1) көшбасшының мінезі; 2) оның конституэнттерінің (жақтастарының, сайлаушыларының) сипаты; 3) көшбасшы мен оның конституэнттері арасындағы өзара байланыс; 4) көшбасшылық жүзеге асатын нақты жағдай.Жоғарыда көрстілген факторларды ескере отырып, М.Херманн көшбасшылықтың келесі түрлерін көрсетеді:
- «Ту ұстаушы» - белгілі бір жағдай бойынша өз ұстанымы бар, «өз арманы» бар, сол жолда артынан жақтастарын ерте алатын тұлға;
- «Қызметкер» - өз жақтастарының мүддесін жүзеге асырушы;
- «Саудагер» - сайлаушыларды өз идеяларын «сатып алуға» көндіретін, оған адамдарды сендіре алатын саясаткер;
- «Өрт сөндіруші» - белгілі бір қиын жағдайда келіп соны шешумен айналысатын көшбасшы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «ту ұстаушылық» стратегиялық көшбасшылығы
Егер Қазақстандағы саяси реформалаудың қазіргі заманғы процестерін халықаралық тәжірибемен байланыстыру тұрғысында қарайтын болсақ, онда тек мазмұндық жағына ғана емес, сондай-ақ реформаларды жүргізудің стратегиясы мен тактикалық тәсілдеріне де назар аударған жөн. 1991 жылғы 16 желтоқсанда егемендік алғаннан кейін Қазақстан өзінің ресми саяси бағыты ретінде реформаларды жариялады. Тәуелсіздік алумен бірге көптеген проблемамен бетпе-бет келген бұрынғы кеңестік жас республикалар стратегия ойластыруға ерте екеніне, алдымен күнделікті тіршілік қамын жеңе білу қажеттігіне назар аударады. Ал оларға қарама-қарсы көзқарас ұстана отырып, негізінен күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен айналысса да, 1992 жылдың басында Н.Назарбаев «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы» атты бағдарлама дайындауға кіріседі. Бағдарламаны әзірлеуге әртүрлі мамандар тартылып, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиясы 1992 жылдың 16 мамырында жарияланды. Бұл құжат Қазақстанның жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшетінін көрсетті. Жасы 50-ден жаңа асқан, амбициясы күшті Назарбаев 1994 жылы астананы ауыстыру туралы сол кезең үшін «ақылға сыймайтын» идея ұсынды. Жан басымен қайғы болып отырған ел үшін бұл «қияли» идея болды. Сол кезеңдегі депуттардың қарсылығын түсінуге болатын еді. Қазіргі күн белесінен сол кездерге көз тастайтын болсақ, рубльге тәуелді экономика, мемлекеттік бюджеті қаңырап бос тұрған, өндірісі құлдырған, арқа сүйетін армиясы құрылмаған, заңдары қабылданбаған, басқа ұлт өкілдері өз тарихи отандарына көз тігіп, қыр қазағы қалаға бет бұрып, ауыл қаңырап бос қалған аласапыран заман болған екен. Қазір әрине бұл идеяның қаншалықты қажет болғанын түсінеміз. Ал ол кезде бұл идеяны қабылдау өте қиынға соқты. Қазақстанды әлем елдері мойындай бастады, өз армиямызды құрдық, дербес валюта, конституциямыз және мемлекеттік нышандарымыз да қабылданды. Бұл кезеңде жүргізілген саяси реформалардың логикасына көз тастайтын болсақ, іс жүзінде парламенттік республикадан күшті президенттік республикаға айналған кезең болды. Әрине, сынаушылар бұл кезеңде Н.Назарбаев суперпрезиденттік басқару жүйесіне қол жеткізді деп айтады. Дегенмен де сол кезеңдегі қарқынды реформаларды жүргізу үшін президенттік басқару нысанының күшейтілуі өте қажет болды. Осы реформалардың арқасында кезек күттірмейтін мемлекеттік басқару шаралары орындалды. 1995 жылы жаңа Конституция жобасы жасалып, мемлекеттік құрылыс сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жарияланды. Президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын нақтылайтын ең жоғары лауазымды тұлғаға айналып, жоғары заң шығарушы орган - Сенат және Мәжілістен тұратын жаңа кәсіби парламент құрылды. Бұл алғашқы стратегияны «жан сақтау» стратегиясы деп бағалауымызға болады. 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессия сында сөйлеген сөзімнде ел дамуының алдағы жиырма-отыз жылға арналған бағдарламасын құруға тапсырма берді. 1997 жылдың 10 қазанында «Қазақстан-2030: барша қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты бағдарламалық қоғам стратегияны үлкен үмітпен күтті. «Қазақстан-2030» стратегиясының басты мақсаты – халқының әл-ауқаты жақсы, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы мығым тәуелсіз мемлекет құру болатын. Жаңа стратегия қоғамға, бизнеске дем берді, сондай-ақ әлемдік нарық сәт сайын құбылып тұрған кезде мемлекеттік сектордың өз бағыт-бағдарын айқындауына жәрдемдесіп, дағдарысқа қарсы тиімді құралға айналды. 2030 стратегиясында ұзақ мерзімге жоспарланған жеті негізгі бағыт бөліп көрсетілді. Олар: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның тұтастығы; қазіргі нарықтық қағидаларға сәйкес шетел инвестицияларының жоғары қарқыны және ішкі қорлардың көмегімен экономиканы одан әрі көтеру; денсаулық, білім беру мен қазақстандықтардың әл-ауқаты; инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; кәсіби мемлекетті нығайту болды. 1997 жылдың 20 қазанында Н.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» қаулыға қол қойды. Бұл қаулы «Қазақстан-2030» Жолдауын жария еткеннен кейін тура 10 күн өткен соң қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болды. 8 қараша күні қалаға Қазақстанның мемлекеттік символдарының эталондары: Мемлекеттік ту, Елтаңба және Президент байрағы салтанатты түрде әкелінді. Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады. Елорданы көшіру жаңа мемлекетіміздің өмір жолындағы маңызды белес болғанын айтуымыз қажет. Қазақстанның жаңа әкімшілік және саяси орталығының құрылысы бүкіл қоғамның, экономика мен қоғамның барлық салаларының дамуына жағымды әсер етті. Елбасы стратегиялық курсты қабылданғаннан кейін 10 жылдан кейін оны іске асырудың негізгі қорытындысын шығарған кезде: «... Біз үшінші әлемнің мемлекеті болудан бас тарттық... халықаралық әріптестермен сындарлы қатынастар; саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа негізделген аймақтық көшбасшыға айналдық» деген екен. Бұл стратегия Қазақсатнның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 экономиканың қатарына қосылу мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Реформалар тездеді, мемлекеттік билік нығайып, халықаралық ынтымақтастық жанданды. Мемлекет «ес жинап», алдына жаңа мақсаттар қоя алды. Әр дәуірдің өзіне тән стратегиясы болады. Елбасы 2012 жылғы 14 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан-2050» cтратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа стратегиясы» ұлттық тарихымыздағы жаңа дәуірдің қақпасын ашты. Жолдаудың негізгі қағидаты: «Қазақстан енді – қалыптасқан мемлекет». Қалыптасқан мемлекет қана алдағы көптеген онжылдықтарға бағытталған және тіпті тұтас ғасырды қамтитын стратегияны жүзеге асыруға қабілетті. «Мықты мемлекет – күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» – cтратегияда айтылған бұл сөздер оның алғышартын дәл айғақтайды. Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының ерекшелігі – даму мәселелерін теңгерімді және жүйелі түрде қарастырады. Оның негізгі экономикалық, әлеуметтік, саяси, дүниетанымдық бөліктері өзара байланысты әрі өзара сабақтас, ал біздің еліміздің одан әрі өркендеуін осы жеті басымдықтың тұтастығы қамтамасыз етеді. «Қазақстан-2050» стратегиясының негізінде барлығын қамтитын прагматизм қағидаты жатқандықтан, экономиканы және басқаруды қоса алғанда, барлық шешімдер экономикалық мақсатқа және ұзақ мерзімді мүдделерге сәйкестік тұрғысынан қабылдануы тиіс. Жалпы кез келген стратегияның табыстылығының өлшемі - оның іс жүзінде жүзеге асуы. Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған әр стратегия заман талабынан туындаған қажетті құжаттар болды. Әр стратегия жаңа бір модернизацияның негізіне айналды. «Қазақстан-2050» страгиясының орындалуы барлық қоғамның мобилизациясын қажет етеді. Бұл шараларды орындау науқаншылдықты емес, жүйелі жұмысты талап етеді. Осы стратегияның орындалуынан біздің болашағымыз байланысты болмақ.Президенттік биліктің эволюциялық транзиті
Осыдан 26 жыл бұрын, 1994 жылы Колумбия университетінің профессоры Эдвард Олворт Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бірқатар сұрақтар қойып, келесі жауаптарды алды: – Республиканың болашақ басшысы үшін қандай жеке қасиеттер мен қасиеттер аса қажет болады? – Интеллект, жоғары жалпы білім деңгейі, стратегиялық ойлау қабілеті, күшті ерік-жігермен өзін-өзі сынау қабілеті, тартымдылығы, тактикалық мәселелерді шешуде ымыраға келу қабілеті, әртүрлі этникалық топтар мен әлеуметтік топтардың психологиясын білу және түсіну, Кадрлық инстинкт. – Республиканың болашақ басшысы үшін қандай білім мен кәсіби дайындық аса қажет болады? – Саяси және экономикалық ғылымдар саласындағы, саяси психология және этнология саласындағы кең білім. – Болашақ көшбасшы Президент болғанға дейін қандай өмірлік тәжірибе мен еңбек қызметінен өтуі керек? – Жаңа экономикалық құрылымдардағы жұмыс тәжірибесінің, саяси қызмет дағдыларының, басқару саласындағы жұмыс тәжірибесінің, адамдармен қарым-қатынас тәжірибесінің болуы. Шын мәнінде, Елбасы өз жауаптарында саяси көшбасшыға қойылатын талаптардың жоғары деңгейін белгіледі. Осы сұрақтарға жауап бергеннен кейін 25 жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент лауазымынан өз еркімен бас тартқан уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевты болашақ мемлекет басшысы ретінде көргісі келетінін білдірді: «Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде жоғары бағаланды. Ол ел дамуының өте күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Қ.Тоқаев Сенат Төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің және заң шығару қызметінің дамуына мол үлес қосты. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін». Nur Otan партиясының 2019 жылы сәуір айында өткен съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туралы осылай деген еді. Бұл алдындағы өзі қойған талаптарға жауап беретін ізбасарды таңдау еді. Бұл Назарбаевтың кадрлық инстинкті. Соңғы бір жылдың ішінде еліміздің саяси, әлеуметтік өмірінде болып жатқан оң өзгерістер мен бастамалар бұл таңдаудың дұрыстығын тағы бір дәлелдеді. Қазақстанда ешқандай даңғаза, дау-дамайсыз, жоғары сеніммен, парасатпен, бейбіт түрде жүзеге асқан билік транзитін халық та, қоғам да терең түсіністікпен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жылдарын «Жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды» деп бағалаған болатын. Мемлекет басшысының ішкі, сыртқы саясаттағы айнымас стратегиялық ұстанымдары мен ел тағдырына қатысты көзқарас-пайымы, халықтың көңілінен шыққан бастамалары мен қадамдары сол тәуелсіздік кезеңіндегі даму, ілгерілеу саясатымен тығыз байланысып, үндесіп жатыр. Бұл – мемлекет басқарудағы Назарбаев моделінің, Елбасы жолының заңды, табиғи жалғасы. Сонымен бірге қазіргі кезде мемлекеттік билік өз негізін сақтай отырып белгілі бір жаңаруды қажет етеді. Тоқаев өзі бастаған реформалардың іргетасы ретінде саяси биліктің нақты формуласын ұсынған болатын: күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет. Билік институтының осы үштағаны бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі ауадай қажет. Бұл формула қазір де алдағы мәжіліс сайлауы өткеннен кейін сайлауы өткеннен кейін қажет формула.Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы