Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылының маңында тоғыз және алты жасар екі бала ойнап жүріп, суару каналында мұздың астына құлап көз жұмды. Оқиға 28 қарашада болған. Балалардың денесін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел-құтқару жасағының үш сүңгуірі тереңдігі 3 метр судан шығарды.
«Құрметті ересектер қауымы! Балаларыңызға абай болыңыздар! Мұз қатқан судың қаупі туралы балаларыңызға ескертуді ұмытпаңыздар. Балалардың бақылаусыз қалуына жол бермеңіздер. Су қоймасында ойнауына жол бермеңіздер. Оларды қараусыз қалдыру орны толмас өкінішке алып келуі ықтимал» деп ескертеді министрліктен.Мұз жаңа қата бастаған кезде мұз үстінде ойнауға, коньки тебуге тыйым салынады. Жұқа мұз қауіпті екені белгілі, адамның салмағын көтере алмайды.