Семей қаласының әуежайына Абай есімін беру туралы ұсынысты Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары қолдады.
«Семей қаласының әуежайына Абай есімін беру туралы және Семей қаласының білім беру мекемелеріне танымал тұлғалардың аттарын беру облыстық ономастикалық комиссияда мақұлданып, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары тарапынан қолдау тапты. Құжаттар республикалық ономастика комиссиясына жіберілді» делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Өскемендегі гуманитарлық колледжге Абай есімі берілуі мүмкін. Облыстық мәслихаттың депутаттары республикалық ономастика комиссиясына осындай ұсыныс жіберді. Сондай-ақ аймақ көлеміндегі тағы жиырмадан астам мектеп пен колледждің атауын өзгерту жоспарда бар.
Мәселен, Өскемен қаласындағы «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №38 гимназиясына» Лев Гумилев есімі, №39 орта мектепке Ыбырай Алтынсарин есімі берілуі мүмкін. Сонымен қатар шаһардағы бірқатар оқу орынына Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді ұлт зиялыларының есімімен беру ұсынылды.
Айта кету керек, келесі жылы еліміз Абайдың 175 жылдығын тойлайды. Мерейтойға орай облыс көлемінде 500-ден астам шара өтеді.