Сыра жарнамасына тыйым бар

Сыра жарнамасына тыйым бар

Елге келіп жатқан қауіпті өнімдер легін тоқтату керек. Мәжіліс спикері Нұр­лан Нығ­матулин­нің төрағалығымен өткен палатаның жалпы оты­ры­сында депутаттар «Тех­никалық реттеу» туралы және оған ілеспе заң жо­баларын бірінші оқылымда ма­құл­дады. Мәжіліс төрағасының бай­ламынша, ол қазақстандық нарықты сапасыз тауар­лардан қорғауға ба­ғытталған.

– Ең бастысы, өнім қауіпсіз болуы керек. Басқа мә­се­лелерді, мысалы өнім­ді таңбалауды кәсіп­кер­лердің өзі шешуге мүмкіндігі бар. Ол үшін тауарды қай­­тару­ға немесе өткізбеуге жол бермеу керек. Се­­бебі бұл кәсіпкерлерге үлкен шығын кел­тіреді, – де­ді Нұрлан Нығматулин. Заңнамалық жаңашылдықтардың бі­ріне сәйкес, мемлекеттік бақылау қа­зір­гідей тек өнімді сату са­ты­сымен шек­тел­мейді, енді өнімге ел аумағына ен­­гі­зілуі кезінде бақылау жасалмақ. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, өнімді әкелу кезін­дегі мемба­қы­лаудың енгізілуіне және осы про­цестің цифр­ландырылуына байла­ныс­ты Техникалық реттеу комитеті ба­қы­лаушыларының тікелей шекара-ке­ден­де отыруының қажеттілігі болмай­тын көрінеді. «Яғни, қосымша ресурстар қажет етіл­­мейді. Бұл да оңды жайт. Мұны тұты­ну­шыларымызды және ішкі нарықты қауіпті өнімдерден қорғауға бағыт­талған жақ­сы қадам деп санаймын», – деді ол. Талқылау барысында Мәжіліс депу­тат­тары ІІ оқы­лымға дейін пысықтауды талап ететін бірқатар мә­селеге Үкімет мү­шелерінің назарын аудартты. Бұл өнімді тәркілеу шараларына қатысты: он­дай қауіп­ті заттарды жою, қайта өңдеу немесе шетелге кері апару шараларының шы­ғысын кім көтереді? Бұған қоса, депу­таттар заң жобасында техникалық рет­теу­дің ұлттық тізілімінің Еуразиялық одақ­тың деректер базасымен байланысы жо­ғын да атап өтті. Сонымен қатар жалпы отырыста ақ­парат мәсе­лелеріне қатысты заң жобасы ма­құлданды. Құжат те­лерадио хабар­ла­рын тарату, ақпаратқа қол жет­кізу сала­сындағы заңнаманы жетілдіруді, сондай-ақ отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілет­тілігін да­мытуды көздейді. Заң жобасы­ның басты бір жаңа­лығы сол, Қазақстанда отандық сыра мен шарапты ақ­парат құрал­дары арқылы жарнамалауға рұқсат еті­леді. Яғни, осыған 2004 жылдан бері қойы­лып кел­ген тыйым жойылады. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік ақ­параттық тап­сырыстың, әсіресе жер­гілікті деңгейде орындалу са­пасын арт­тырудың маңызына екпін түсірді. Олар­дың айтуынша, мемтапсырыс кезінде мем­лекеттік бағдарламалар және оларды жүзеге асыру барысы туралы халықты ақ­параттандыру – басым­дық болуы тиіс. Әйтпесе, «өңір әкімі мемтапсырысты өзі­нің жеке пиарының құралына айнал­ды­рып алды». Құжатта ақпаратқа қол жеткізу сала­сындағы уә­кілетті органды айқындау жә­не оның құзыретін бе­кіту, сондай-ақ мем­ле­кеттік функцияларды орын­дау­шы­ларды – кәсіпкерлік субъектілерін, өзін-өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйым­дарды ақ­парат иеленушілерге жатқызу ұсынылады.

Айхан ШӘРІП