«Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят»

«Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят»

Елордада Қазақстан дінтанушыларының тоғызыншы форумы өтті. Форумға еліміздің әр өңірінен дін саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дінтанушы мамандар мен діни бірлестік өкілдері қатысып, ойларын ортаға салды. Төменде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың форумда сөйлеген сөзін беріп отырмыз.

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қымбатты форум қонақтары!

Бүгінгі жиынға шақырып, мінберге шығарып, сөз тізгінін ұсынған ұйымдастыру тобының жетекшілеріне өз алғысым мен ризашылығымды білдіремін.

Расында, дін – нәзік сала. Өйткені, адам баласы иманға жүрек қалауымен келеді. Ал дұрыс сенім – парасат пен прогресске, өркендеу мен көркем мінезге, игілік пен ізгілікке бастайтын қуатты күш.

Жуырда өткен ІІІ республикалық имамдар форумында бұл туралы айрықша атап өттік. Сондықтан, дұрыс діни көзқарас қалыптастыру – басты назарда.

Форум тақырыбы оңалту жұмыстарын жүргізуде дінтанушылардың рөліне арналған екен. Мен мәселеге бірден көшейін.

Ашығын айтқанда, дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі бейнебір археологтардың жұмыс бағытына сәйкес келетін аманаты үлкен сала.

Нәзік саланың мамандары, яғни археологтар мен имамдар жерді белден қазып, жұмысты өндіріп жасайын десе, топырақ астындағы тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алатыны ақиқат.

Рухани мұраны аршып-алуға сабыр мен төзім, ұқыптылық пен тиянақтылық қажет. Адам санасын оңалту да осындай: жылдармен жинақталған түйсіктегі теріс діни түсінікті күндермен, яки айлармен түзете алмайсың.

Имамдармен жиі болатын жеке кездесулерімде «деструктивті ағымдағы азаматтарға түсіндіру жұмыстарында терапевтің тәсілін қолданыңдар» деп бағыт-бағдар беретінім сондықтан. Расында, сана түзелсе – адам түзеледі. Халық даналығында айтылатын: «Бала бер, бала берсең – сана бер», – деген сөздің астырында ұлағатты ұғым жатыр.

Діни салада бірнеше жыл еңбек өтілі мен тәжірибесі бар азамат ретінде айтайын: оңалту жұмыстарында тиімді тәсілдің бірі де бірегейі – оның қуанышы мен қиындық сәттерінде бірге болу. Сұхбаттасу тәсілі достыққа жетелейді.

Мұны психология ғылымы «сұхбаттасушының жағдайына ену» деген ұғыммен түсіндіреді. Ал Ислам діні бұдан да биік көркем амалға үндейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін өзіне қалаған игі жақсылықты өзге адамға қаламайынша шынайы иманмен қауыша алмайды», – деген.

Қостанай облысында бас имам болып қызмет етіп жүргенде деструктивті ағымға алданған азаматтарға моралдық һәм материалдық тұрғыдан жүйелі түрде көмек көрсеттік. Жанашырлық сезім нақты амалмен үйлеспесе – нәтиже бермейді.

Имамдардың тілеулестік ниетін таныған сол азаматтар қатарымызға қосылып, радикалды райынан қайтты. Осылайша, сұхбаттастық – достыққа, достық қатынас – бауырмалдық байланысқа ұласты. Мұндайда «Кісі өз досының дінінде», – деген пайғамбар тәлімі ойға оралады.

Құрметті қауым!

Бүгінде білімі мен тәжірибесі толысқан имамдардың жанқиярлық жұмыстарының арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізбен қауышып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өзінің күнделікті сан-салалы қызметі барысында басты 4 бағыт бойынша жұмыстарының бірі ретінде деструктивті ағымдарға түсіндіру шараларын бір сәтке де тоқтатпайды.

Оңалту шараларына қатысты тағы бір тәсіл – тарихпен тәрбиелеу. Тарих дегеніміз – адамзатттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят», – деген тәлімді сөз айтқан.

Діни басқарма «Дін және тарих тағылымы» игі бастамасын одан ары жаңғыртып, жамағатты тарихтан алар сабақтармен сусындатып келеді. Салт пен тарихи санаға, әдет пен ғұрыпқа шекеден қарап, теріс көзқарасқа алданған діни ағымдар үшін арнайы жобаны қолға алдық.

Мақсатымыз – деструктивті ағым өкілдерінің тарихи әрі киелі жерлерге сапарын ұйымдастырып, тарихи санасын жаңғырту. Жуырда Ақтөбеден арқа төсіне келген біртоп жамағатпен жүздесіп, бірнеше сағат сұхбаттастым. Елдік мұрат, тарихи сана, бірлік пен бейбітшіліктің қадірі туралы дәріс оқыдым. Емен-жарқын әңгіменің нәтижесінде олар да өз ойын ортаға салып, пікірлеріміз бір арнаға тоғысты.

Шынтуайтына келгенде, кешегі батырлар мен ізгілердің ізін басқан ұрпақ ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы етеді. Сондықтан болар, имандылық бастауы болған ұят, ар-намыс, обал, сауап, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында ғибратты ғұрыпқа айналды.

Қымбатты форум қонақтары!

Осы ретте бірнеше ұсыныстарымды ортаға салуға рұқсат етіңіздер!

Біріншіден, «Тарих және діни сана» жобасын бірлесе жүзеге асыруды ұсынамын. Тарихи нысандар мен орындарға жасалатын жоспарлы сапар жамағаттың таным көкжиегін кеңейтіп, интеллектуалдық деңгейін арттырады. Бұл ретте Түркия тәжрибесін алуға болады.

Екіншіден, қоғамның ағартушы тобына жататын имамдардың жанқиярлық қызметін ескеріп, оларға әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасалса. Әсіресе, 100-ге жуық түзеу мекемелерінде жұмыс жасайтын дін қызметкеріне тұрақты жалақы тағайындалса. Бұл адам тағдырына жуапкершілікпен қарап, есеп үшін емес, елдің игілігі жолында қызмет етіп жүрген дін қызметкеріне көрсетілген қамқорлық, әділ баға болар еді.

Үшіншіден, ақсақалдар институтының рөлін күшейту – маңызды мәселе. Біз – қарияның дуалы сөзіне қарсы уәж айтпаған халықпыз. Бұл – санаға сіңген салтымыз. «Қой дейтін қожа» бола білген қаншама қарияларымыз жат ағамға кеткен жастарға насихат айтып, тәрбиесін түзеп келеді. Осы бағытта облыстық мешіт жанындағы Ақсақалдар алқасы мен ауыл, аудандағы билер кеңесі үлкен құрал бола алады.

 Серікбай қажы ОРАЗ, 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти