Қаражат бар, нәтиже жоқ

Қаражат бар, нәтиже жоқ

«Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мембағдарламасының биылғы 9 айдағы қорытын­дылары шығарылған Үкімет үйінде өткен кеңесте вице-премьер Бердібек Сапарбаев оны жүзеге асыруға жауапты шенділердің тірлігін қатаң сынға алды. «Қаражат бар, нәтиже жоқ!» деді Сапарбаев.

Елбасы мен Мемлекет бас­шысы Үкіметтің басты міндеті деп «халықты жұмыспен қамтуды» белгіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2017 жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру аясында барлығы 52 901 адам, соның ішінде биыл 21 854 адам оқуға жолданғанын хабарлады. Алайда оқу курстарын бітірген­дердің көбі кейін екі қолға бір күрек таба алмайды.

Жұртшылықтың наразы пікі­ріне құлақ түрсек, бұған оқыту сапасының төмендігі де себеп: мәселен, жұмыссыз­дардан бағдар­ламашылар даярлағанда, оларға мамандықтың қыр-сырын, айта­лық, қалай сайт жасап, оны сауат­ты жүр­гізу керегін үйретпейді. Тек компью­терді қарапайым пайда­лануды біліп шы­ғады. Салдарынан, бюджеттен қаржы­лан­дырылатын курсты бітірушілер нарықта кең сұранысқа ие болар маманға ай­налмайды, жұмыс берушілер кө­ңілінен шықпайды.

Проблеманың барлығын ше­неуніктер де біледі: Еңбек министрі білім алушыларды жұмысқа ор­наластыру мәселесі өзекті болып қалғанын растады: 4 246 түлектің тек 3 250-і немесе 76,5%-ы жұмыс­қа орналасқан. Жұмыспен қамту деңгейі Алматы және Жамбыл облыстарында төмен.

Кадрларды қысқамерзімді дайындау курсынан 41 180 адам өткен, бұл жылдық жоспардың 69%-ы ғана. Аутсайдерлер қата­рын­да Маңғыстау облысы (жос­пардың небәрі 39,5%-ы), СҚО (50,4%), Түркістан облысы (51,1%), Нұр-Сұлтан (51,8%) және Шымкент (55,4%) қалалары бар.

«Қысқамерзімді оқудан өткен 20 мың азаматтың тек 11 мыңы ғана жұмысқа орналасқан» деді Б.Нұрымбетов.

Тағы бір сорақысы сол, сан көбейту үшін бе, әлде сапасыз бі­лім кесірінен бе, кім білсін, бұрын оқы­ғандар қайтадан оқытылады екен.

– Қатысушылардың жалпы санында қайта оқытылғандардың үлесі жоғары болып отыр. Мә­селен, 2017-2018 жылы 109 мың адам оқуға жіберілді, оның ішінде 1,8 мың адам екі немесе одан да көп рет курстан өтті. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны екі жылда төрт рет, ал Атырау облысының тұрғыны бір жылда үш рет оқытылған. Тағы бір сұрақ: біз кімді оқытамыз және олар қалай жұмысқа орналасады? Орта есеп­пен республика бойынша оқуды аяқтағандардың 57%-ы ғана өз мамандығына сәйкес жұмыс іс­тейді. Сондықтан мамандықтарға деген сұранысты ескере отырып, оқытуды түзету қажет, – деді Біржан Нұрымбетов.

Кәсіпкерлікке оқыту да сынға ілігіп жүр. Қомақты ақыға шақы­рылатын жаттықтырушылар мен мотиваторлар «бизнес құпия­ла­рымен, практикалық тәжірибемен көп бөліспейді, жөн-жосық көр­сет­пейді, орнына қайдағы бір жа­лаң, «рух шақырар» сөздермен шек­теледі. Видеосын кейін әлеу­меттік желіге салу үшін тосын оқиғаларын әңгімелеуге құмар» деген шағымдар естіліп қалады. Бұған қоса, бітірушілерге бизнес ашу үшін берілетін қолдау қаржы жетіспейді.  

Министр «Бастау бизнес» жо­басының аясында 45 мыңнан астам азамат кәсіпкерлік негіздерін үйренгенін мәлім етті. Соның небәрі 27 мыңнан астамы ғана өз­дерінің бизнес-жобаларын қор­ға­ған. Бірақ тек 8 мыңы ғана гранттар мен шағын несиеге қол жеткізіпті. Ең төменгі көрсеткіштер – Алматы (2,3%), Шымкент (11,3%) қала­ларында және Түркістан облысын­да (7,1%).

11,2 мың адам өз ісін ашуға арналған қайтарымсыз мемле­кеттік грант иегерлері атанды. Оның ішін­де жастары – 6,8 мың, аз қамтыл­ған­дары – 1,5 мың, көпбалалы от­басылар – 205 адам. Ең аз гранттар Нұр-Сұлтанда берілді: жылдық жоспардың бар-жоғы 2,2%-ы (49 адам). Ұқсас жағдай Алматы мен Шымкент қалаларында байқалады.

Б.Сапарбаев бөлінген бюджет қаражатының нашар игерілгенін атап өтіп, бағдарламаны сапасыз орындағаны үшін өңірлерді сынға алды.

– Әкімдердің осыған жетек­шілік ететін орынбасарлары тара­пынан бақылау жоқ. Осы жұмысқа формалды түрде қарайсыздар. Бұған дейін «ақша жоқ» деген шағымдар айтылды. Ал қазір ақша бар, бірақ нәтиже жоқ. Еңбек министрлігіне бұл жұмысты күнде­лікті бақылауға алып, оны жүзеге асырудың тиімділігіне талдау жа­сауды жүктеймін. Жыл соңына де­йін аз уақыт қалды. Демек, ел бас­шылығы тапсырмаларын са­палы орындау үшін жұмысты ­жан­дан­дыру қажет, – деп түйді Үкімет басшысының орынбасары Б.Са­парбаев.

Айтқандай, Парламент депу­таттары елде жүзеге асырылған барлық еңбекпен қамту бағдар­ламаларының тиімділігіне талдау жасайтын болды. Мәжіліс депу­таты Г.Қарағұсованың байла­мынша, халықтың кедейленуіне қаптаған еңбекпен қамту бағдар­ламаларының қыруар қаржы шығындағанымен, еш жетістікке жетпеуі кінәлі.

– Бұл салада теңдесі жоқ мас­қара жағдай орнауда. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттің әлеуметтік көмегіне зәру адамдар саны дәл қазіргідей ауқымда ешқа­шан болған емес! Елімізде небәрі 8 миллиондай ғана еңбекке қабі­лет­ті адам бар. Ал АӘК ала­тындар са­ны 1,8 миллионға жет­кен. Мен Ең­бек министрі лауазы­мынан кет­кен 2007 жылы елдегі жағдай бұдан да сорақы болатын, ол кезде жұмыс орындары да, қаражат та болмады. Бірақ біз әлеуметтік көмек алу­шылар қата­рын 1,5 миллионнан 500 мыңға дейін азайта алдық. Одан бергі еңбек бағдарламаларының жемісі қайда? – дейді депутат.

Гүлжан Қарағұсова тәуелсіз­діктің отыз жылдай кезеңінде мемлекеттің азаматтарды оқытуға, микрокредиттер таратуға мил­лиард­таған ақша жұмсағанын еске салды. Индустрияландыру аясын­да 1,2 мың кәсіпорын ашылды. Қай­тарым қайда? Бұл масқараға кім жауап береді? Сондықтан Мә­жі­ліс депутаттары Үкіметтен 1991 жыл­дан бері еңбекті ынталандыру және жұмыспен қамту бағдарла­ма­сына қанша бюджет қаржысы шы­ғындалғаны, қанша микрон­е­сие берілгені, қайтарымы қандай екені туралы ақпаратқа сұрау салды.