірибесін еліміздің барлық университетін дамытуға қолдануға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тельман БЕЙСЕН