ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли 2019 жылдың 9 қазанындағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына түсіндірме берді.
"Кейбір Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері маған Мемлекет басшысының 2019 жылдың 9 қазанындағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына түсіндірме беру жөнінде өтініш жасады.Осы құжат БАҚ беттерінде түрлі пайымдар мен пікірлер туғызды. Менің ойымша, бұл Президенттің «кезекті» Жарлығы. Бұл құжатқа 2018 жылғы шілдеде қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылды. Аталған алқалы органның өкілеттілігін күшейту заңға сәйкес қарастырылады. Ал оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өмір бойы басқарады.
Мемлекеттің лауазымды тұлғаларын тағайындау туралы келісім тәртібі іс жүзінде Президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді. Елбасының өзі «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында: «Тоқаев менімен ақылдасады. Бірақ өзі шешім қабылдайды» деген болатын. Президент Конституция бойынша еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы және ол Үкіметті жасақтайды. Мемлекет басшысы – облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жергілікті мәслихаттардың келісімдерімен тағайындайтын жоғары лауазымды тұлға. Сондай-ақ Президенттің құзыреті Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-48 баптарында анық көрсетілген", - деп жазды Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында.