Шамсутдинов 8 әскериді неге жайратып тастады?

Шамсутдинов 8 әскериді неге жайратып тастады?

25 қазан күні Ресей армиясында елді дүр сілкіндірген қанды оқиға болды. Забайкалье өлкесі Горный ауылындағы 54160 бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан Рамиль Шамсутдинов есімді қатардағы сарбаз 8 бірдей жауынгерді атып тастаған. Тағы екі адам ауыр жараланған.

Сарбаздың әкесі Сәлім Шамсутдиновтың айтуынша, ол оқиға болғанға дейін ұлымен әрдайым хабарласып тұрған. Бірақ соңғы уақытты жауынгердің көңіл-күйі орнықты емес екенін байқаған.

          «Алдымен оның телефоны жоғалды. Кейінірек телефонын сындырып алғанын айтты. Сосын басқа біреудің нөмірімен хабарласты. Бір апта бұрын ғана келісімшартқа қол қойғалы жатқанын, сол үшін қажетті құжаттарды жіберуді сұрады. Алайда сол кезде оның дауысы өзгеріп тұрғанын аңғардым. Бір нәрсе болғанын сездім» дейді әкесі.

          Сәлім Шамсутдинов бұрын ІІМ басқармасында жұмыс істеген, «сондықтан әскери жүйенің қалай жұмыс істейтінін білемін. Ал оқиғаға себеп болған жағдай – әскердегі күш көрсету» дейді ол.

          Әскерге Татарстаннан шақырылған Рамиль істеген әрекеті үшін еш өкінбейтін көрінеді. Ол арнайы жасақ өкілдеріне бірден берілген. Оның оғынан аман қалған куәгерлердің сөзінше, Шамсутдинов лейтенант Пьянковқа және басқаларға жерге жатуды бұйырған. Сосын бірден ата бастаған. Қазір Чита гарнизонды әскери соты сарбазды екі айға қамауға алыпты. Сот шешімі бойыша ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

          «Не болуы мүмкін? Тек қана әлімжеттік, офицерлер тарапынан бақылаудың әлсіздігі. Олар болып жатқан барлық қорқыту, кемсітулерге көз жұма қарап келген» дейді сарбаздың әкесі. Ол сондай-ақ баласының жүйкесі тозған деген анықтаманы да жоққа шығарған. «Ол өте шыдамды. Ешкіммен ерегіске бармайды. Демек оны осы жағдайға дейін апарған болып тұр» дейді Сәлім Шамсутдинов.

          Оқиғаға орай белгілі журналист Марат Тоқашбаев желідегі парақшасында жазған.

          РФ Қорғаныс министрлігі «бұл әскери қызметке қатыссыз», «солдаттың жүйкесі тозған» деген себептер айтқанымен «Коммерсантъ» басылымы сияқты ақпарат көздері оқыс оқиғаға ұлттық негіздегі бейжарғылық қарым-қатынастар себеп болуы әбден ықтимал дейді.
Осыдан бұрынырақ әскери қызметін өтеген бір тюмендік азамат «бұл оқиға қаза тапқан аға лейтенанттың әрекетінен туындауы мүмкін» деген болжам айтады. «Бірнеше жыл бұрын мен әскери борышымды өтеп жүрген кезде ол қарауылға кетіп бара жатқан солдаттардан үнемі жейтін бірдеме сатып алуын талап ететін. Айналасындағылардың бәрін қорлайтын. Алғашқы қызметке кіріскен кезімде жарғыны жаттайсың деген желеумен төрт тәулік ұйқтатпай қойған» дейді ол. Тағы бір деректе Пьянков деген офицер алдында тазалайсың деп Рамильдің басын унитазға тығып езгілеген. Осындай қорлаудан жаны күйген жас солдат қарауылды өткізер тұста іштей ызадан қолындағы қарумен тізесі батқандарды жамсатып салса керек. Кеңес әскерінде пайда болған «дедовщина» орыс әскерінде әлі күнге жалғасып жатқаны айқын. Осындай сұмдық жайттар Қазақстан әскерінде де болып тұрады. Соның бірі – анық-қанығы әлі күнге айқындалмаған Челах қырғыны.

Мұндай мысалдар Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери жарғысы адамгершілік нормаларын басшылыққа ала отырып жасалу керектігін алға тартады» деп жазады танымал публицист.

Желіде Шамсутдиновке жоғары шенді әскерилер тарапынан жасалған дөрекі әлімжеттік туралы жиі жазыла бастады. Газет бетінде оның атын атап, түсін түстеп жату тым ерсілік боп кетер еді. Болжам бойынша, жас сарбаз намысынан аттап өтіп, арына тиген сондай жауыздыққа шыдамай кеткен. Сөйткен де жанындағыларды түгел жайратып салған. Ал РФ Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы жағдайды «тұлға арасындағы қайшылық» және «психологиялық бұзылу» деп бағалаған. Бірақ желіде түрлі пікір қалдырған азаматтар бұл жағдайға ұлт аралық араздықтың да қатысы болуы мүмкін деген көзқарас келтіреді. Шамсутдинов оқиғасы бізге де ой салып, сабақ болуға тиіс.