Елбасы Абай шыңына көтеріліп, ақын рухына тағзым етті

Елбасы Абай шыңына көтеріліп, ақын рухына тағзым етті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Aiqyn газетінде жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласының мемуарлық, философиялық, тарихи-саяси мәні өте тереңде жатыр. Елбасының Абай шығармасына көп көңіл бөлетіндігін мына сөздерінен анық аңғаруға болады. 2012 жылы Түркістан қаласында өткен жиында Тұңғыш Президент: «Біздің діни-идеологиялық танымымыз – Ясауи, гуманистік көзқарасымыз – Абай, патриоттық тәрбиеміз – Б.Момышұлы шығармашылығына негізделу керек» деп нақты айтқан болатын.

Бүгінгі Елбасы мақаласының тарихи құндылығы – хакім Абайдың ілімін, ұрпақтар сабақтастығы ретінде жалғастыра отырып, тәуелсіз елдің ұрпағына аманат ету. Мақалада – қазақ халқының көне дәуірі, қазақ хандығының ыдырауы, халықтың өз жерінде бодандыққа түсуі, Кеңес империясының саяси мәні жан-жақты талданады. Ықылым заманнан келе жатқан тәуелсіз жас мемлекеттің негізін салу идеясы, тәуелсіздік арманы ХХІ ғасырда хакім Абай ілімімен қаруланған Елбасы саясатының өміршеңдігін айқындады. Елбасы Абайды танудың алғашқы баспалдақтарына бесікте жатып есіткен ана әлдиі мен балалық шағында тыңдаған қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі қиссалар мен аңыз-әңгімелерді жадына сіңіріп өсу арқылы қадам басқан еді. Абай әлеміне деген құштарлық осылай басталған еді. Ғасырлар тоғысында даналар туылады. ХХ-ХХІ ғасырлардың дарабоз тұлғасы Тұңғыш Президент Семей полигонын жауып, еліміздің астанасын көшіріп, мемлекеттік шекараны бекітіп, жер бетінде теңдесі жоқ институт саналатын халық ассамблеясын құрып, Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп және Түркістан қаласын рухани астанаға айналдырып, облыс орталығына көшіру сынды дүниелерді жүзеге асырды. Иә, бұл мәселелер өз кезегінде тарихи шешімін тауып, ұлттық руханиятымыздың дамуына тың серпілістер берді. Мақалада Тұңғыш Президент халқымыздың және өскелең ұрпақтың Абайдың «Толық адам» идеясымен өмір сүруіне бағыт-бағдарлама беріп отыр. Елбасы бірлікті ту етіп, хакім Абайдың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл һәм жылы жүрек» идеясы негізінде өмір сүруге үндейді. Бұл бүгінгі Абайдың «Толық адам» ілімінің негізі. Бұл туралы Абайдың: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек, – деген сөздеріндегі нағыз «Толық адам» ілімінің нәрін бойына сіңірген Елбасы осы идеяны мақаланың негізгі өзегі еткен. Сонымен қатар бүгінгі қазақ қоғамы және бүкіл Түркі руханияты үшін «Толық адам» ілімін насихаттайтын ұлы Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасын негізге алған. Елбасының тағылымға тағзым мен халықтың ұлттық санасын көтерудегі мәні мен мазмұны терең мақалалары негізінде қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет Абайдың «Толық адам» ілімінің темірқазығына айналған «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясы жасалып шықты. Міне, мұндай еңбектердің барлығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны айқын. Бұл жұмыстар Тұңғыш Президент айтып өткен «Абай аманатына» адалдықтан туындайтын дүниелер. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы мақаласында ғылым туралы да ой толғайды. «Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде, «...көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті» дейді. Иә, ғылым – бүкіл өркениет атаулының өзегі, мемлекеттің тұтқасы мығым, тұғыры берік болуы үшін ғылымның алатын орны бөлек. Бұл туралы ұлы Абай: Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ, Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек. Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз, Ғылым – сол үшеуінің жөнін білмек, – деген сөзінен ақ бүгінгі жаһандану дәуіріне қажетті ғылыми креативті ой қозғағанын анық аңғаруға болады. Бұл мақаланың негізгі мәні сонда тәуелсіз еліміздің болашағына аса мән беріп, мақаланың тарихи-мемуарлық мазмұнын келесі ұрпаққа аманат етуде. Абай өсиет еткен ізгіліктер, Абай шығармашылығы Тәуелсіз еліміздің тұғырлы болу жолында Елбасының ұлт бірлігі, ұлтаралық татуластық, сабақтастық ұлт құндылықтарын сақтауда саяси ұстанымы болды. Уақыт бір орында тұрмайды, өзгереді, сонымен қатар адамдардың да көзқарасы өзгереді, бірақ ХХІ ғасырда өз білімі мен ғылымын дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелетіні анық. Бұл дүниежүзілік алпауыт елдермен қатар тұратын мемлекетіміздің лигитимділігін, ұрпақтар сабақтастығын кейінгі буынға мұра етіп отыр. Елбасы Абайдың: Бас-басына би болған өңкей қиқым Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын, – деген сөзін меңзей отырып, елді бірлікке шақырып, мәңгілік ел идеясына үндеп отыр. Интернатта оқып жүрген қазақ балалары бүгінгі тәуелсіздіктің арқасында «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің әр тараптарындағы озық жоғары оқу орындарында білімін алып, елге қызмет етуде. Елбасы айтқан «Абай аманатын» дәріптеп, жас буынның рухани талғамын қалыптастыру жолынан қалыс қалмайық, аманатқа адал болайық, ағайын!

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің ректоры т.ғ.д. профессор, ҚР ҰҒА академигі.